Астанада Теңге ілуден және Аударыспақтан Азия чемпионаттарын өткізуге байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Қазақстан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қатысып, Астанада 1-2 маусымда өтетін Азия чемпионаттары туралы айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жиында министр мен қауымдастық президенті Азия чемпионаттары жайлы ғана емес, жалпы ұлттық спорт саласындағы атқарылып жатқан ауқымды шаруалар туралы да айтты. Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздегі ұлттық спорттың жай-күйін, алдағы халықаралық жарыстар туралы айта келіп, 2021 жылы ұлттық спорт олимпиадасының Қазақстанда өткізілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ал, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан:
- Осы жылы садақ атудан әлем чемпионаты өтеді. Бұған бүкіл құрлықтан, тіпті Африкадан қатысуға ниет білдіріп отырған адамдар бар. Содан кейін көкпардың насихаты үшін «Жұлдызды көкпар» жарысын ұйымдастырамыз. Онда ат үстінде ойнаған өнерпаздар мен спортшылар бақ сынайды. Мәдениет және спорт министрлігі де жаңа жобаға қолдау білдіріп отыр. Бұл көкпардың насихатына үлкен әсері болатын дүние. «Жұлдызды асық» деген жобамыз да бар. Осылар арқылы біз ұлттық спортымызды насихаттауға мүмкіндік жасаймыз. Сонымен бірге, министрлік пен ұлттық спорт қауымдастығы жоспарлап отырған жобалардың бірі – «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі. Бұған байланысты бір нәрсені айта кетсем, «Ақ жол» партиясы ұлттық спортқа қарай мойын бұра бастады. Аламан бәйге қыркүйектің бірінші жексенбісінде болады. Мәдениет және спорт министрлігі жобаларымызға әрдайым қолдау көрсетеді. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» қоры да көмектесеміз деп отыр, — деді ол.
Сондай-ақ, Бекболат Тілеухан көкпардан ІІ әлем чемпионатын өткізуге Түркия қызығушылық танытқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде нақты келіссөздер жүргізілуде. Аударыспақ пен Теңге ілуден өтетін Азия чемпионаттарына ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті өкілдерінің қатысуы жоспарланған. «ЮНЕСКО өкілдері шараға қатысатынын растады. Біздің ұлттық ойындардан өтетін Азия чемпионаттарына халықаралық ұйым өкілдерінің назар аударуы – этноспорттың болашақта әлемдік деңгейге шығуына мүмкіндік береді. Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық спортты өркендету жөніндегі бастамаларымызға үнемі қолдау білдіріп жатқанын айтқым келеді», – деді қауымдастық президенті.
Бұл чемпионаттарға 9 елден (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркия) 54 спортшы, ал жалпы жарысқа қатысатын делегация мүшелерін қосқанда, 100-ге тарта адам қатысады.
Теңге ілуден ІІ Азия және Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттарының жалпы жүлде қоры – 14 000 000 теңге. Жарыстың бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.
Қазақстан ұлттық спорт түрлері қауымдастығы