Астанада Олимпиадаға дайындық жөніндегі штабтың жұмысы жалғасып жатыр. Канвондағы жастар арасындағы қысқы Олимпиада қарсаңында штаб кеңсесінде туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ-Ик кездесті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Кореяның елшісі Қазақстанмен туризм және спорт саласында өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделі екендігін жеткізді.
Кездесуде екі елдің өкілдері Ойындарды талқылап, осы жарыстан Қазақстан спортшыларынан қандай нәтиже күтетініне қатысты әңгіме қозғады.
Жиын соңында шетел дипломаты министрге жастар Олимпиадасының бойтұмарын сыйлап, Қазақстан спортшыларына сәттілік тіледі.