Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионаты аясында 17 қарашада Сан-Марино командасымен және 20 қарашада Словения құрамасымен болатын матчтарға шақырылған ойыншылардың нақты тізімін жариялады.
Қорытынды тізімге 27 футболшы енді.
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шахтер»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Данил Устименко («Қайрат»);
Қорғаушылар: Сергей Малый, Темірлан Ерланов (екеуі де – «Ордабасы»), Бағдат Қайыров, Руслан Валиуллин (екеуі де – «Тобыл»), Ян Вороговский, Александр Марочкин, Тимур Досмағамбетов (барлығы – «Астана»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Еркін Тапалов («Қызылжар»), Лев Скворцов («Химки», Ресей);
Жартылай қорғаушылар: Рамазан Оразов («Копер», Словения), Максим Самородов, Арман Кеңесов (екеуі де – «Ақтөбе»), Аслан Дарабаев, Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуат (барлығы – «Астана»), Бактиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Александр Зуев (ИМТ, Сербия), Ислам Чесноков («Тобыл»);
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Астана»), Вячеслав Швырев («Қайрат»), Иван Свиридов («Шахтер»);
Жаттықтырушылар штабы: Магомед Адиев – бас бапкер, Евгений Коструб – бас бапкердің көмекшісі, Руслан Балтиев – бас бапкердің көмекшісі, Валерий Ситало – қақпашылардың жаттықтырушысы, Ерлан Ибраим – дене даярлығы жаттықтырушысы, Амаль Сыздықов – дене даярлығы жаттықтырушысы, Эльшад Хинизов – сарапшы бапкер.
17 қарашада Қазақстан мен Сан-Марино командаларының матчы «Астана Арена» стадионында елорда уақытымен сағат 21.00-те басталады.
Үш күннен кейін ұлттық құрама Словениямен ойнайды. Мачттың басталуы Астана уақытымен сағат 01.45-ке жоспарланып отыр. Матч Любляна қаласындағы «Стожице» стадионында болады.
Ескерте кететін бір нәрсе, кеше Қазақстан футбол федерациясы жартылай қорғаушы Бактиер Зайнутдиновтың «Бешикташ» пен «Ыстамбұл Башакшехир» матчында алған жарақатына байланысты мәлімдеме жасады. Онда федерация футболшының алдағы екі матчта ойнауы әлі белгісіз екенін айтты.
Бактиер Зайнутдиновтың «Бешикташ» пен «Ыстамбұл Башакшехир» матчында ауыр жарақат алып, ұлттық құраманың алдағы матчтарына қатысуы екі талай болып тұр.
Дәрігерлердің қорытындысы шықпағанша Бактиердің жарақаты қаншалықты ауыр екенін нақты айта алмаймыз. Жақын арада Бақтиердің қал-жағдайы туралы хабарлайтын боламыз.
Әзірше Бактиер Зайнутдиновтың тезірек сауығып кеткенін тілейміз!, — делінген хабарламада.
Сондықтан футболшы Сан-Марино мен Словенияға қарсы ойнамауы да әбден мүмкін.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
View this post on Instagram