• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Сағадат батыр сайысында сайыпқырандар сынға түсті

    Алматы облысы, Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде джиу-джитсудан турнир өтті.

    Жыл сайын қоңыр күзде  ұйымдастырылатын додаға биыл Қырғызстанның Ош облысынан және Бішкек қаласынан да спортшылар келіп бақтарын сынады. Бұдан бөлек  «International Sagadat batyr jiu-jitsu kids cup-2018» турниріне еліміздің әр облысынан және Алматы, Талдықорған қаласынан да командалар қатысты. Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтың есімімен аталатын  «Sagadat batyr» клубының басшысы, білікті бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров  бас болып өткізген турнирге 5-17 жас аралығындағы 300-ден аса спортшы қатысып,  шеберліктерін паш етті.

    Алматы облысы, Іле аудандық әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының Іле аудандық филиалының мұрындық болып, қолдауымен өткізілген додада джиу-джитсу спортының ерен үлгісін көрсетіп, талантымен дараланған  «Qazaqstan Top Team» клубының спортшылары жалпыкомандалық есепте топ жарды. Екінші орын «KDS» клубына бұйырса, үздік үштікке «Roller» клубының өрендері орнықты.

    Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Әбілова және Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Іле аудандық кәсіпкерлер ассоциациясының төрайымы Жанна Телпекбаева, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Тұрымбетов  құттықтау сөздерін айтып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

    – «Нұр Отан» партиясының Іле аудандық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Сапарұлы ауданымызда спорт түрлерінің қарқынды дамуына әрқашан да қолдау көрсетіп, демеп жүреді. Біздің «Sagadat batyr» клубындағы спортшылардың алаңсыз дайындалуы үшін арнайы орын тауып беріп, түрлі сайыстарға қатысуға демеушілерді тартып, үнемі қолдап жүреді. Осы халықаралық турнирдің жақсы өтуіне Ерболат ағайдың көп көмегі тиді, – дейді  Нұрсұлтан Орынбасаров.

    «International Sagadat batyr jiu-jitsu kids cup-2018» турниріне джиу-джитсудан әлем чемпионы Жібек Құлымбетова ер балалар арасында күш сынасты. Сынасып қана қойған жоқ, 32 кг салмақ дәрежесінде турнирдің жеңімпазы атанды. Нұрсұлтан Орынбасаров осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық жарыстың жыл сайын көкжиегі кеңейіп, қатысушылардың саны артып келе жатқанын мақтанышпен айтты. «Қазақтың батыр ұлы, Тәуелсіз Қазақстанның армиясын құрып, қолбасшылық еткен армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов атамыздың айбыны мен батырлығын өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында жүзеге асқан шараға қатысқан барлық спортшылар  мен бапкерлерге алғыс айтамын», – деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

    Тағы бір ақжолтай ақпар «Sagadat batyr» спорт клубының өрендері республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып, спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін алды.

    Қ.РАХМЕТ,

    Өтеген батыр кенті,

    Іле ауданы,

    Алматы облысы  

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *