• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ауылын көріп, азаматын таны (ФОТО)

    Сонау 1986 жылдың 16-17 желтоқсан күндері алаңға шығып, бет қарыған сарышұнақ сара аязда ел тәуелсіздігі үшін жан беріп, жан алысқан Желтоқсан қанды көтерілісінің қаhармандарының қазақ тарихында алар орны айырықшы.

    Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздікті Желтоқсан батырлары жеңіп алып берді. Міне, сол қанды көтерілістен кейін желдей есіп 37 жыл да өте шықты.

    Кеше ғана жүрген өрімдей жастардың бүгін самайын ақ шалып, алды жетпістің жетегіне шықса, арты алпыстың биігіне көтеріліп келеді. Дегенменде Желтоқсан батырлары өздерін әлі сол баяғы жалын атқан жас шағындай сезініп, кәріліктің, қартаюдың ноқтасына бастарын салмай, салауатты салтымен өмір сүріп келеді.

    Жыл сайын Тәуелсіздік күні жақындаған сайын, Желтоқсан батырларына арналып түрлі кездесулер, іс-шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырлып тұратын бір дәстүр қалыптасқан. Иә, Тәуелсіздіктің батырларына құрмет қошемет жыл бойы жалғасын тауып тұрса артық болмас еді. Ол күнге бұйыртса, келіп жетерміз. Ал қазіргі батырларымыздың арасында өтіп жатқан іс-шаралардан баян ете отырайық. «Желтоқсан Ақиқаты»  ПҚ республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, Желтоқсан батыры, ұлтжанды, сегіз қырлы бір сырлы, спорт саңлағы, ардақты азамат Жұмабай Тәжібаевты еске алуға арналған үлкен іс-шаралар болып өтті.

    Жұмабай елім деген ердің бірі еді. Сұм ажал ортамыздан суырып алып кетті. «Өз елімнің басы болмасам да тасы болайын», дегендей, Жұмабай ағамыз туып өскен Жамбыл ауданы Дегерес ауылына мешіт салуға зор үлес қосқан ауылдың атқамінер аяулы жаны болатын. Кезінде шешен ұлтының өкілдері ауыл қазағына үстемдік жасап, алшаң баса бастағанда атқа қонып беттерін қайырып тәубелеріне келтіріп, шаңырақты сыйлата білген ұлтжанды батыр болғандығында айта кету орынды. Міне, осындай жолбарыс жүрек, елім деген ерімізді жер қойнына тапсырғанымызға жыл толып келеді.

    Кеше «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы Құрымбаевтың бастауымен бір топ Желтоқсан батырлары Жұмабай Тәжібаевтың туған ауылы Дегереске сапарлатып барып, марқұмның атында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып, үлкен бір сауапты іске қозғау болып қайтты.

    Алмытадан ат терлетіп жеткен Желтоқсан ардагерлерін бастап апарған осы Дегерес ауылының тумасы, кезінде еркін күрестен Қазақстан чемпионы, ардагер балуан, Желтоқсан батыры Басбатыр Сүндетпай болды. Негізі осындай ізгілікті іс-шараны көптен бері ойластырып іске асуына негізі ұйытқы болған да Желтоқсан батыры Басбатыр Сүндетбай болатын.

    Хош сонымен, шаhардан келген қонақтар алдымен «Өлі разы болмай тірі байымайды», демекші, Жұмабай ағамыз салдырған зәулім мешітке ат басын бұрып, мешіттің іргесіндегі хатымханада ауыл халқы әзірлеген ас-дәмнен ауыз тиіп, Жұмабайдың рухына құран бағыштады. Содан кейін ауыл ортасындағы орта мектепте  Жұмабай Тәжібаевтың атына арналған игілікті іс-шараның салтанатты ашылуы болып өтті.

    Бұл жиында Желтоқсан батырлары мектепке алып келген арнайы сый-сыяпаттарын жасап, жасөрендерге Желтоқсан көтерлісі мен Жұмабай Шаншарұлы ағаларының қандай азамат болғаны туралы кезекпен әңгілмелеп беріп, мектеп оқушыларына үлкен үлгі- өнегелік ойларын ақтарды.

    Салтанатты іс-шара аяқталған соң, қонақтар мен көрші ауылдардан келген командалар спорт алаңына барып, волейболдан Жұмабай Шаншарұлын еске алуға арналған жарысты бастап кетті. Жарысқа төрелік еткен осы ауылдың бетке ұстар азаматы, ауыл спортын көтеріп, ауыл таланттарын тәрбиеліп шығарып жүрген О.Әубәкіров атындағы орта мектептегі дене-шынықтыру пәнінің мұғалімі Сәбит Сүндетбайұлы Әміржанов әділ төрелігін жасап, жарыстың жақсы өтуіне зор үлесін қосты.

    Негізі «Ауылын көріп, азаматын таны», деген екен бабаларымыз. Кезінде жоғары оқу орынын аяқтаған соң «Туған елге туыңды тік», демекші, туған ауылына келіп, спортты көтеріп, көп жылдар бойы ерен еңбегін сіңірген Сәбит Әміржановтай ауыл балаларын тәрбиеліп биікке шығарып жүрген ардақты азаматтарға қандай мақтау айтсақ та жарасады. Ауылда осындай азаматтар барда ауылдан әлі талай-талай ел спортының іргесін көтеретін мұзбалақ қыран қанатты спорт жұлдыздары шығатынына нық сенімдіміз.

    Сонымен тартысты өткен турнирдің қортындысы бойынша, Жангелдин орта мектебі бірінші орынды, Дегерес орта мектебі екінші орынды, Сұңқар орта мектебі үшінші орынды жеңіп алды. Желтоқсан ардагерлері де сын алаңына шығып, жоғары ойын деңгейін көрсетті. Дегенменде 20-30 арасындағы жас ұстаздарға қарсы ойнау қиын болғаны да рас. Десекте ауыл көрермендері Желтоқсан командасына ерекше қол соғып, ризашылықтарын білдіріп жатты.

    Хош, сонымен батырлар мен ақындар еліне барып қайтқан сапар сәтті болып, ауыл халқы Желтоқсан батырларына ақ баталарын беріп жолға шығарып салды. Алдағы жылы Жұмабай Тәжібаевты еске алуға арналған іс-шаралар дәстүрлі түрде жалғасын табатындығын ауыл әкімі Ерлан Жұмаханұлы Көпжасаров мен мектеп директоры Кәкімжан Кәбіржанұлы Оразбай сеніммен жария етті.

    Желтоқсан батырларына деген қос азаматтың ыстық ықыласпен Желтоқан батырларын құшақ жая күтіп алып, қазақы қонақжайлығын асыра көрсеткеніне баршы келген қонақтар шексіз алғыстарын айтып кетті. «Ауылын көріп азаматын таны», деген осы болар. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болса, алдағы жылы өтетін Жұмабай Тәжібавтың атындағы дәстүрлі жарыста ақжарқын Дегерестің ауыл халқымен құшақ жая қауыша жатармыз деген үміт бар.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *