• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    gov.kz/Алматы қаласының спорт басқармасы

    «Медеу» спорт кешені жаңғыртылады

    Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Алматы қаласының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға қала тұрғындары, қоғам белсенділері, БАҚ, жергілікті спорт федерациялары мен турбизнес өкілдері, қалада тұратын атақты спортшылар мен басқа да сала мамандары қатысты, деп хабарлады ведомство.

    Кездесуді Ермек Маржықпаев министрліктің қазіргі қызметі, туризм және спорт саласындағы реформалар, лудоманияға қарсы күрес шаралары мен ведомствоның алдағы жоспарлары туралы баяндамадан бастады.

    Биыл Алматыдағы «Алатау», «Зерделі» және «Жас Қанат» ықшам аудандарында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ «Ақжар», «Шұғыла», «Саялы» ықшам аудандарында және «Авиатор» стадионында тағы төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, «Нұркент» ықшам ауданында 5 000 орындық жеңіл атлетика манежінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Сонымен қатар Орталық стадион және биік таулы «Медеу» спорт кешені жаңғыртылады. Жалпы, болашақта 2025 жылға дейін 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, 3 мұз айдынын, жеңіл атлетика манежін және гимнастикаға арналған манеж салу жоспарланған. Осы іс-шаралардың барлығы спорт алаңдарын 100 мың шаршы метрге дейін ұлғайтуға және тәулігіне 10 мың адамға дейін қамтуға мүмкіндік береді.

    Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға басымдық беріледі. Осыған байланысты министрлік мемлекеттің спорттық тапсырысын іске асыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Алматы қаласында 31 мыңға жуық бала мен жасөспірім тегін спорт секцияларымен қамтамасыз етілген.

    Алматы – дүниежүзілік додаларда ел мерейін асырған даңқты спортшылар қаласы. Бақыт Сәрсекбаев, Александр Парыгин, Бақтияр Ибраев, Ольга Шишигина, Денис Тен, Дмитрий Баландин, Жансая Әбдімәлік және «Қайрат» футзал клубының спортшыларын атап өтуге болады. Жалпы алғанда, Алматы қаласы спортшыларының әлеуеті зор. Қазіргі таңда ұлттық құрамада 1 200-ге жуық алматылық спортшы бар. Бұл – негізгі құрамның басым бөлігі. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында Алматы Олимпиадаға қатысқан  56 спортшыны дайындап шығарған. Сонымен қатар биылғы республикалық жазғы Спартакиадада Алматы қаласы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Команда қоржынында 84 алтын, 71 күміс, 74 қола медаль бар. Қытайдағы Азия ойындарында Алматы қаласының спортшылары 1 алтын, 3 күміс және 9 қола жүлде жеңіп алды, — деді Ермек Маржықпаев.

    Алматы – жергілікті туристер үшін ғана емес, шетелдік қонақтар үшін де еліміздегі ең танымал туристік қалалардың бірі. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі әуе қатынасының географиясын кеңейтіп жатыр. Жаңа рейстерді іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 2024 жылдың наурыз айынан бастап Air Asia әуе компаниясы Куала-Лумпур мен Алматы арасында аптасына 4 рейсті, сондай-ақ Алматы-Джидда бағытында 2 рет рейс жасауға ниет білдіріп отыр.

    Біз еліміздің қолда бар орасан зор туристік мүмкіндігін толық пайдалануымыз керек. Бүгінде қазақ туризмінің күретамырына айналған Алматы шаһары туристер үшін ең тартымды аймақтардың бірі. Біз инфрақұрылымды дамытуды және осы саладағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың барлық мүмкін шараларын көрсетуді жалғастырамыз. Жыл қорытындысы бойынша осы шараларды іске асыруда оң өзгеріс байқалады. Еліміз бойынша кәсіпкерлердің 800 млн теңгеден астам сомаға (туристік нысандар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салуға, тау шаңғысы курорттарына арналған техника, туравтобустар сатып алуға) өтінімдері мақұлданды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 7 есе көп, — деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

    Алматыда 2023 жылы Qazaq Auyl (Қазақ ауылы) мейрамхана кешені (16 үй), Grand Mildom қонақ үйі (72 бөлме) және Medeu camp балалар лагері бар эко-қонақ үй құрылысы аяқталды. 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр: Parkside Living апарт-қонақ үйі, Medeu Park Hotel қонақ үй кешені, «Кимасар» қонақ үйі. Түрксіб ауданының Қалдаяқов көшесіндегі 3 қонақ үйдің және Park Dedeman Almaty қонақ үйінің құрылысы 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *