Қазақстан футбол федерациясы Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне Талғат Байсуфиновтің тағайындалғанын хабарлады.
Талғат Байсуфинов 2025 жылдың қазанында ұлттық құрама тізгінін үшінші рет ұстады. Оның жетекшілігімен команда 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бірнеше матч ойнады Атап айтқанда, Қазақстан ұлттық құрамасы Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңіп, Солтүстік Македония (1:1) мен Бельгия (1:1) құрамаларымен тең түсті.
Бұған дейін Талғат Байсуфинов 2016-2017 және 2020-2022 жылдар аралығында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметін екі рет атқарды.
Талғат Байсуфинов бірқатар отандық футбол клубында бапкер болды. Әр жылдары «Есіл-Богатырь» (Петропавл), «Ақсу», «Ертіс» (Павлодар), «Ақжайық» (Орал) клубтарын басқарып, сондай-ақ Қазақстан жастар құрамасымен жұмыс істеді.
Ол футболшы болып «Ертіс», «Металлург», «Еңбек», «Экибастузец», «Жетісу» және «Восток» клубтарында ойнады.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары