• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    halyq-uni.kz

    «Алтын тұғыр-2023» ұлттық сыйлығының иегерлері марапатталды

    Бүгін, 21 желтоқсанда Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрда ұлттық спорт түрлері бойынша жыл сайын дәстүрлі табыс етілетін «Алтын тұғыр-2023» сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті, деп хабарлады Асық ату федерациясы.

    Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен осымен оныншы рет өткізілген іс-шарада ұлттық спортты ұлықтап жүрген үздіктерге арнайы мүсінше мен ақшалай сыйақы табыс етілді.

    Биылғы марапаттау рәсімі өзгеше форматта ұйымдастырылған екен. Алдымен театр фойесінде асық ату, тоғызқұмалақ және садақ атудан байқаулар өтіп, жиынға жиналғандар естелік суретке түсті. Осыдан кейін ұлттық спорт түрлері қауымдастығына кіретін 10 федерацияның үздіктері жерге төселген көк кілеммен жүріп өтті.

    Марапаттау рәсімін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов өзінің құттықтау сөзімен ашып, қауымдастықтың биылғы жылы атқарған жұмысы мен келесі жылға жоспарлары туралы айтты.

    Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов марапаттау рәсімін бастап, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  құттықтауын жеткізді.  Содан кейін Көкпар федерациясының президенті Бауыржан Исабаев, Жамбы федерациясының президенті Еркебұлан Ильясовпен бірге көкпар мен жамбы ату спортының үздіктерін марапаттады.

    Туризм және  спортминистрі Ермек Маржықпаев пен Amanat партиясының жауапты хатшысы Дәулет Кәрібек пен Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаевтармен бірге еліміздің ең үздік құсбегісі мен бәйге спортының үздіктеріне марапаттарын табыс етті.

    Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, Аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұманмен бірге тоғызқұмалақ және аударыспақ спортының үздіктерін ұлықтады.

    Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртөре Жүсіп,Теңге ілу федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыр мен Садақ ату федерациясының президенті Айдос Мұқатаевтың қолынан теңге ілу мен садақ атудың үздіктері марапаттарға ие болды.

    Парламент Мәжілісінің депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Еділ Жаңбыршин және Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлы мен Жорық федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбек үздік жорғашы мен асық ату спорты бойынша үздік деп танылған Павлодар облысы құрамасына сыйлықтарын табыс етті.

    Павлодар облысының асықшылары биылғы жылы Астанада өткен Ұлттық спорт түрлері фестивалінде үздік шығып, Ақтөбеде өткен ересектер арасындағы Қазақстан кубогын да қанжығаларына байлаған болатын. Одан бөлек Румынияда өткен әлем кубогы мен Көкшетауда өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында күміспен күптелді. Павлодарлық асықшыларға берілген марапат нағыз иесін тапқан марапат болды. Бұдан бөлек ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіретін спорт түрлерінің аға жаттықтырушылары да арнайы марапатқа ие болса, олардың арасында Асық атудан Павлодар облысының аға жаттықтырушысы Халибек Хуан да болды. «Ақпараттық әріптестік» номинациясын Qazaqstan телерадиокомпаниясы иеленді.

    Мерекелік іс-шара «Наз» мемлекеттік би театры бишілерінің өнерімен басталып, «Алаш ұлы», «Кешю» топтарының және әншілер Әзімбек Байдин, Маржан Арапбаева, Ұшқын Жамалбек және Ибрагим Ескендірдің әсем әнімен жалғасын тауып отырды.

    Сән-салтанатымен өткен әдемі кешті Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қорытындылап, жүзден жүйрік шыққан үздіктерді марапаттарымен құттықтады. Келесі жылы елімізде өтетін Көшпенділер ойындарында бақ сынайтын спортшыларға сәттілік тіледі.

    2023 жылы он номинация бойынша «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері атанды:

    «Тоғызқұмалақ» номинациясы бойынша — Жанат Каймульдин;
    «Бәйге» номинациясы бойынша — Бекзат Ділдахан мен Еділ Таймерденов;
    «Құсбегі» номинациясы бойынша — Кунтуған Арманбек;
    «Көкпар» номинациясы бойынша — «Әулие ата» командасы;
    «Аударыспақ» номинациясы бойынша — Сайлау Мұхаметжанов;
    «Жамбы ату» номинациясы бойынша — Бексауыт Батыр;
    «Теңге ілу» номинациясы бойынша — Бекнұр Серіков;
    «Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша — Аяулым Аппазова;
    «Асық ату» номинациясы бойынша — Палодар облыстық құрамасы;
    «JORYQ» номинациясы бойынша — Жетісу облысы командасы;

    Сондай-ақ салтанатты марапаттау кеші барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушыларға марапаттар берілді. Олар:

    «Тоғызқұмалақ» бойынша аға жаттықтырушы — Арыстан Қапаев;
    «Бәйге» жаттықтырушысы — Мұрат Досбергенов;
    «Құсбегі» бойынша аға жаттықтырушы —Жомарт Кеуенов.
    «Көкпар» бойынша аға жаттықтырушы —Есжан Құрманбай;
    «Аударыспақ» бойынша бас жаттықтырушы —Жанбатыр Бекмұсаев;
    «Жамбы ату» бойынша аға жаттықтырушы — Ербұлан Бекбосынов;
    «Теңге ілу» бойынша аға жаттықтырушы — Ақтілек Сәрсенов;
    «Дәстүрлі садақ ату» бойынша бас жаттықтырушы —Диас Ахметов;
    «Асық ату» бойынша бас жаттықтырушы— Қуан Қалибек.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *