• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда жапондар жастарды дзюдодан жаттықтырады

    Қазіргі таңда бүкіл әлем халқы дзюдо күресін жақсы біледі. Өйткені, айтулы жекпе-жек түрінен Олимпиадалық, әлемдік, еуропалық және көптеген дүниежүзілік жарыстар үзбей өткізіліп келеді. Егер дзюдоның түпкі тарихына үңілсек, бұл күрес түрі алғашында ұрыс өнері ретінде бастау алғанын білеміз.

    Бұл жекпе-жек Жапонияда XIX ғасырдың аяғында дүниеге келген. Ел ішіндегі дүмпуден самурайлардың жағдайы тығырыққа тіреледі. 1871 жылы самурайлардың қынабына қылыш қыстырып жүруіне қарсы бұйрық шығады. Осы және өзге де  қоғамдағы оқиғалар өздерінің ұлттық күресін насихаттауға мүмкіндік  ашады. Алғашында дзю-дзюдумен айналысатындар мемлекетте саны есепсіз көбейіп, әрбір мектеп бір-бірімен ашық айқастарға шығып, тіпті кісі өліміне дейін барады. Дәл осы кезде дзюдоның негізін қалаған  Дзигоро Кано халық назарына шығады. Дарынды жан көптеген мектептердің күрестерінің элементтерін қоса отырып, дене мен рухтың гармониясы арқылы жаңа күрес түрі Кодакан Дзюдоны ойлап табады. Бұл 1882 жыл еді. Дзигоро Каноның негізгі мақсаты күрес техникасында балуанның өзін-өзі дамыту жағына басымдық берген. До деген сөз «жол» дегенді білдіруінің себебі содан болса керек. Дегенмен ескі мектептің өкілдері Каноны айыптап, небір балағат сөздер айтады. Бұл мәселе 1886 жылы оң шешімін табады.

    Билік бұл күресті бір жүйеге келтіру үшін екі мектептің, яғни Кодакан мен Дзю-дзюдумен мектептері арасында жекпе-жек ұйымдастырады. Бәсекеде Дзигоро Каноның 15 шәкіртінің  екеуі ғана тең түсіп, ал қалғаны жеңіске жетеді. Міне, осы кезден бастап дзюдо әскерлер мен полицейлер арасына, сонымен қатар орта мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламасына еніп, кеңінен тарала бастайды. Ал, Қазақстан жерінде де бұл спорт түрі дамып қана қоймай, Олимпиада, әлем жарыстарында балуандарымыз жемісті өнер көрсетіп, еліміздің атын әлемге танытты. Айталық, Асхат Житкеев, Елдос Сметов сында саңлақтарымыз Олимпиада ойындарында күміс жүлделерді иеленіп, көк байрағымызды көктен желбіретті. Осы балуандарымыз Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің  түлектері. Сонымен қатар, айтулы спорт мектебінің қабырғасынан дәріс алып, дзюдо спортында алдыңғы буын ағаларының жолын абыроймен жалғастырушы жастар қатары өсіп келеді. Солардың бірі және бірегейі Бекарыс Сәдуақас. Ол Аргентинаның астанасы Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасында өткен ІІІ Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері.

    Сол бір төртжылдықтың байрақты сайысында  Қазақстан құрамасының қоржынына дзюдодан  чемпион атанған баламыз  Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің  оқушысы. Бекарыс 100 кг салмақта дес бермей жеңістің бас тұғырына көтеріліп, еліміздің әнұранын Аргентина төрінде ойнатуға мәжбүр етті. Дарынды жас балуан осылайша өзі күнделікті жаттығып жүрген мектеп-интренаттың ғана емес, бүкіл қазақ елінің абыройын асқақтатып оралды. Бабаларымыз: «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің», – деп жатады. Бұл сөз Бекарыстай анадан дара туған балаға арналған шығар. Өйткені, тумысынан күреске  бейім жас, өсе келе қанатының қатаюына бірден-бір себепкер болатын оқу-жаттығу ұясын дәл тапқан деп айта аламыз. Оқуда да спортта да алда жүретін Бекарыстың Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде білімі мен бірге дзюдо күресіндеге асқар биіктерге жетуіне айтулы алтын ұя мектеп-интернатындағы бапкерлері мен басшылардың қамқорлықтары да шексіз болғаны  сөзсіз. Айтпақшы, бұл мектепте Жапониядан арнайы шақырылған маман балуандарды жаттықтырып келеді. Ат жіберіп алдыра алмайтын жапониялық бес дан иегері, Шинтору Чихараның К.Ахметов мектебіне арнайы ат басын тіреп, жасөпірім дюдошыларға шеберлік сабағын өткізуінің мәні зор. Өйткені, айтулы мектеп қабырғасынан аттарынан ат үркетін әлемдік деңгейдегі балуандар бірінен кейін бірі түлеп ұшуда. Жапон маманынан дзюдо күресінің техникасын қыр-сырын үйреніп қалу үшін, бота балуандар мектеп ауласында орын тепкен, зәулім дзюдо академиясының ғимаратында  шүмектеп тер төгіп, жаттығудан бір сәт қалмауға тырысады екен.

    Бүгінгі таңда мектеп-интернат колледжінің директоры Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақов мырзаның белсенді жұмысының нәтижесінде бой көтерген зәулім дзюдо академиясында балуандар шеберліктерін  шыңдауда. Бұл академия еліміздегі дзюдо күресіне арналған көшбасшы спорт сарайының бірі бірегейі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, табалдырықтан басып кірген ынталы жасқа дзюдо күресінде үлкен жетістікке жету үшін барлық жағдай жанжақты жасалған. «Ағаға қарап іні өсер» демекші, аттары әйгілі ағаларының ізін басар жастар қалайда Олимпиада биігін бағындыруды мақсат еткен. Сондықтан да дзюдо күресіне ерекше қолдау жасап, көңіл бөліп отырған Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің алар асуы әлі алда деп білеміз. Ал, Қазақстан жерінде де дзюдо күресі осылайша дамып қана қоймай, Олимпиада әлем жарыстарында балуандарымыз жемісті өнер көрсетіп, еліміздің атын әлемге танытып келеді.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *