Бүгін сурдо футзалдан әлем чемпионатының финалында Қазақстан құрамасы Иран командасымен кездесті.
Ойынның негізгі уақытында командалар 3:3 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта Қазақстан құрамасы 4:7 есебімен есе жіберді.
Ойын тартысты болды. Құрама командамыз соңғы секундтқа дейін ойнады. Алайда қарсыластарымыз осал болмады. Иран командасы осымен екінші рет сурдо футзалдан әлем чемпионы атанып отыр. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында футзалдан алғашқы әлем чемпионаты Малайзияда 2022 жылы өтіп, финалға Қазақстан мен Иран шыққан болатын. Екі жыл бұрын да еліміздің спортшылары екінші орынға тұрақтаған еді. Дегенмен ұлттық құраманың дәрежесі өсіп, сурдо футзалға елімізде қызығушылық артып келе жатқанын айтуға болады.
Қазірде осы спортпен елімізде 3000-нан астам спортшы қатысады. Астанада өткен әлем чемпионаты сурдо футзалдың одан әрі дамуына әсер ететіндігіне сенемін. Жарысты өткізуге қолдау көрсеткен Туризм және спорт министрлігіне, Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығына, SportQory мен «Самұрық-Қазына» АҚ алғыс білдіреміз, — деді Қазақстан ұлттық сурдо футбол және футзал федерациясының президенті Мейрамбек Махамбетов.
Чемпионат нәтижесі бойынша бірінші орынды Иран, екінші орынды Қазақстан, ал үшінші орынды Бразилия құрамасы иеленді.
Айта кетсек, 21 жасқа дейінгі есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында сурдо футзалдан әлем чемпионаты алғаш рет Астанада 1-10 маусым аралығында өтті.
Жарысқа Украина, Бразилия, Қазақстан, Иран, Оман, Сауд Аравиясы, Өзбекстан, Тәжікістан, Азербайджан және Тайланд мемлекеттері қатысты.
Құралай ӘШІМХАНОВА,
АСТАНА