• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Көкпаршы Сейдібай Мамықо пен журналист Ақын Ордабайұлы

    Ат құлағында ойнайтын ақсақал

    Көкпар – ұлттық өнеріміздің бір тармағы. Ендеше,  сол  ұлттық спорт  ойындарымыздың  жібін үзбей  ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны  елдегі атқұмар ақсақалды абыздарымыздың  да қосып жатқан үлесі зор деп білеміз. «Есік алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең», деген  екен бабаларымыз.

    Ауылыңда ақсақалды қарт жүрсе, береке, байлық, ынтымақ бірге ілесіп жүргендей сезілетінін белгілі. «Айналайын, жайлауындай даланың өлеңде сақалыңды сағындым», деп жырлағандай, ауылға барғанда, ақсамайлы ақсақалды қарттарға барып, сәлем беріп, дуалы ауыздарынан бір ұзын-сонар ұлағаты зор әңімелерді тыңдап рахатқа бөленіп қалатын кездерде алыстап бара жатқандай. Қазір сол қазыналы қарттарымыздың қатары азайып барады. Оның да себептері жетеді.Тарихтың бетін ақтарсақ, сонау ел аңырап туған жерінен безген,1932 жылдардардағы ашаршылықтан  бастап қазақтың басынан кешірмегені жоқ шығар, сірә. Бері келе бас көтерер азаматтарды жаппай ату, қудалау кезеңдері жалғасып, алаш жұртына тағы бір ауыртпалықты алып келгені аян. Содан кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында қаншама боздақтарымыз майдан даласында жер жастанып қалды десеңші. Міне, осындай тағдырдың қазақ еліннің басына салған зобалаңын өз көзімен көрген қарттарымыздың алдында біз келер ұрпақ бас иуге міндет санауымыз керек. Сол өмірдің сүрелең соқпақтарын  басынан өткерген аталарымздың алды  бүгінде жүзге тақаса, соңы сексеннің сеңгірінен көрінуде.

    «Ақылды алсаң азбассың, көпті көрген көнеден», демекші, сол ортамызда жүрген қазыналы қарттарымыздан үйреніп, алып қалар құндылықтар жетеді, сол жағына назарды көбірек аударсақ екен.

    Жасы тоқсанға келсе де  ат үстінен түспей, салауатты өмір сүріп, ауыл-аймаққа үлгі болып жүрген Сейдібай Мамықов атамыздың қимылы жылдам, жүрісі әлі тың. Ғасырға жуық өмір сүріп, халық өнерінің қаймағы көкпарымызды жастарға насихаттаудан бір жалықпайтын Сейдібай атамыз бүгінде додаға түсіп, нағыз шабондозға сай өнер көрсетіп келеді.

    «Жасы тоқсанға келіп, көкпар тартып жүр» дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Ал, біз Сейдібай атаның астындағы кәрегер атын ерттеп, үстіне қарғып мініп, шаба жөнелгенен көзіміз көріп, «Ойпырай, ақылдың кені, асылдың сынығы қарттарым әлі елде бар екен ғой», деп еміреніп, тебіреніп қалдық.

    Сейдібай атамыз Жамбыл облысы Байзақ ауданының Кеңес ауылында тұрады.

    Елу сегіз жыл қасында болған жұбайы Қаншайым апайдың айтуынша, Сейдібай ақсақал әлі күнге дейін көкпардан қаламайды екен. Астындағы аты  жарау болса болғаны, қайнаған көкпар додасына айғайды салып кіріп, тақымына көкпарды басып алып шауып жөнелетін көрінеді. Ас талғамау да атаның ерекше қасиеттеріне жатады.

    Жасы тоқсанға келсе әлі күнге дейін қолына таяқ ұстамаған, көзі ашық көкірегі ояу ауыл қарты, газет, журналдарды көзәйнексіз оқиды екен.

    Соның барлығын сүйегі асыл абыз  «ат үстінен түспей жүрудің  арқасында», деп санайды. «Көкпарға жарау атты дайындаудың өзі бір үлкен шаруа», – дейді қария.

    –Астыңдағы жүйрігіңнің артық тері алынып, нағыз бабына келгенде ғана, көкпарға шабуға болады. «Ал, менің аяғым үзеңгіге ілінсе болғаны, қандай асауыңды алдыма алып кел, алқымын басып беремін», – деп күліп қояды қарт көкпаршы. Сейдібай ата тыл еңбегінің ардагері, Ұлы Отан соғысы жылдары  хатшы болып қызмет істеп, өзі туған өңірінің әрбір ой-шұқырын  ат үстінде шауып жүріп аралаған екен. Соғыстан кейінгі жылдары өзінің әскери борышын Өзбекстанда өтеп келіп, көп жылдар ауыл шаруашылығында еңбек етіпті. Атқұмарлық  бала кезінен бойын билегендіктен, жүйрік ұстап, көкпар тартуды өмірінің өзегі деп алған екен.

    Ұлттық спортымыз көкпарды насихаттап, салауатты өмір сүріп жүрген ақсақалдың тоқсан жасқа толу торқалы тойын ел болып құрметпен атап өтті. Қазыналы қарттың думанды мерейтойына арналып, ат шабылып, көкпар берілді. «Қартқа құрмет – жасқа міндет», демекші, ауданның әр ауылынан келген шабондоздар  ақасақалдың мерейтойына ақ тілектерін ақтарып, сый-құрмет жасады. Өңірдің атқұмар шабондоздары Сейдібай атаны өздерінің ат спортындағы тұлғалы ұстаздары санайды екен. Сондықтан да  ақсақалдың ақбатасын алып кетуден артық жас көкпаршылар үшін маңызды ешнәрсе болмаған шығар.

    Ауыздығымен алысқан жүйріктердің тізгінін тартқан шабондоздар қаз-қатар тұра қалып тоқсанға келген Сейдібай атаның ақ батасын алғаннан кейін аламан көкпар додасы басталып кетті. Қасынан жұлдыздай ағып, жұлқыны шапқан шабандоздарды көріп отырған  қария шыдай алмай ат үстіне қонды. Ақ серкені тақымына таңып басқан Сейдібай ақсақалдың шеберлігіне таңдай қақпай болмас. Иә, 90 жасқа келіп, тақымынан көкпарды тастамай шауып бара жатқан ақсақалға қызығы да тамсана  қарадық.

    «Аяғым үзеңгіге ілінсе болд», – дейтін атамыздың айтқан аталы сөзіне көзіміз нақты жетті.Тоқсанның биігіне шыққан қарттың осы бір қантты сөзі атқұмар жастарға  қанат бітірер баталы  сөз болса екен.

    Өмірі қартайса да көңілі қартаймаған көнекөз  қария-көпке үлгі болып әлі де ортамызда жасай берсе дейміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *