Қытайдың Бейжің қаласында Аргентина құрамасы мен Австралия командасы жолдастық кездесу өткізді.
Осы матчта аргентиналық шабуылшы Лионель Месси кездесудің 1 минут 19 секундында голдың авторы атанды. Осылайша, ол мансабындағы ең жылдам голды салды. Бұл гол шабуылшының ұлттық құраманың сапындағы 103-голы болды.
Матч басталысымен Месси айып алаңының жанында пас алып, бір қорғаушыны алдап, қақпаны дәл көздеді. Ал ойынның өзі 2:0 есебімен аяқталды. Аргентина құрамасында екінші допты 68-минутта Песселья соқты.
Енді Аргентина 19 маусымда Индонезиямен жолдастық кездесу өткізеді.
Бұған дейін Месси ең жылдам голын (2 минут 7 секунд) 2018 жылы Чемпиондар лигасында «Челсиге» қарсы ойында салған болатын.
Енді Месси матчтың бірінші минутында гол салса, 90 минуттың бәрінде доп соққан ойыншы атанады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА