• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Нұрғали Жұмағазы

    Канвон-2024: Қазақстан қысқы Олимпиадада 20-орын алды

    Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясының Каннын қаласында Азия құрлығында алғаш рет өткен қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасы аяқталды.  

    Каннын қаласындағы Youth Olympic Park кешеніндегі жабылу салтанатында еліміздің көк байрағын Берік Боранбаев пен Мерей Тастемір ұстап шықты.

    Ашық аспан астында өткен кеш кезінде семсерлесуден Олимпиада чемпионы, Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бах Оңтүстік Корея мемлекетіне жарысты ұйымдастырып, лайықты деңгейде өткізгені үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Корея Республикасы Ойындарды жақсы өткізіп қана қойған жоқ, 14 күн бойы өз мәдениетімен қызықтырып, қонақтардың уақытты қызық өткізуіне қолайлы жағдай жасады.

    Осыдан кейін алты елдің Олтимпиада чемпиондары жарыста қызмет еткен еріктілерге сыйлықтарды табыс етті. Ал бойтұмар «Мунчо» Ойындардың алауын сөндірді, — делінген хабарламада.

    2025 жылы 2028 жылғы қысқы ойындарды өткізетін ел белгілі болады. Бұл туралы ХОК президенті Томас Бах айтты. Ал 2026 жылы Сенегалың астанасы – Дакар қаласында жазғы спорт түрлерінен жасөспірімдер Олимпиадасы өтеді.

    Биылғы Ойындарда Қазақстан намысын спорттың бес түрінінен 9 бағдарлама бойынша 41 жасөспірім қорғады. Қазақстан спортшылары 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 20-орынға табан тіреді.

    Алғашқы жарыс күні шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных чемпион атанды. Одан кейін шорт-тректен Полина Омельчук пен 3×3 хоккейден ерлер құрамасы қола жүлдені жеңіп алды.

    Азия құрлығында алғаш өткен Ойындарда 32 мемлекет жүлдеге ие болды.

    Жалпы биылғы Олимпиадаға 78 елден 1803 атлет жиналды. Тунис пен БАӘ елінің спортшылары алғаш рет қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынады. Олар 7 спорт түрінен (15 бағдарламада) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

    Көш басында 11 алтын жүлдесі бар Италия тұрса, одан кейінгі орынға Германия спортшылары жайғасты.

    Олимпиадада АҚШ өкілдері ең көп жүлде алды.  Олар барлығы 21 медальді қалтасына басты. Каннында Бразилия, Таиланд, Түркия мен Тунис спортшысы алғаш рет өз еліне жүлде сыйлады.

    Кешенді жарыс 12 нысанда болды. Оның жетеуі 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасы кезінде салынған.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    Каннын, Оңтүстік Корея

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *