• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Бүкіләлемдік күрес одағы

    Айбек Айтбеков: Америкаға әлем чемпионы атану үшін ғана бардым

    Бүгін таңға салым Атлант мұхитының ар жағынан қазақ даласына қуанышты хабар келіп жетті.

    Күрес түрлерінен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жалауы желбіреген 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды. Оның біреуін 72 келі  салмақтағы Юсуф Ашрапов, екіншісін 60 кг-де күрескен Айбек Айтбеков иеленді.

    Юсуф Жамбыл облысының, ал Айбек Абай облысы Аягөз ауданының тумасы. Қазір Айбек Астанада тұрады. Осы орайда 60 келі салмақта топ жарған балуанмен әлеуметтік желіде аз-кем әңгімелесудің сәті түсіп еді.  Едел-жедел әңгімеде ол бірден әлем чемпионы атанған сәттегі қуанышын сөзбен жеткізу қиын екенін, қазір толқып, тебіреніп тұрғанын, осы алтын медаль үшін ұзақ дайындалғанын айтты.

    «Мен үшін бұл ерекше сәт. Осы жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Көп еңбек еттік. Әуелі Алматы облысындағы Таусамалда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Одан кейін Алматы қаласында дайындықты жалғастырдық. Ал соңғы оқу-жаттығу жиыны Америка Құрама Штаттарында болды. Осы уақытта жарысқа барынша дайындалуға күш салдық. Сол еңбегіміздің нәтижесін көргеніме қуаныштымын», деді ол.

    Сонымен бірге ол ел намысын қорғап, әлем чемпионы атану өзі үшін үлкен мәртебе екенін, осы жетістікке жетуіне үлес қосқан жаттықтырушыларына, жақындарына, қолдау білдірген барша азаматқа алғыс сезімін жеткізді.

    «Әлем чемпионатына жер-жүзінің ең мықты балуандары келеді. Сондықтан қарсыластарымның ешқайсысын осал деп айта алмаймын. Барлығы да жарысқа үлкен дайындықпен келген. Әр балуанның өзіндік күрес мәнері мен ерекшелігі бар. Сол себепті әр белдесу өзінше қиын болды. Барлық қарсыласыма бірдей жауапкершілікпен қарап, әр белдесуде жеңіске жетуге тырыстым», деді балуан.

    Бұл жарыста Айбек Айтбеков бес рет кілемге шықты. Алғашқы айналымда U23 санатында Еуропа чемпионатының финалисі Гиорги Кочалидзені (Грузия), 8/1 финалда U23 санатында екі дүркін Еуропа чемпионы, 2025 жылғы U23 әлем чемпионатының финалисі Әлібек Әміровты (Ресей), ширек финалда Сейма Токухараны (Жапония), жартылай финалда U17 санатында әлем және Еуропа чемпионы Евгений Поковбаны (Украина), ал финалда былтырғы U23 санатындағы әлем чемпионатында 55 келіде топ жарған Елмир Алиевті (Әзербайжан) жеңді.

    Балуанның айтуынша, бұл додаға ол әлем чемпионыатану үшін ғана барған. Сол мақсатына жету үшін тыңғылықты дайындалған.

    «Мен әр белдесуге ерекше мән бердім. Себебі, қағаз жүзінде фаворит болғаныңмен, кілем үстінде мықты екеніңді дәлелдеуге тиіссің. Әр белдесуде күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан чемпионатқа жаңа айтқанымдай, көп жаттығып, дайындалдым. Шынын айтқанда Америкаға тек әлем чемпионы атану үшін ғана бардым. Қазір біздің 60 келі салмақта бәсекелестік өте күшті. Осы салмақта ересектер арасында әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали да күреседі», деді спортшы.

    Осы туралы Айбектен сұрағанымызда, ол:

    «Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогінде үнемі Айдос Сұлтанғали ағамызбен және басқа да мықты балуандармен белдесіп жүреміз. Бәсекелестік деңгейді өсіреді. Соның арқасында шығар, деңгейіміз өсіп келеді. Жаттықтырушыларымыз да әрдайым жанымыздан табылып, ақыл-кеңесін айтады. Жаныңда жанашыр адам болса ақылың аямайды ғой», деді ол.

    Жақын арада Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл дүбілі додаға әлемнің кілең мықты балуандары жиналады. Айбектің айтуынша, бұл сынға ол қатыспайды. Жаттықтырушылар штабының шешімімен балуан U23 санатындағы әлем чемпионатына дайындалды. Сол сенімді, сол үмітті Айбек балуан артығымен орындап шықты. Ол 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтетін әлем чемпонатын Сұлтан Әсетұлынан кейін жеңіп алып, құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал Сұлтан Әсетұлы 2023 жылы тұңғыш рет әлемдік доданың тәжін басына өлшеп көрген еді.

    Бүгін 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресі құрамасының тарихи нәтижеге жетіп, Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашраповтың алтын медальді жеңіп алғанын хабарлаған едік.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Кілемге бара жатқан сәт

    «Алтын медальдің салмағы қашанда ауыр». Фотода әлем чемпиондары Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *