Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Туризм және спорт министрлігінде өткен дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2023 жылғы қызметі мен 2024 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы кеңейтілген алқа мәжілісінде спорт саласын одан әрі дамытуға қатысты бірнеше тапсырма берді.
Үкімет басшысының ооынбасары дене шынықтыру мен спортты одан әрі дамытуда халықаралық спорт ұйымдарының тез өзгеретін талаптарын ескере отырып, бұқаралық дене шынықтыруды, оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруда жаңа тәсілдерді талап ететінін айтты.
Бұқаралық спортты дамытуға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді. Мәселен, 2023 жылы бұқаралық спортқа жұмсалған қаржы өңірлердің бюджет қаражатының жалпы көлемінің небәрі 0,061% болды. Сонымен қатар қаражатты бөлуде бұрмаланулар бар. Жоғары жетістіктер спортына жұмсалатын қаржы көлемі – 97,2 % болса, бұқаралық спортқа жұмсалатын шығыстар небәрі 2,8%.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұқаралық спортты дамытудың тиімді құралы мектеп жасынан егде жасқа дейінгі спорт лигаларын дамыту, оның ішінде жарыс алдында тікелей спорт командаларын құрудан тұрақты жұмыс істейтін командаларға көшу жолымен дамыту, — деді премьер-министрдің орынбасары.
Осы ретте сөз сөйлеуші елімізде тиісті инфрақұрылымның жоқтығынан бұқаралық спорттың дамымай, кенжелеп жатқанын айтты.
Одан әрі спортты дамытудағы барлық мәселе Дене шынықтыру және спортты дамыту туралы заң мен Мемлекеттік тапсырыс туралы заңға қатысты болып жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, қазір Парламент Мәжілісімен бірге аталған заң жобасы дайындалып жатыр. Осы құжаттарда мемлекеттік тапсырыс туралы мәселеге де баса назар аударылып отыр.
Баяндамашы жергілікті спорттың тиісті деңгейде дамымай жатқанын да тілге тиек етті. Ол жиында Павлодар облысын мысалға алып, бұл өңірдегі спортқа жауапты лауазым иелерінің облыс спортына қатысты теріс ақпарат бергеніне наразылық білдірді.
Қай жер, қай облыс болсын біз алдымен мемлекеттік қызметкерлердің ақпаратына қарап мәселені шешеміз. Шешім қабылдаймыз. Сондықтан облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары республикалық алқа мәжілісіне өкілдерін жіберсе, Үкіметке тексерілген дұрыс ақпараттарын дайындап беруі керек.
Қазір облыстарда инфрақұрылым өте нашар. Павлодар облысында үлкен қателіктер бар екен. Жоқ нәрсені бар деу қателік, — деді ол.
Жиында Үкімет басшысының орынбасары лоторея , лудоманияға заңдарға өзгеріс енгізіп жатқанын, осы бағытта министрлікке жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқарып шығуды тапсырды. Одан кейін ол Олимпиялық спорт түрлеріне берілетін қаражатты тиімді жұмсау керектігін айтты.
Мысалы, Германияда 80 млн халық болса, бюджеттен 18 спорт түріне ғана ақша бөлінеді екен. 18 млн халқы бар Нидерландта спорттың бес түріне қаражат беріледі. Ал бізде 20 млн халық болса, спорттың 45 түріне ақшаны санап береді екенбіз. Сондықтан министрлікке осы мәселені де пысықтап алуды тапсырамын, — деді Тамара Босымбекқызы.
Сонымен бірге ол Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін қаржыландыру мәселесімен де шындап кірісуді тапсырды. Оның пікірінше, қазір аталған оқу орындарын қаржыландыру сметалық негізде болып жатыр. Яғни, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін бюджетте қалған ақша ғана беріледі. Сол себепті білім ордаларын қаржыландыру мәселесі дұрыс жолға қойылу керек. Одан әрі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқу бағдарламасы да жалпы білім беретін мектептердің бағдарламасымен бірдей болу керектігін атап айтты.
Өкінішке қарай, спортты дамытуда көп проблема бар. Бұқаралық спорттан бастап жоғары жетістік спортына дейін проблема шаш етектен. Балалар кішкентай кезінен спортқа қызықса, оларды демеп, қолдап жатқанымыз шамалы. Керісінше, сағы сынып қалып жатқандар бар. Мысалы, спортқа қызыққан бала 3-4 ай үйірмеде жүріп, оны бірден жарысқа қатыстырып, жарақат алуына себепші болып жатамыз. Мұндай оқиғалар аз емес. Сол секілді кадр мәселесінде де проблема көп. Спортта кадрлар аз. Спорт заңгері, спорт дәрігері, спорт психологы, спорт диетологы деген мамандықтар атымен жоқ. Төрешілерді дайындауда да проблема бар. Сондықтан бәрін бір күнде жасау керек деп айтпаймын. Бірақ бірте-бірте спортты дамытуды қолға алып, жұміс істеу керек. Ұлттық спорт түрлеріннасихаттау бойынша да жұмысты жалғасыру керек, — деді премьер-министрдің орынбасары.
Баяндамашы сөз соңында Үкімет пен Парламент спорт пен дене шынықтыру ісіне әрқашан қолдау көрсететінін ескертті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА