Бүгін бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасы Алматы халықаралық әуежайынан Қытайдың Ханчжоу қаласына XIX жазғы Азия ойындарына қатысу үшін бірінші чартерлік рейспен ұшып барады.
Түске дейін Бокс федерациясының президенті, меценат Кеңес Рақышев аэропортқа құрама команданы шығарып салуға барып, боксшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тіледі.
Қазақстан делегациясының басты үміті — боксшылар — Ханчжоудағы Жазғы Азия ойындарына аттанды. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың шәкірттері бірінші чартерлік рейспен ұшып барады. Осылайша боксшылардың жергілікті ауа-райына бейімделу үшін бес күндей уақыты болады, — деді ол спортшыларды шығарып салған соң.
Кеңес Рақышев осыдан екі апта бұрын әйелдер құрамасын алыс жолға шығарып салған болатын. Енді міне, ерлер командасына ақ жол тілеу үшін Алматының халықаралық әуежайына барып, ұлттық құраманың мүшелерінің қолдарын қысып, сәттілік тілеп қайтты.
Федерация басшысы былғары қолғап шеберлеріне жылы лебіздерін білдіріп, алдағы мақсат-жоспарларды да айтып берді. Өйткені, еліміздің көк байрағын биікке көтеру — зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік! Сондықтан жүлделер мен лицензияларды жеңіп алу басты міндет.
Әуежайға боксшыларды шығарып салуға Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов та келдіү Ол спортшыларға батасын беріп, ақ тілектерін жеткізді.
Биылғы Азиадан кейін ҚБФ президентінің жеке қаражатынан сыйақылар беріледі. Алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың АҚШ долларын, күміс жүлдегерлер 30 мың АҚШ долларын, қола медаль үшін 10 мың АҚШ долларын алады.
Қытай шаршы алаңында ел намысын қорғайтын боксшылар:
51 кг. Сәкен Бибосынов
57 кг. Махмұд Сабырхан
63.5 кг. Ертуған Зейнулинов
71 кг. Асланбек Шымбергенов
80 кг. Нұрбек Оралбай
92 кг. Сағындық Тоғамбай
+ 92 кг. Қамшыбек Қонқабаев
XIX Жазғы Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Қазақстан құрамасынан 500-ден астам спортшы спорттың 30 түрінен сынға түседі. Тарихта алғаш рет Азия ойындарда Олимпиада лицензиялары сарапқа салынады.
Боксшылардың бәсекесі 25 қыркүйекте басталады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
View this post on Instagram