«Басқаларды бақытты етуге тырыса отырып, өз бақытымызды табамыз»
Платон
Қазақтан шыққан теңбіл доптың шебері, аты аңызға айналған Тимур Сегізбаевтың рухына арналады
Үлкен спортта төрткүл дүние көз тігіп тамашалайтын спорт ол әрине, футбол. «Болмасаң да ұқсап бақ», деп Абай айтқандай, бала кезімізден Пеле, Гарринча, Зико деген аттарды естіп, көрмесек те соларға ұқсасақ деп, көше бойында доп қуалап өстік. Футболды ағылшындар ойлап тапқанымен оны әлемге үлкен өнер ретінде таныта білген әрине, аяқ добының шебері Пеленің Отаны Бразилия екені ақиқат. Футболды жақсы көріп, оған деген сүйіспеншілігіміздің оянуы балдаурен балалық кезден бастау алған еді. Меніңше, футболды жақсы көрмеу мүмкін емес сияқты. Ауылда күн еңкейе бере көшенің шаңын көкке көтеріп, доп қуаламаған бала жоқ шығар. Солардың бірі мен едім. Әлі есімде, әлем чемпионатын тамашалау үшін ауылдан алшақ 5-10 шақырым жерде жатқан қойшылардың үйіне барып, тартысты ойындарды көгілдер экраннан қарағанымыз бар. Сонда теледидар жөнді көрсетпей, бір жігіт шатырдың үстіне шығып антеннаны айналдырып тұрса, біріміз төменнен дауыстап, әйтеуір көріп қайтқан едік. Сонда бізді соншама шақырым жерге алып барған футболға деген құштарлық болса керек. Сол кездері әр ауылда өздерінің ен тағып қойған өз Пелесі болған. Ауылдағы біздің көшенің доп қуалаған қара домалақ балаларының еншілеп қойған Пелеміз де болды. Ол Майлыбек деген жігіт еді. Майлыбектің допты алып жүріп, қарсыластарын түрлі финттермен алдап өтіп, соққан жойқын голдарын тамашалап, тәнті болатынбыз. Содан ол ел арасында Пеле деп аталып кетті. «Қасқа биеден қасқа тумаса да төбел туады» демекеші, Майлыбектің бел баласы Бейсақан да әкесі сияқты аяқ добының шебері болып өсті. Дегенмен де таланттардың көбісі қолдау, көмектің жоқтығынан ауыл тасасында қалып қоятыны белгілі. Бейсақ ауыл, аудан көлемінен аса алмай елде тұрақтап қалды. Кейін тіпті допты тастаған екен. Әрине, бала-шаға өрбіген соң, отбасылық өмір басты болып қала берері хақ.
Қазақстан футблына келсек, елімізде нөмірі бірінші спорт түрінің даму қарқыны сонау 1950-70 жылдары басталғанын білеміз. Ал, қазақ жерінде барша жанкүйерлердің осы бір ғажап спорт түріне деген құмарлығы Тимур Сегізбаев арқылы сүйіспеншілігі арта түсте десек қателеспеспіз. Әрине, әр баланың әр спорттың түрінде пір тұтып тұлға ететін спортшысы болары хақ. Ал футболда Тимур сияқты шебер ойыншы болғысы келген балада есеп болмағанын білеміз. Сол жылдары қазақ елінде жаңа туған баланың атын Тимур деп қою көптеп кездеседі. Тимур Санжарұлы туралы түрлі аңыздарды естуші едік. Соның бірі оң аяғымен доп тепкенде қақпаға қойып қойған маймыл мұрттай ұшып жан тәсілім болады десе, оң аяғына мықтылығы соншалықты қарсыласқа сес болсын деп, тіпті шүберек байлап қояды екен. Сол кезде аты әйгілі футбол жұлдызын көзімізбен көрмесекте газет, журналдан оқып, суретін қиып алып альбомға да жапсырғанымыз шындық. Иә, Тимурдың сол жылдардағы атынан ат үркетіндей, ел ішінде түрлі аңыз-әңімелермен әсерлетіп айтылушы еді. Біз қазақ, бір адамды мақтасақ аспанға бір шығарып, даттасақ жерге бір-ақ кіргізетіндей халықпыз ғой. Бірақ, Тимурға айтылған аңыздар рас болмаса да бір анығы бар еді. Ол футболдан қазақ жастары арасынан шыққан алғашқы КСРО спорт шебері атанып, өзі ойнаған «Қайрат» командасында тамаша ойын өрнегімен миллиондаған жанкүйрелерін тәнті еткен атақты футболшы болғанын барша жұрт жақсы біледі.
Қазақстан футболының тарихы туралы сөз қозғағанда міндетті түрде «Қайрат» командасын тілге тиек етеріміз хақ. Сонымен қатар, «Қайрат» командасы мен қазақ футболының баламасы ретінде аты әйгілі аяқ добының шебері Тимур Сегізбаев ағамызды міндетті түрде еске аламыз. «Қайрат» командасының құрамында сонау 1960 жылы алғаш рет алаңға шыққаннан бастап, Тимур Санжарұлының өмірі үлкен өзгерістен басталады. Алдымен осы жылы ел футболы тарихында тұңғыш рет «Қайрат» командасы КСРО чемпионатына қатысу мәртебесіне ие болады. Сол жылы Минскіде «Беларусь» клубына қарсы шыққан ойында, 19 жасар Тимур қарсылас командаға екі бірдей гол салады. Ал, 1964 жылы Алматыда Мәскеудің «Спартагына» қарсы өткізген кескілескен кездесуде Тимур Санжарұлы тарихи жетістігіне жетеді. 1960 жылдары «Спартак» командасын ұту былай тұрсын тең ойнауды өзі қарсыластарға мұң болған еді. Міне, осындай аузын айға білген алып командаға қарсы ойында жас талант Тимур тамаша ойын өрнегін көрсетіп, «Қайрат» жасағының бұрынғы қақпашысы Владимир Лисицын қорғаған қақпаға қос гол салып көзге түседі. Ойын аяқталғанда Кеңес Одағы футболының метрі, қайраткері Николай Старостин ойыншылардың киім ауыстыратын бөлмесіне келіп, Тимур Сегізбаевтың қолын алып, аса ризашылығын білдірген екен. Кеңес Одағы аймағына кең таралған басылым «Известия» газетінің кезекті шығарылымында «Тимур и его команда» деген мақала жарық көріп, футбол сүйер қауым ғана емес, барша қазақстандықтардың мерейін бір көтеріп тастайды. Осы ойыннан кейін, Қазақстан футболына мұрын шүйіріп қарайтын ресейліктер «Қайрат» командасына оның ішіндегі жарық жұлдыздай жарық етіп шыққан, теңбіл доптың теңдесіз шебері Тимурға ерекше құрметпен қарай бастайды. Сол дүбірлі ойыннан кейін Тимурға Мәскеудің танымал футбол функционерлері келіп, ұсыныс айтып, өз командасына шақырса керек. «Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз елімнің ұлтаны болғаным абзал» ұстаныммен атақты футболшы туған жеріндегі миллиондаған жанкүйерлерін қиып тастап кету үлкен қателік деп есептеп, сүйікті командасында қалып қояды. Осындай қадамға баруы нағыз елін сүйетін патриоттың қолынан келетін жанға ғана тән іс. Мәскеудегі матчтан кейін елімізде фуболға көзқарас ерекше жақсарып, дарынды футболшының ойынын көруге республиканың әр аймағынан жанкүйерлер ағыла бастайды. Алматыдағы орталық стадионның алды құмырсқаның илеуіндей қайнап жататынын көзбен көрген көнекөз жанкүйлерлер күні бүгінге дейін сағына айтады. Тіпті, ойын билеттері бірнеше күн бұрын сатылып, стадионда ине шаншыр жер болмай аншлаг болған екен. Сондай-ақ, ата-аналар сүйікті ойыншысына деген құрметпен балаларын футбол үйірмелеріне бере бастайды. Осылайша, Тимур ойнайтын «Қайрат» командасы нағыз халықтық командаға айналады. Иә, қазақ жастары арасынан Тимурдан кейін, ізін басып Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов секілді талантты ойыншылар елге белгілі болды. Ол ағаларымыздың да Қазақстан футболының дамуына қосқан үлестері зор болғаны ақиқат. Қанашама қаракөз жастарымыз Құралбек секілді қақпашы Сейілдә секілді тамаша ойыншы болғысы келді десеңші. Ал, Тимур Сегізбаев ол бір орны ерекше, тау басында жырақ өскен шынарадай жеке тұлға десе келіспейтін жан жоқ шығар.
Тимурдың анасы 14 құрсақ көтерген көпбалалы ардақты ана болған. Семей қаласында дүниеге келген біртуар футболшы бала кезінен жаратылысы ерекше, қабілеті зор өте зерек бала болып өседі. Жастайынан футболға ерекше құмар болып өскен Тимур, алға қойған мақсатына табынды еңбегі мен алла берген талантының арқасында жете біледі.
Футболдағы карьерасын белінен алған жарақатқа байланысты 29 жасында аяқтауға мәжбүр болған Тимур Санжарұлы бар саналы ғұмырын футболдың дамуына арнаған жан. Әйгілі футбол шебері 1970 жылы соңғы рет алаңға өзінің қоштасу матчнда Бакудың «Нефтчи» командасына қарсы шығады. Сол кездесуден кейін Тимур біржола футболмен қош айтысып, жиған тәжірбиесін көп жылдар бойы бапкерлік қызметте сынайды.
Қызылорданың «Автомобилист», Қарағандының «Шахтер» және Алматының «Қайрат» командаларын жаттықтырады. Бапкерлік қырынан да жақсы көрініп, тәжірбиелі футбол маманы клубтарды әжептеуір жетістіктерге жеткізе білген. Ал, Тимур Санжарұлының бапкерлік қызметіндегі ең үлкен жетістігі ол КСРО чемпионатында Тимурдың жаттықтырған «Қайрат» командасының турнир кестесінде 7 орынға көтерілуі еді. Бұл Қазақстан футболы үшін тарихи шыққан белестің бірі болғанын жақсы білеміз. Бұл көрсеткіш «Қайрат» командасы ғана емес, қазақ футболының сол жылдардағы бағындырған асқаралы биігі еді. Сонымен қатар Тимур атамыздың тағы бір айтар кетер еңбегі, аты әйгілі ойыншы, Қазанның «Рубин» командасын Ресей супер лигасында жеңіске жеткізген білікті бапкер Құрбан Бердыевты кезінде Ашхабадта жүрген жерінен елге алып келіп, Алматының командасының жидесін киюіне зор ықпал жасаған екен. Содан, Құрбан Бердыев «Қайрат» командасында да екі жылдай тамаша ойын көрсетеді. Негізінде сондай атақты бапкердің жарқын болашағы «Қайрат» командасынан бастау алады десе дұрыс болар.
Бірде, ұмытпасам 2005 жылдары ғой деймін, ел футболының 60 жылдардағы жарық жұлдыздарының бірі, Кеңес Одағы құрамасының сапында аты әйгілі Маракана стадионында Бразилияның олимпиадалық құрамасының қақпасына жеңіс голын соққан футбол ардагері Сергей Квочкинмен кездесіп, сөз арасында Тимур ағамыз туралы сұраған едім. Ол кезде Сергей Прокофьевич Квочкин Алматы қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы болып қызмет етіп жүрген болатын. Қашанда күліп жүретін жүзі жылы жан, Тимур Сегізбаевтың қандай ғаламат футболшы екенін мақтанышпен майын тамыза айтып берген еді. Тимурдың ала допты алдына салып алып, қарсыластарынан түлкі бұлаңмен айналып өтіп барып, қақпаға қатырып соққан голдарын көзімен көрген көнекөз футболшы, «ондай футболшы ғасырда бір туады», деп ойын айтқан болатын. Расымен де кейінгі жылдардағы футболдың бағыт бағдарын қарай отырып, Тимур ағамыздай командаға жан бітіріп, команда мен ұлттық құраманы сүйреп алға шығатын мүйізі қарағайдай аты елден ерек, серке жанның жетіспей жатқандығын көріп жатырмыз. Егер де 1960-70 жылдары Тимур ағамыз, футболы дамыған Еуропа елдерінде шақырту алып доп тепкен жағдай болса, онда аты әлемге жайылмақ па еді деген арманда ой түбінен қылаң береді.
Біз, адамның қаншалықты қадірлі, құрметті екенін тірі кезінде көңіл аудармай жүре береміз. Тек бақилық дүниеге өтіп кеткенде қабырғамыз қайысып еске алып жатамыз. Мүмкін бұл пендешілік болар. Табиғатынан зиялылығы мен парасаттылығы ерекше көрініп тұратын жанды халықтың жақсы көрмеуі мүмкін емес еді. Тимур Санжарұлы қайтыс болар алдындағы жылдары қатты ауырып төсек тартып көп жатып қалған болатын. Мен ол кісімен соңғы рет Қаз ҰАУ университетінің футбол алаңында өткен бір шарада кездесіп, біраз әңгімелескен едім. Атақты футбол ардагерімен өткізген сол кездесуде далада нөсерлеп жауын жауып, ауа-райы бірашама суытып кеткен еді. Сол күні ауа-райының қолайсыздығы мен Тимур ағамыздың денсаулығының нашарлап тұрғандығына байланысты біз сұхбатты кейінге шегердік. Қу тірліктің қамымен шапқылап кетіп, әйгілі футболшымен кездесе алмай қалдым. Өз аузынан көп нәрсені сұрап білгім келген еді. Кейін, бір хабарласқанымда ауырып жатқанын білдім. Өкінішке қарай, көп ұзамай миллиондағын халықты тамаша ойынымен тәнті еткен, ұлы футбол ардагері мәңгілікке көз жұмды. Семейде кіндік қаны тамып дүниеге келген әйгілі аяқ добының шебері Алматыда бақилық дүниеге аттанып кете барды. Иә, елімізде ол кісінің атында футболдан жасөспірімдер арасында халықаралық жарыс өтеді. Аты аңызға айналған футболшының есімі жасөпірімдер «Қайрат» футбол клубы академиясына берілді. «Бақыт барын салып еңбектенгенге бұйырады», деген екен И.Гете. Бар ғұмырын өзі таңдап алған сүйікті спортына беріп, бар күш-жігерін спортқа сарп етіп өз биігіне шыға білген футбол ардагері бақытты жанның бірі болды деп айта аламыз. Себебі, еңбегінің өнбегін көре білді. Төккен тер, қылған еңбегің ел игілігіне жарап жатса, одан асқан не бар. Дегенмен де, Қазақстандағы футболдың дамуына өлшеусіз үлесін қосып кеткен айтулы тұлғаның атында көркем фильм түсіріліп, көше беріліп, жеке ескерткіш орнатылса да артық болмас еді. Мысалы, көрші ресейліктер өздерінің атақты қақпашысы Лев Яшин туралы қандай тамаша тарихи деректі көркем фильмді түсіріп жарыққа шығарды. Тимур Санжарұлы туралы көркем фильм неге түсірілмеске. Тимур да Яшин секілді ұлтымыздың мақтанышы емес пе?! Олай болса ол ұлтжанды атымтай жомарттарға құлақ қағыс деп айтамыз. Өйткені, «Жақсының өзі өлсе де қалдырған ізі өлмейді», демекші келер ұрпақ ұлы футболшының есімін ұмытпай, үлгі етіп айтып жүруге міндетті деп ойлаймын.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ