• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Испания Гран-Приіне шолу

    Формула-1 қауымдастығы ішінде жиі айтылып жүргендей, Каталунья жолында қарсыластарыңнан басып озу аса қиын. Жексенбілік жарыс та соның бір дәлеліне айналды. Жарысты бірінші болып бастаған Mercedes-тің пилоты Льюис Хэмильтон мәреге дейін алдына жан салмай, Испания Гран-Приінің жеңімпазы атағына төртінші мәре ие болды. Бұл жеңіс – Формула-1 қауымдастығы үшін тарихи маңызы бар оқиға. Себебі, Л.Хэмильтон осы жеңісі арқылы подиумға 156-рет көтерілді. Осылайша, ол Шумахердің мызғымастай көрінген рекордын жаңартты. Естеріңізге сала кетейік, «қызыл барон» Ф1 подиумына 155 рет көтерілген болатын.

    Хэмильтонның командаласы В.Боттас үшін бүгінгі жарыс сәтсіз басталды. Бағдаршамның қызыл жарығы өшкен сәтте аздап тежеліп қалған Боттасты Макс Ферстаппен бастаған бірнеше пилот басып озды. Дегенмен де, Валттери көп ұзамай Макстан басқа қарсыластарына есе қайтара білді.

    Red Bull-дың үкілеген үміті Макс Ферстаппен бүгінгі жеңісті өз қанжығасына байлауға барынша тырысып, қолынан келгенін жасады. Алайда, алғашқы пит-стоптың алдында Хэмильтон жылдамдықты адам сенгісіз деңгейге жоғарылату арқылы Макстан қара үзіп кете барды. Сол кеткеннен Льюис Максты жарыстың соңына дейін шабуылға шығатындай қашықтыққа жақындатпады. Red Bull пилотының қанжығасындағы екінші орынды қорғап қалғаннан басқа ештеңеге мүмкіндігі болмады. Дегенмен де, М.Ферстаппен биылғы Mercedes-ке қарсылық көрсетуге болатынын дәлелдеп берді.

    Соңғы уақыттағы жарыстар қазіргі Формулада «үлкен үштіктің» қалыптасқанын анық көрсетіп жүр. Жоғарыда аталған үш пилот жарысты басқа болидтерден 1 минуттан аса уақытқа ерте бітіргені осыны тағы бір рет көрсетсе керек. Подиумнан тыс қалғандардың ішінде үздік нәтижеге Racing Point-тың қос пилоты қол жеткізді. Renault командасы жасаған шағымның шешімін тауып, бар назарын жарысқа аударған Racing Point биылға алғаш рет өз болидтерінің бар потенциалын қолдана алды. Испаниядағы жоғары нәтижеден соң, Л.Строллдың командасы Конструкторлар кубогында 3-орынға шықты.

    Кіші Стролл мен Серхио Перестің ізін-ала өз Отанында өнер көрсетіп жатқан К.Сайнс жарысты аяқтады. Ал, Ferrari-дың үмітін жалғыз арқалаған С.Феттель 7-орынға табан тіреді. Дегенмен де, төрт дүркін әлем чемпионы үшін бүгінгі күн сәтті аяқталды деп айтуға болады. Жарысты пелетонның артқы бөлігінен бастап, резинаны сақтай алуының арқасында бір рет қана пит-стопқа тоқтаған С. Феттель «Гран-Придің үздік пилоты» атағына ие болды.

    Red Bull-дың екінші пилоты А.Албон жақын арада командадағы орнынан айырылатын тәрізді. Оған себептердің бірі – бүгінгі жарыс. Өз командаласынан бір айналымға қалып қойып, жарысты 8-орында аяқтау – Формула-1-де сирек кездесетін масқара көрсеткіш. Ұпайға ие болған пилоттардың көшін П.Гасли мен Л.Норрис аяқтады.

    Жарысты уақытынан ерте аяқтаған жалғыз пилот — Ш.Леклер. Жарыстың орта тұсынан асқан сәтте, жолдың қақ ортасында қозғалтқышы істен шыққан монегасктың болиды қайта от алған сәтте, жарысты жалғастырудың еш мәні қалмады.

    Формула-1 қауымдастығы Испания Гран-Приі аяқталған соң 2 апталық демалысқа кетті. Келесі кезекте, жаздың соңғы күндері Бельгияның Спа қаласындағы Гран-Приде кездесетін боламыз.

     

    Ернұр МОЛДАШЕВ

    Бір пікір

    1. Я так уж значительно пристрастился читать Ваш онлайн-сервис, что не умею просуществовать без него и дня

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *