Жақында Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен ғасырлар бойы Алаш жұрты арман еткен ел тәуелсіздігіне қол жеткізген, тарих бетінде өшпес із қалдырған Желтоқсан ардагерлері арасында «БӘРІН ДЕ КӨРДІҢІЗДЕР, СІЗДЕР АЛПЫСҚА КЕЛДІҢІЗДЕР» айдарымен волейболдан Алматы қалалық турнирі өткізілді.
Жарыс алаңында тек қана Желтоқсан ардагерлері шығып, жеңіс үшін бар шеберліктерін көрсетті.
Желтоқсан ардагерлері арасындағы аламан жарыс Алматының Ұлжан шағын ауданында орналасқан № 152 мектептің шаңырағында болып өтті.
ПҚ «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен өткен қалалық турнир тек Желтоқсан ардагерлеріне ғана арналған еді. Қатысушалар — ел тәуелсіздігін жеңіп әперген Желтоқсан ардагерлері. Айтулы қоғамдық бірлестіктің қаладағы барлық ауданындарда орналасқан филиалдарынан төрт команда келіп сын алаңына шықты.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған ПҚ «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық төрағасы Болат Құрымбаев мырза бұл жарыстың алдағы жылы дәстүрлік сипат алатынын жария етіп, ардагерлерге тартысты ойын тіледі. Сонымен қатар, Алматы қалалық Алатау ауданы әкімдігінен келген өкіл 60 жасқа толған Желтоқсан батырларын құрметпен құттықтап, мақтау қағаздарын табыс етті.
Қалалық турнирді өткізу барысында белсенділік танытқан Алматы қалалық филиалының Алатау аудандық бөлімшесінің және Алматы облыстық филиалының мүшелеріне келген қонақтарға дастархан жайылып ас берілді.
Қалалық әкімшілік тарапынан батырларды ұмытпай ілтипат көрсеткендері мақтауға тұрарлық. Негізі тәуелсіздігіміз үшін 1986 жылдың сарышұнақ сара аязында алаңға шыққан батырлар жылдар бойы өз статусын ала алмай, қаншама есікті қағып шапқылап жүргенін жоғарыдағылар білсе де білгісі келмей келген еді. Аллаға тәубе, осы жылы Желтоқсан ардагерлеріне құрмет пен қошемет ақпарат құралдарында да ашық жария етіліп, билік бетін бұра бастаған секілді. Сең қозғалғандай. Батырлар биліктің Желтоқсандықтарға жылы шырай таныта бастағынын көріп жақсылыққа жорыды. Ал, өздерін қоғамнан ұмыт қалдырмау үшін Желтоқсан ардагерлері ел арасында жиі шаралар өткізіп, осындай спорттық бәсекелерді тынбай ұйымдастырып келеді.
Айталық, осы дүбірлі жарысқа ат қойып, айдар таққан белгілі журналист, ұйымының тарапынан өткізілетін барлық шаралардың ұйымдастырушыларының бірі, қоғам белсендісі ұйымның басқарма мүшесі, Желтоқсан ардагері Ақын Ордабайұлы мен айтулы ұйымның басқарма мүшесі, спорт секторы, өз ісінің білікті маманы Ермек Айтуаровтың еңбегін ерекше атап өткеніміз абзал.
Ермек Нұрғалықұлы аталған шараны жоғары дейгейде ұйымдастыра білді. Ал Ақын Ордабайұлы осы іс-шараның бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануынан бастап басқа жұмыстарына ұйытқы болды. Сондықтан да қос азаматтың білек түре біріге жасаған жарысына көпшілік зор алғыстарын білдірді.
Негізі бұл турнир жастары 60-қа келген Желтоқсан батырлары мен Желтоқсан қанды көтерілісінің 36 жыл толуына орай арналғандығын баса айтқымыз келеді.
Хош, күн ұзақ сын алаңда шүмектеп тер төгіп, жеңіс үшін жан аямаған ардагерлер күн еңкейе барып жеңімпаздарды анықтап құрметпен марапаттады. Турнирдің жеңімпазы болып «Алатау» командасы атанса, Жетісу ауданы күміс жүлдемен күптелді. Жарыстың жүлделі үшінші орынын Наурызбай ауданының командасы иеленді. Ал, турнир кестесіндегі төрінші орынды Әуезов ауданы түйіндеді.
Бұл турнирді насихаттауға келген «31» телеарна мен «Алматы» телеарналарына ақсамайлы Желтоқсан ардагерлері ақ батасын беріп, үлкен алғыстарын жеткізді. Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ұйым төрағасы Болат Тоқтабайұлының қосқан үлесі зор. Өйткені, жарыстың басынан аяғына дейін шапқылап жүріп, өз батырларына қолдау, қошемет жасайтын осындай жандарды көріп разы боласың. Ал, Желтоқсан батырлары жарыста жеңіс үшін білгенін сарқып барын салды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді», дегендей ойын алаңында кәдуілге ұшпа доптың жілігін шағып майын ішкен хас шеберлердей тартысты ойын көрсеткен Желтоқсан батырлары көпке үлгі-өнеге десек болады. Иә, бір он жылды ысырып алға апарса жылдамдық қандай болар еді. Ал, шеберлік жағына еш сын айта алмайсың. Көре тұра тәнті болмасқа шара жоқ. «Жарайсыңдар батырлар!», деп қамшылай айтқан қуатты қолдау сөздер спорт залдың ішінде соққан желдей гулеп тұрды. «Спорт денсаулық кепілі», — демекші, біріншіден, денсаулығын жақсартып, екіншіден, спорт арқылы бір -бірімен сырласып, қауышып шер тарқасып қалатын Желтоқсан ардагерлері үшін осындай жарыстардың бағасы шексіз. Аман болыңыздар батырлар!!!
Жандос АХМЕТОВ,
Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан Ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің менеджері