• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «SARBAZ+» жобасының сарбаздары халықаралық додада бақ сынады

    Алматы қаласында өткен джиу-джитсудан халықаралық «NAURYZ OPEN» ашық турнирі отандық спорт пен әскери саланың түйіскен тұсындағы тарихи оқиғаға айналды. Алғаш рет халықаралық деңгейдегі кәсіби жарысқа «Sarbaz+» серпінді жобасы аясында дайындалған мерзімді қызметтегі 9 сарбаз қатысып, жақсы нәтиже көрсетті.

    Меморандум – жеңістің ресми іргетасы

    Бұл жетістік Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr» спорт клубы мен №78460 әскери бөлімі арасындағы жасалған меморандум аясында мүмкін болды. Осы құжат негізінде сарбаздар 5 ай бойы аптасына 3 рет джиу-джитсудан қара белбеу иегері Нұрсұлтан Орынбасаров пен оның шәкірті, қоңыр белбеу иегері Нариман Дауылбаевтың жетекшілігімен кәсіби жаттығудан өткен. Меморандумның басты мақсаты — әскер қатарындағы жастардың уақытын тиімді пайдаланып, оларды заманауи спорттық және интеллектуалдық дағдыларға баулу.

    9 батыр – 3 медаль: Халықаралық доданың нәтижесі

    Турнирге Қазақстан мен Қырғызстаннан 650-ден астам спортшы қатысты. «Sarbaz+» жобасының атынан сынға түскен 9 сарбаздың үшеуі жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, Алмас Өмірзақов (94 кг) алтын медальді жеңіп алса, Жақсылық Нұрболат (62 кг) пен Нұрдәулет Шәкір (69 кг) қола жүлдеге ие болды.

    Сондай-ақ, Айдос Исаев (62 кг), Жасұлан Фахрудинов (62 кг), Батырхан Шаймұрат (69 кг), Ернар Қызайбек (69 кг), Рахат Мұхаметқали (77 кг) пен Нұрбек Асқатов (77 кг) халықаралық татамиде алғаш рет бақ сынап, жақсы  күресті.

    Бапкер пікірі: «Нағыз заманауи әскер — осы!»

    Джиу-джитсу бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров сарбаздардың көрсеткішіне жақсы баға берді:

    -Бүгінгі нәтиже — Sagadat Batyr клубы мен әскери бөлім арасындағы Меморандумның нақты жемісі. 9 сарбазымыз да нағыз жауынгерлік мінез көрсетті. 5 ай бұрын ғана джиу-джитсумен танысқан жігіттердің бүгін халықаралық кәсіби спортшылармен иық тіресіп, 3 медаль алуы — үлкен жетістік. Шәкіртім Нариман Дауылбаев екеуміз сарбаздардың әлеуетіне сендік. Бұл жоба — мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің заманауи мүмкіндіктерін паш ететін үлкен қадам. Тек алға!, — деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

    «Sarbaz+» — Қорғаныс министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан серпінді жоба.

    Бағдарламаның мақсаты — мерзімді қызметтегі сарбаздарды джиу-джитсу, дрон басқару, ағылшын тілі мен IT дағдыларына баулу.

    Айта кетейік, турнирге Қазақстан мен Қырғызстаннан 5 пен 50 жас аралығындағы 650-ден астам спортшы қатысты.

     

    Наима НҰРАЛИ,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *