• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Бүкіләлемдік күрес одағы

    Қазақ балуандары АҚШ-та әлем чемпионы атанды

    АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында еліміз үшін тарихи оқиға болды.

    Бұл дүрмекті додада  Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды. Сөйтіп, Қазақстан балуандары U23 әлем чемпионаты тарихында алғаш рет бір жарыста екі алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, Темірлан Тұрдақын финалға шығып, Джохар Узаров қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.

    «Айбек Айтбеков 60 келі салмақта күресіп, жарысты бес жеңіспен аяқтады. Ол алғашқы белдесуінде грузиялық Гиорги Кочалидзені 9:5 есебімен жеңсе, келесі кезеңде Ресейдегі қандасымыз, Омбы қаласының тұрғыны Әлібек Әмірден 9:0, ширек финалда жапониялық Сэйма Токухарадан 7:3 есебімен басым түсті.

    Одан кейін жартылай финалда украиналық Евген Поковбаны 5:4 есебімен жеңіп, финалда Әзербайжан өкілі Елмир Әлиевпен белдесті. Финалда қарсыласын 13:4 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды», деп хабарлады Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі.

    72 келіде Юсуф Ашрапов та алтын жүлдеге ие болды. Финалда ол Армения өкілі Гаспар Тертеряннан 4:3 есебімен айласын асырды. Бұған дейін жартылай финалда Түркия балуаны Ибрахим Өздемирді 47 секундта таза жеңіп, финалға жолдама алған болатын.

    Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, финалға тағы бір отандасымыз жолдама алды. 87 келі салмақта сынға түскен Темірлан Тұрдақын жартылай финалда Ресей балуанын 2:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының алтын медалі үшін белдесуге мүмкіндік алды. Енді Темірлан финалда Иран өкілі Ясин Әли Яздимен күреседі.

    130 келіде Джохар Узаров жартылай финалға дейін жетті. Финалға шығар белдесуде ол Ресей балуанына 0:5 есебімен есе жіберді. Енді Джохар әлем чемпионатының қола медалі үшін белдеседі.

    «Осылайша, Қазақстан құрамасынан бірден үш балуан U23 әлем чемпионатының финалына шықты. Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов алтын медаль иеленіп үлгерсе, Темірлан Тұрдақынның шешуші белдесуі алда. Джохар Узаров болса қола жүлде үшін күресті жалғастырады», делінген хабарламада.

    Лас-Вегастағы U23 әлем чемпионаты 18 қазанда өз мәресіне жетеді. Грек-рим күресінен бәсекелер жалғасып, одан кейін әйелдер және еркін күрес балуандары жарыс жолына шығады.

    Осыған дейін 2023 жылы грек-рим күресінен U23 санатындағы әлем чемпионатында Сұлтан Әсетұлы ғана алтын жүлде алған еді. Ал чемпионаттың өзі 2017 жылдан бастап өткізіліп келеді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *