Алматыда WKF каратэден жастар мен жасөспірімдер арасындағы XXI Азия чемпионаты мәресіне жетті. Бұл жарысқа сары құрлықтың 30-ға жуық елінен 600 татами шебері қатысты, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Чемпионатта Қазақстан спортшылары 8 алтын, 5 күміс және 11 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Жапония каратэшілері 14 алтын, 5 күміс, 4 қола медальмен көш бастаса, үздік үштікті Иран (5 алтын, 6 күміс, 11 қола) спортшылары түйіндеді.
Жарыстың соңғы күніндегі кумите бағдарламасында Диас Анарбеков (+84 кг), Биғабыл Жоламан (55 кг), Ақниет Шеризат (50 кг) пен Белла Шамашева (55 кг) Азия чемпионы атанса, Асқар Сапарғалиев (87 кг) пен Даяна Даренская (68 кг) финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдені иеленді. Ал Никита Тарнакин (84 кг), Николь Ценгель (61 кг) мен Венера Жақсыбаева (+ 68 кг) қола жүлдеге ие болды.
Жас каратэшілеріміздің Азия чемпионатындағы керемет жетістігі елімізде аталған спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Биыл каратэшілеріміз халықаралық жарыстарда өте сәтті өнер көрсетіп жатыр. Мәселен, еліміздің ересектер құрамасы Азия ойындарында, әлем чемпионатында топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді. Енді міне, жастарымыз құрлық додасында өз мықтылықтарын дәлелдеді. Біздің құрамада осындай дарынды жас спортшылар өсіп келе жатқаны қуантады, — деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.
Бүгін каратэден ересектер арасындағы Азия ашық чемпионаты басталды. Жарыс 10 қарашаға дейін жалғасады.