• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жолбасшы Жүнісбаев

    Несағаңды мен 10 жасымнан бері біледі екенмін. 1985 – 1988 жылдары бастауыш класта оқып жүргенде біздің ауылдағы үйге газет-журналдар көп келетін. Менің атам – Омар Кенжалыұлы сол кезде ауылдың почтальоны болатын. Ол кісінің негізгі мамандығы зооветеринар болатын. Атамның өзі де аудандық газетке материал жазып тұратын. Ал әкем Жұмабек Омарұлы Кенжалин де журналист, публицист, қазіргі тілмен айтсақ медиаменеджер болды.

    1980-жылдардың ортасында біз ойын баласы болғаннан кейін газет-журналдарды оқымасақ та суреттеріне қызыға қараушы едік. Сол кезде мен бірінші рет Марадонаның суретін көрген едім. Одан басқа АҚШ-тан Совет Одағына келген Саманта Смит пен құқық қорғаушы Анжела Дэвис туралы материалдар мен солардың суреттері көп берілетін. Ал, Несағаңды мен сол кезде оқымасам да суретін сәл кейінірек, 1988 жылы Алматыға барғанда үйдегі «Мексикадағы футбол тойы» деген кітаптан көрдім. Бұл кітап қазір де біздің үйде тұр. Өзім кішкентай кезімнен футболды жақсы көріп, доп теуіп өскендіктен бе осы кітапты өзіме жақын тарттым. Кітапты ашып, парақтап қарасам, 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионаты туралы жазылған екен. Басында Несағаңның кітабын көрген бетте оқып шықтым деп айта алмаймын. Оны кейінірек, есейгенде оқып, кітаппен толығымен танысып шықтым. Сондағы суреттерге, ішіндегі фактілерге қызықтым. Өзімнің бала кезімнен кумирім болған Марадона, сол кездері Совет Одағы мен Киевтің «Динамосының» жаттықтырушысы қызметін бірге атқарған Валерий Васильевич Лобановский мен оның ойыншылары туралы материалдарды қызыға да құныға оқып шыққаным рас.

    Содан бері талай жылдар өтті. Мектепте, университетте оқып жүргенде Несағаңды сырттай білуші едім. Бірақ, жақын араласып көргенім жоқ. Сол кезде Несағаңның «Лениншіл жастан» кейін «Спорт» газетінде істегенде қазақ спорт журналистикасының дамуына көп еңбек сіңіргенін білемін. 1990-жылдардан бері «Спорт» газетін басқарған кезде Несағаңның қарамағында істеген журналистердің бәрі жаман болған жоқ. Бәрі де жақсы журналист болып кетті. Қазір олардың бәрі өз орындарын тауып, әр салада еңбек етіп жүр.

    Несағаңмен мен алғаш рет 2000-жылдардың басында көзбе-көз жүздесіп, сөйлестім. Сол кезде ол менің «Астана ақшамы» газетінде істеп, әр түрлі тақырыпта жазып жүргенімді біледі екен. Осыны байқаған Несағаң: «Дастан, сен әр тақырыпқа бара бермей, өзіңе жақын тақырыпты жазсайшы. Мәселен, спорт деген жақсы тақырып қой. Осыдан бастамайсың ба?», деп өзінің жанашырлық ойын айтып еді. Содан кейін Несағаңның сөзін ескеріп, «Астана ақшамы» газетіне бас редактордың орынбасарлары Талғат Батырхан мен Ғалым Қожабековтің спорт тақырыбына берген тапсырмаларын орындап, ай сайын газетте «Сайыпқыран» спорт бетін жүргізе бастадым. Ал, 2004 жылы «Астана ақшамында» спортты жазып жүргенімізді ескерген «Егемен Қазақстанның» басшылығы газетке спорт журналисі етіп шақыртты. Шынын айту керек, Несағаңның 2002 жылы Астана теміржол вокзалының жанында тұрып, жазуды спорттан бастамайсың ба деген сол сөзі менің журналист болып қалыптасуыма көп әсер етті.

    «Егеменге» келіп, спортты жаза бастадым. Содан кейін 2011 жылы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, Астана мен Алматыда өткен VII Қысқы Азия ойындарының алауын Қостанай қаласының көшелерінде ұстап жүру мүмкіндігіне ие болдым. Сол кезде Несағаңның: «Сен өзіңді кіші санай берме. Сен Сейдахмет Бердіқұловтың сыйлығын алуға әбден лайықсың», деген сөзі 20 жылдан бері спорт тақырыбында қалам тартып жүрген жұмысыма үлкен баға болды.

    Азия ойындарынан кейін Несағаң мемлекеттік тілде және орыс тілінде шығатын «Sport» пен «Спорт» газеттерінің тізгінін қайта ұстап, қазірге дейін осы басылымдардың директоры-бас редакторы қызметін атқарды.

    Жалпы, Несіп Жүнісбаев ағамыздың спортқа, спорт журналистикасына сіңірген еңбегі туралы көп айтуға болады. Оның қазақ және орыс тілінде шығарған кітаптарының өзі бір төбе. Мәселен, оның әр жылдары қысқы және жазғы Олимпия ойындары туралы жазған кітаптары мен спорт тақырыбына арнаған басқа да дүниелері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленгенін білеміз.

    Несағаң публицист, жазушы ретінде спортпен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол мәдениет пен өнерімізге деген жанашырлық сезімін де жеткізе алады. Мысалы, оның Алматыдағы Республикалық сарайдың жағдайы туралы мақалалар топтамасын мәдениетіміз бен өнерімізге жанашырлықпен қарап, шын көңілімен жазған материалы деп айта аламыз. Енді Несағаңның спортты дамытуға сіңірген еңбегіне келсек, оның егемендігіміздің елең-алаңында «Намыс» атты кілең қазақ балаларынан жасақталған команданы құрып, көптеген қарадомалақ балаларымызға үлкен спортқа жол ашып бергенін білеміз. Одан кейін газет басшысы ретінде «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген мини-футболдан отбасылық турнирді өткізіп, басқа да көптеген бастамаларды көтеріп, іскер азамат екенін көрсетті. Қазір де Несіп ағамыз спортқа қатысты идеяларын, бастамаларын айтып, өзінен кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Сол үшін Сейдағаңды спорт журналистерінің көшбасшысы десек, Несағаңды қазіргі қолына қалам ұстаған әріптестеріміздің жолбасшысы деп айтуға болады деп ойлаймын.

    10 желтоқсан — Несағаның туған күні! Ендеше, жолбасшы ағамызға әрқашан жолыңыз ашық, деніңізге саулық, өмір жасыңыз ұзақ, отбасыңызға бақыт тілей отырып, шығармашылығыңыз жемісті, жұмысыңыз табысты болсын дегіміз келеді.

    Ең ізгі ниетпен, інілік ілтипатпен,

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *