Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының мүшесі, Мәскеу қаласының ЦСКА клубының (әскерилердің орталық спорт клубы) жартылай қорғаушысы Аббосбек Файзуллаев Орталық Азиядағы ең қымбат футболшы атанды.
Transfermarkt порталында жарияланған мәліметке қарағанда, Ресей премьер-лигасында өнер көрсететін теңбіл доп шеберінің бағасы 6 млн еуроға жеткен.
Осылайша, Аббосбек Файзуллаев алғаш рет Орталық Азияның ең қымбат ойыншысы атанып отыр. Ал Италияның «А» сериясында ойнайтын Эльдор Шамуродовтың бағасы Transfermarkt порталында бес млн еуроға бағаланған.
Былтыр ЦСКА Аббосбек Файзуллаевты Ташкенттің «Пахтакор» клубынан небәрі 500 мың еуроға сатып алған болатын. Ол бір жылда Мәскеу клубының құрамында Ресей чемпионаты мен кубогы ойындарында бес гол салып, 14 нәтижелі пас берді. Енді оның бағасы 10 есе өсіп отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА