Алматының «Қайрат» клубы футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі алғашқы матчында Португалияның «Спортинг» командасынан жеңілді. Есеп – 1:4
Бұл матчта «Қайраттың» қақпашысы Шерхан Қалмырзаның ойыны қалың жанкүйердің назарын аудартты. Ол команданың негізгі қақпашысы Александр Заруцкий мен екінші қақпашы Темірлан Анарбековтің жарақат алып қалуына байланысты үшінші номерлі қақпашы болып ойнады. Осылайша ол UEFA Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас қақпашылар қатарына қосылды. Ол дүниеге келгеніне 18 жас, 3 ай, 3 күн өткенде жасыл алаңға шықты.
Бірінші таймда Шерхан Қалмырза сенімді ойнады. Ол матчтың 4-минутында Педроның тепкен добына аяғын қойып, сейв жасаса, 21-минутта Мортен Юльманның 11-метрлік пенальтиін кері қайтарды. Одан кейін де бірнеше рет қақпаны қорғап қалды.
44-минутта «Спортинг» сапынан Франсиску Тринкан есеп ашты.
Екінші таймда алаң иелері төрт минутта «Қайраттың» қақпасына үш гол салды. Әуелі Франсиску Тринкан 64-минутта доп соқса, одан кейін Алиссон Сантос 66, Жеовани Кенда 68-минутта нысананы дәл көздеді.
Ойынның 86-минутында «Қайрат» сапынан Эдмилсон бір голмен ғана жауап қайтарды.
Енді «Қайрат» 30 қыркүйекте Алматыда Испанияның «Реал Мадрид» командасымен ойнайды. Сондай-ақ олар «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен күш сынасып көреді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА