Торғай аймағындағы жаратылысы көркем жерлердің бірі – Маятас өңірі. Бұрын Сарыторғай кеңшарының бір бөлімшесінің орталығы еді. Қазір елсіз, айтақырға айналған. Маятастың бауырынан Қараторғай өзені ағады. Оның арғы бетінде, өткелдің ауызында жападан-жалғыз бір алып тас жатыр. Бұрын талай көрсек те, мән берген емес едік. Сөйтсек оның өз бойына бүккен сыры бар екен. Біз қайдан білейік, таулы жердің өзенінің жағасынан кездесіп қалып жататын көп тастың бірі ғой деп ойлаушы едік…
Биыл ата-бабаларының басына зиярат етіп қайтуға, ас беруге Астана қаласында тұратын сан қырлы өнер иесі әрі осы өңірдің білгір шежірешісі Жұмағазы қажы Жасымбеков келген. Ниет еткен шаруаларын ойдағыдай орындап болған соң:
– Жігіттер, жасым болса 60-қа жақындады. Туып-өскен, балалық жастық шағымның көп күндері өткен атамекенім Маятастың топырағына бір аунап қайтайын. Бір күннің әрісі не, берісі не, бірге жүріңдер, – деген.
Маятасқа барып, оның әсем табиғатын тамашалап, қажы ағамыздың әңгімесі мен әнін тыңдап, мәз-майрам болып отырған бір сәтте Жүкеңнің көзі өткелдің арғы бетінде қара нардай сұлап жатқан алып тасқа түсіп:
– Жарықтық, «Балуантас» әлі сол баяғы орнында жатыр екен ғой, – деп, балаша қуанып, отырған орнынан ұшып тұра келді… Ештеңеге қарамастан сылдырап ағып жатқан өзенді кешіп өтіп, «Балуантасқа» тура тартты. Үн-түнсіз біз де соңынан ердік. Жүкең «Балуантасқа» жетісімен бауырын төсеп құшақтап, оның бетінен сүйіп, орнынан тұрды. Көздері жасаураса да, жүзі бал-бұл жанады…
– Сендер білмейсіңдер ғой, өткен-кеткен заманның белгілерін айтып отыратын шалдар жоқ… Қазіргі қарттардың әңгімелері басқа ғой… Мен «Балуантасты» көргенде ата-бабаларымды көргендей әсерге бөлендім. Үлкендерден естігенімді айтып берейін. Біреуіңнің болмаса біреуіңнің ойыңда жүрер. Кейінгі ұрпаққа айта жатарсыңдар, – деп Жүкең әңгіме бастады.
«…ХIX ғасырдың басында Маятаста Арғын руының Төлек аталығынан шыққан өзі бай, өзі мырза, өзі балуан Құлымбет деген кісі болыпты. Үйінен қонақ үзілмейтін, дастарқаны жиылмайтын, отырған жері мереке жан екен. Бұл төңіректегі балуан біткеннің бәрін жеңіпті. Талай балуан іздеп келіп, күреспеймін десе де ерікке қоймай белдесіп, тізе бүгіпті. Сөйтіп Құлекеңнің атағы шартарапқа тарайды. Бірден бірге жетеді… Сол кезде Науырзым елінде Сүгір Смайыл деген балуан болады. Оның Құлымбеттен айырмашылығы жасынан күреске түсіп, балуандық өнерді серік еткен екен. Құлымбеттің атағы құлағына тиген соң кездесуге тағат таппайды. Ол кездің адамдарының ісі бөлек қой… Қасына екі жолдас ертіп, Құлымбетті іздеп жолға шығады. Келе жатып Құлекең туралы неше алуан әңгімелерге қанығады. Бәрінен де атақты мақтаншақ Дүйсенбайдың әңгімесі Смайылдың намысын қайрайды. Өзінің қалай бөсіп сөйлейтінін білмей қалатын бөспе Дүйсенбай сан әңгімені көпіртіп келіп:
– Смайыл балуан, есің барда еліңді тап деген. Құлымбетті қайтесің, ол сені бір қолына да ұстамайды. Бұл қазақта оны жеңетін балуан әлі туған жоқ, – дейді. Смайыл сылқ-сылқ күліп:
– Оны енді бара көрерміз. Жеңілсем жер көтереді ғой. Әдейі іздеп шыққан соң орта жолдан қайта алмаспын, – дейді.
– Әп-бәрекелді, әдейі сынамаққа айтып едім, – дейді Дүйсенбай кеңк-кеңк күліп.
Сайланып шыққан жолаушыға жер алыс па, сұрай-сұрай күндердің бір күнінде Смайыл балуан екі серігімен Маятаста отырған Құлымбеттікіне келіп түседі. Құлекең құдасы келгендей құрметпен қарсы алады. Тай сойып, қонақасы береді. Мәре-сәре мәжіліс құрады. Армансыз танысып, біліседі. Арада үш күн өткен соң Смайыл балуан келген шаруасын айтады.
– Е, балуан, мұның елеулі шаруа ғой. Төңіректегі елді жинайық. Бір жағымыз қара ағаштай қалың Найман, бір жағымыз көп Қыпшақ. Өнерімізді солар көрсін. Әйтпесе Арғынның екі балуаны жасырын күресіпті деген атаққа қалып жүрерміз. Бір сенен гөрі әсіресе маған қиын ғой. Алыстан арнайы іздеп келген балуан бауырын көрсетпей жіберді дейді ғой, – депті Құлымбет балуан.
– Мұның жөн екен. Айтқаның болсын, – депті Смайыл балуан.
Содан төңіректегі елдерге хабаршы жіберіліп, күресетін күн белгіленеді. Жұртқа не керек, қызық-думан керек, хабар тиген соң Маятасқа әр тараптан қонақтар ағылады. Өзі бай, өзі мырза Құлымбет Төлек елін көтеріп, келгендерді саба-саба қымызбен, семіз жылқының етімен қарсы алады. Жақсы-жайсаңдар тап бір тойға келгендей мәжіліс құрады. Әншілер ән шырқап, домбырашылар күй төгіп, ақындар таңдайынан жыр құяды. Ат жетер жердегі жамағат түгел жиналып болған соң Смайыл мен Құлымбет күреске түседі. Ел қызыққа батады. Алғашқы күні екеуі бір-бірін ала алмайды, тең түседі. Жасамаған айла, әдістері қалмайды. Жолбарысша жұлқысады, арыстанша айқасады. Бірақ бәрібір ештеңе шықпайды. Олардың күресін көздерімен көрген жалпақ жұрт қайран қалысады. Бұл төңіректе өмірі болып көрмеген думанға бөленеді. Күрес екінші күні де тең аяқталады. Әрине, балуандар біраз күресіп шаршағанда арасында дем алысып, тынығысады ғой. Одан кейін қайта күреседі. Қызыққа батқан жұрт айғайға басады. Біреулер Смайылды, біреулер Құлымбетті көтермелейді. Бірақ екеуі де беріспейді. Күн батады. Келесі күні тағы күреседі. Бәрібір ештеңе өзгермейді. Екі балуан тең түседі. Діңкесі құрыған жұрт:
– Ер кезегі – үшке дейін деген, екеуің үш күн күресіп, тең түстіңдер, біз ризамыз, зор қуанышқа бөледіңдер. Ат аунаған жерде түк қалады деген ғой Біздің соңғы тілегіміз — Маятастың етегінде жатқан мынау алып тасты екеуің он қадамнан кезектесіп көтеріп, өзеннің арғы бетіне, өткелдің аузына шығарыңдар, – дейді.
Елдің бұл тілегіне екі балуан да келіседі. Кезек әуелі Смайылға беріледі. Ол алып тасты құшақтап алып, тік көтеріп он қадам жерге қояды. Одан соң Құлымбет көтереді. Осылай көтерумен екеуі тасты Қараторғай өзенінің арғы бетіне шығарады. Жұрт қос балуанның бұл ісіне де риза болады. Қайран қалып, тарасады. Сонда осы жиынға қатысқан Шегенұлы Қазыбек би көпшілікке қарап:
– Уа, ағайын, Смайылмен Құлымбеттің өнерін төрт күн тамашалап, қызықтадық. Осы қызықтан бір белгі қалғаны жөн ғой. Сондықтан мына тасты «Балуантас» деп атайық. Ұрпақтарымыздың есінде жүрсін, – дейді.
Отырған жұрт бірауыздан:
– Бидің айтқаны жөн. Бұл тасты мұнан былай «Балуантас» деп атаймыз! – деседі.
Құлымбет балуан орнынан тұрып:
– Жиналған жамағат, Смайылдың менен жолы үлкен және арнап келген сапары ғой, мен жеңілгендік ырымын жасап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізейін, – дейді.
Жұрт балуанның бұл мырзалығына онан сайын риза болады. Бұдан соң Смайыл мен Құлымбет ел алдында төс түйістіріп, қияметтік дос болуға анттасады. Екеуі де өле-өлгенше сол антқа адал болып өтіпті деседі».
– Міне, жігіттер, бұл тастың сыры осындай. Аталарымыз қандай мәрт болған?! Егер осы «Балуантас» болмаса бұл әңгіме айтылар ма еді, екі балуанның кім болғандарын білер ме едік?! – деп Жүкең әңгімесін аяқтады.
Біз туған жердің тарихи ескерткіштерінің бірі – «Балуантасқа» сүйсіне қарадық. Қос балуанның қолының табы қалған оны қасиетті тас десе де артық па?!
– Жас кезімде тоғыз жігіт «Балуантасты» көтермек түгілі, орнынан қозғай да алмап едік. Жарықтық, әлі де аман-есен жатыр екен… Тілегім – қолды болмай немесе зақымдалмай, мәңгілік осылай жата берсе екен. Тек бетіне «Балуантас» – тарихи мұра деп жазып қойса ешкім оған тиіспес, қорғап, қорған болар, – деді Жүкең.
Рас-ау, мұнан былай осы маңдағы ел «Балуантасты» көздің қарашығындай сақтар, құрметтер… Неге десеңіз, бабаларымыздың балуандық өнерінің бір белгісі ғой.
Хамитбек МҰСАБАЕВ,
ақын, жазушы, журналист, публицист
«Қостанай таңы» газеті , 24.11.2004 жыл