Теннисші Елена Рыбакинаның Аастралияның ашық чемпионатының жартылай финалындағы қарсыласы анықталды.
Рыбакина Мельбурн корттарында 2012 және 2013 жылдары екі рет жекелей сында жеңіске жеткен Беларусь спортшысы Виктория Азаренкомен кездеседі.
Виктория Азаренко AusOpen чемпионатының екінші ширек финалында әлемнің үшінші ракеткасы америкалық Джессика Пегуладан 6:4, 6:1 есебімен басым түсті. Беларусь теннисшісі осы турнирдегі ең атақты әрі тәжірибелі спортшылардың бірі. Бір кездері ол әлемнің бірінші ракеткасы атанса, қазір әйелдер рейтингісінде 24-орында тұр.
Азаренко 2012 жылы аралас жұпта Максим Мирныймен Олимпиада чемпионы атанса, жекелей сында қола жүлдегер атанды. Үш рет АҚШ-тың ашық чемпионатында жекелей сында финалист, аралас жұпта екі рет «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы болды. 30 WTA турнирінде жеңіске жетті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА