• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстан фаворит болса да босаңсуға болмайды – Магомед Адиев

    Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі Сан-Мариномен матчтың алдында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

    – Магомед Мұсаұлы, Сан-Марино мен Солтүстік Ирландия құрамаларымен ойындардың арасында үш күн ғана үзіліс болады. Уақыт тығыз екен, үзіліс қысқа. Екі команданың да деңгейі бірдей емес. Бұл елдермен біздің команда қай құрамда шығады? Команданың құрамы өзгере ме?

    – Біз қарсыласпен қалай ойнайтынымызды жоспарлаймыз. Үнемі жадымызда ұстайтын жоспарлы өзгерістер бар. Бірақ ойында әртүрлі жағдайлар болады. Сан-Мариномен ойыннан кейін біздің құрамда өзгерістер болуы мүмкін. Соны ойлап жүрмін.

    – Қазақстан құрамасы сырттағы кездесулерде сирек фаворит саналады. Сан-Мариономен мачта фаворит екенбіз. Команда қарсыласты жеңе ала ма?

    – Қазақстан құрамасына фаворит деген баға беріліп жатса, неге қуанбасқа? Қуанып отырмын. Бірақ ешқашан босаңсуға болмайды. Өйткені, ол ештеңені білдірмейді. Фаворит болғаның үшін ұпай берілмейді. Барлығын жасыл алаңдағы ойын шешеді.

    – Алдағы ойында Абат Айымбетовтың орнына кім шығады?

    – Ойынның жоспарын жасадық. Енді матчты күтейік. Кейбір ойыншыларға қатысты сұрақтар бар. Біз соңғы жаттығудан кейін екі позицияны шешеміз.

    – Арман Кеңесов пен Әлібек Қасымның алдағы ойындарға шыға ма?  

    – Құрама командада бәсекелестік бар. Сондықтан оларға оңай емес. Мен командадағы ойыншылардың бәріне сенемін. Бірақ мүмкіндіктері қаншалықты екенін нақты білмеймін. Ойын барлығын көрсетеді. Кейде жоспардан тыс шешімдер қабылданады. Ойламаған футболшы алаңға шығатын жағдайлар да болады.

    – Зайнутдиновке Ресей кубогының финалы қиын болған сияқты. Бахтиер алдағы матчтарда өзіне келе ме?  

    – Мен айтқан футболшылардың бірі – Зайнутдинов. Ол өзін аздап жайсыз сезініп жүр. Баха – өз елінің және ұлттық құраманың нағыз патриоты. ЦСКА ойыншысы ретінде алдағы ойынға қатысқысы келетінін айтты. Алайда оның алаңға шығатынын-шықпайтынын әлі айта алмаймын. Сан-Мариондан кейін Солтүстік Ирландиямен ойын болады. Енді көреміз. Дәл қазір бәрін айта алмаймын. Қазір Бахитер құрамамен жаттығу жасап жүр.  Бүгін шешім қабылдаймыз.

    – Магомед Мұсаұлы, өзіңіз білесіз, жақында Абай өңірінде өрттен кейін халықтың көңіл-күйі болмай жүр деуге болады. Осындай кезде ұлттық құрама екі ойында жеңіске жетіп, елімізге қуаныш сыйлай ала ма?

    – Иә, әрине, біз Абай облысында болған, жалпы елімізде болып жатқан оқиғалардың бәрінен хабардармыз. Барлығын жақсы түсінеміз. Командадағы жігіттер де біледі. Қиын жағдайға тап болған жандарға алаңдап, қолдан келгенше көмек көрсеткіміз келеді. Бұл туралы федерация президентімен де сөйлестім. Өрт сөндірушілер мен өз өмірлерін қатерге тіккен барша жандарға алғысымызды білдіреміз. Оларға күш-қуат тілеймін! Қиын жағдайдың бәрі артта қалады  деп үміттенемін.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *