Алматы қаласында қазақтың белгілі әнші-композиторы Алтынбек Қоразбаевтың «Алтын домбыра» атты өнер мектебінің ашылуына орай шағын футболдан турнир өтті.
Бұл жарысқа қазақ эстрадасы әншілерінің бірталайы қатысып, жасыл алаңда өнер көрсеттті. Өнерпаздар спорттан да құр алақан емес екендіктерін қолдан келгенше көрсетуге тырысты. Әншілерден құралған «Өнер қырандары» командасында Мейрамбек Бесбаев, Нұрмұқасан, Жұбаныш Жексенұлы, Ернар Айдар, Солтан Күнту, Мелс Сағатұлы, Сержан Молдасан, Ғаділбек Жанай, Райым Уайыс тартысты ойындарымен көпшілікті тәнті етті. Әсіресе, Жұбаныш Жексенұлының голдарынан нағыз кәсіпқой футболшыға тән ерекшеліктер байқалып тұрды. Турнирді тамашалауға келген көрермендер тамаша керемет әсер алды. Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған Алтынбек Қоразбаев осындай пандемия кезінде өткізіліп отырған шағын турнирдің саламатты өмір салтын ұмытпай, өнер иелеріне рухани демеу-күш болсын деген ниетпен ұйымдастырғанын айта келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өнер майталманы ойын алаңына шығып, ысқырық шалынғаннан кейін матчты бастап берді. Содан кейін жеңіс үшін жасыл алаңда жанталасқан кездесулер қыза басталып кетті.
Журналистерден құрылған команда жарыс барысында «Өнер қырандары» мен «Алтын домбыра» командаларын жеңіп финалға шықты. Финалда Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының командасымен терезесі теңдей ойын көрсетті. Жастар театрының командасы расыменде жалын атқан жастардан жасақталған мықты құрама болып шықты. Ақын Орадабай, Шоқан Мақанов, Аман Тасыған секілді жастары алды елуді соңы отызды алқымдаған тісққақан тәжірбиелі журналистер командасына әжептеуір қарсылық көрсетті. Күн еңкейіп ұясына батып кеткенде ойын аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атақты әнші Алтынбек Қоразбаевтың қолынан сый-құрметтермен марапатталды.
«Жарыстың үздік ойыншысы» атағы белгілі журналист Ақын Ордабайға табыс етілді. Осындай тартысты турнирді ұйымдастыруға ұйытқы болған әнші, режиссер Солтан Күнтуға жиылған халық пен қатысушылар зор ризашылықтарын білдіріп жатты. Шын мәнінде, еліміз мына жаман індеттен енді ғана есін жиып, айылын тарта бастаған кезде, жанымызға бұл турнир жылу беріп, серпілтіп сергіткендей болды. Ауруға мойымай қарсы тұру ерлік болып саналады емес пе. Ал, осындай кезеңде саламатты өмір салтына арналған жарыстардың демеуі көп екенін ұмыпағанымыз ләзім. Әрине, халық көп жиылмай қойылған талаптарға құрметпен қараудың да денсаулығымыз үшін маңызы зор. Сонымен жарыс соңындаАлтынбек Қоразбаев Алла бұйыртып жатса алдағы уақытта бұл турнирдің көлемін кеңейтіп, дәстүрлік етіп жасауға ниеттері бар екендігі туралы өз ойынан хабар бере кетті. Олай болса, Оңтүстік шаһарымызда жақсылыққа бағыштар спорттық болашақта көріп қалуымыз әбден мүмкін.
Дулат КӘРІБАЙ,
АЛМАТЫ