• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Сағадат батыр спорт клубы саңлақтарға сый көрсетті

    Тарихтың жылнамасына жазылатын биылғы жыл қазақ спорты үшін табыссыз болған жоқ. Түрлі деңгейдегі сайыстарда қанжығамыз майланып, олжалы оралдық.  Жаңа жыл қарсаңында  спортшыларымызды марапаттау, құрмет көрсету шарасы Алматы облысы, Іле ауданы, Ашыбұлақ ауылында да өтті. Ұйымдастырған – «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубы.

    Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетовтың  95 жылдығына орай ұйымдастырылған спорт клубының жылдық есеп беру кешінде  «Жыл үздігі – 2019» номинациясы бойынша жас ерекшеліктеріне қарай Таймас Салимов, Нариман Даулбаев, Самат Айтпанбет марапатталды.
    – Биылғы жыл «Sagadat Batyr – QTT»  клубы үшін сәтті жыл болды. Клубта жаттығып, түрлі деңгейлі сайыстарда жарқырап көрінген   үш спортшы  Қазақстанның джиу- джитсудан спорт шебері, 20-дан аса спортшы  джиу- джитсудан спорт шеберіне үміткер атағына ие болды, – дейді клубтың жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

    Әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағанбетовтың есімімен аталатын клубтың ашылғанына екі-үш жылдың көлемі болса да, білікті жаттықтырушылар баптаған талапты жастардың шыққан шыңы, асқан асуы көп. Тек биылдың өзінде бірнеше халықаралық турнирлерге, әлем чемпионатына қатысып, толайым табыспен оралды. Сәуір айында Біріккен Араб әмірлігінің   Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында  «Sagadat Batyr» спорт  клубының спортшылары 10 алтын, 5 күміс, 7 қола медальмен оралды. Сондай-ақ, Ресейдің астанасы  Мәскеуде, Қырғызстан Республикасының Бішкек және Ош  қаласында, Өзбекстанның бас қаласы Ташкентте және еліміздің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен халықаралық турнирлерде  осы клубтың 80-нен аса спортшысы  жеңіс тұғырына көтеріліп, көк туымызды желбіретті.

    Осы жылы  Сағадат Қожахметұлы  Нұрмағанбетов  атындағы  «Sagadat Batyr» спорт  клубы  «Nur Otan» партиясы  Іле  аудандық  филиалымен  және Іле аудандық  балалар мен жасөспірімдер спорт мектебімен тізе қосып жасөспірімдер арасында  үш турнир өткізді. Наурыз айында  Сағадат Нұрмағанбетовтың  95 жылдығына  орай  Сағадат  батыр  турнирі, шілде айында  Жастар жылына  орай  ашық турнир және қазан айында  Өтеген батыр Өтеғұлұлының  320 жылдығына орай  біріншіліктер өткізді.

    Додаға еліміздің әр түрлі облыстары мен қалаларынан және көршілес ел Қырғызстан елінен де джиу-джитсу шеберлері қатысып, бақтарын сынады.

    «Sagadat Batyr – QTT» клубының жүйелі жүргізген жұмысының нәтижесінде жеткен жетістіктерді саралаған кеште патриоттық әндер шырқалды. Джиу-джитсу және грепллинг  күресінен  ел намысын абыроймен қорғаған талапты жастарды сахна төрінде кештің құрметті қонақтар марапаттады. Іле аудандық мәслихат төрағасы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов  атындағы  «Sagadat Batyr»  спорт клубның  президенті Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов , Джиу – джитсу қауымдастығының вице – президенті, Алматы облысы құрамасының бас бапкері, Қазақстан Республикасының  еңбек  сіңірген  жаттықтырушысы Нұржан Кенжеұлы Елкеев,  Аудандық ардагерлер алқасының төрағасы «Нұр Отан» партиясы бюросының мүшесі  Әмзе Әлдибекұлы Исаев жас спортшыларға сәттілік тіледі.

     

    Қуаныш РАХМЕТ,

     Алматы облысы,

     Іле ауданы.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *