Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың сара жолы.
Ауыл – қазақтың күре тамыры, алтын бесігі, алтын ұясы. Ауылдан қаншама таланттар туып өсіп, еліміздің көрнекті салаларында жұмыс істеп жатыр. Ал спорт саласына келсек, үлкен спортта әлемдік ареналардың шаңын шығарып, ел намысын абыроймен қорғаған қаншама дарындар бар.
Ауыл топырағы талантты жастың талантын ашып, денесін шыңдай түседі. Ауылда туып өсіп, Олимпиада асуын бағындарған қаншама ел құрметтеген құрыш білек, құлагер спортшылардың есімдерін біраз тілге тиек ете кетсек. Айталық, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлықанов, Ермахан Ыбырайымов, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов секілді айта берсең таусылмас, қазақ спортының алыптарының көпшілігі ауыл топырағынан тамыр жайып, Алаштың атын әлемге танытты.
Бүгінгі әңгіме реті қазақтың спорт тарихында атын қалдырған айшықты балуаны, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Нұрбақыт Теңізбаев жайлы болып отыр. Нұрбақыт та ауыл өтінде туып өсіп, Олимпиада асуын бағындырған бірегей балуан.
Ол 1983 жылы 10 сәуірде Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында туған. Әкесі Молдахмет пен анасы Рысжан Нұрбақыттың бала кезінен спортқа әуестігін байқап, ерекше назар салып отырады. Алтын құрсақты анасы Рысжан апай 11 баланы дүниеге әкелген екен. Негізі көп балалы отбасында өскен бала өмірге құштар, кең пейіл, ақжарқын, мейірімді болып өсетіндігін ғалымдар айтады. Меніңше, Нұрбақыттың сондай елге жақын, ауылға бауыр-еті бұрып тұратын, аяулы азамат, парасаты биік, ақкөңіл жан болып өсуі сол көп балалы отбасынан алған тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Қарапайым ғана малшының баласының Алла берген таланты арқылы бір жерден тесіп шығатындығы бала кезінен-ақ белгілі еді.
«Болар бал бесігінде бұлқынар», демекші, бала Нұрбақыт өз қатарластарының арасынан барлық жағынан озып алға шығып отырады. Алдына мақсат қоя білу нағыз ер азаматқа тән қасиет. Бала Нұрбақыттың арманы жаны қалап тұрған күрестен әлем шыңын бағындыру еді. Осылайша, өзінің жүрек қалауымен айналысқан спорт түрі грек-рим күресімен 12 жасынан айналыса бастаған екен. Нұрбақыт 5 сыныпта оқып жүргенде бірде класқа бас сұққан Жұмақан Тұрғанбек деген бапкері күреске қатысқысы келетін балаларды өз үйірмесіне жинап жүргенін жария етеді. Содан Нұрбақыт бірге оқитын достарымен алғаш болып күрес залына барып, жаттығуын бастайды. Сабақта тәртіпті әрі үздік оқитын талантты жас күресте де қатарының алдына түсіп, бапкерінің оң көзқарасына ілігеді. Жұмақанға Нұрбақыттың қайтпас жігерлігі мен еңбекқорлығы, жылдамдығы ұнай бастап, дарынды шәкіртіне ерекше мейірмен қарай бастайды. Жаттықытырушысы балаларға қиналмайтындай етіп аз ғана өлшеммен жаттығу беретін болса, Нұрбақыт өзгеден ерекше артығымен істеп, жаттығып жататын болған. Сол кезде-ақ, бапкері Нұрбақыттың үлкен биіктерге шығатынын іштей сезе білген екен. Содан дарынды баланың мүмкіндігін білген бапкері Алматыда өткен бір дүбірлі жарысқа алып барып, алғаш рет бәсекеде бағын сынап көреді. Бала Нұрбақыт алғашқы жарысында қола медальге ие болып, қуанышпен ауылға оралады. Сосын ауылында Әзімбай Байғұтдиновтың атында жасөпірімдер арасында республикалық жарыс өтеді. Бұл сында Нұрбақыт қарсыластарын қоғадай жапыра өтіп, чемпион атанады. Осы жарыстан кейін-ақ, өзінің жеңіске деген сенімі артып, табандылықпен жаттыға түссе ешкімнен жеңілмесіне көзі жетеді. Нұрбақыттың ағасы Азамат інісінің бойындағы өзгеден ерек жеңімпазға тән қабілетін байқай жүріп, болашағын ойлай бастайды. Содан өзі тұратын Жаркент қаласында ашылған спорт клубына апарып, білікті бапкер Құдайберген Ағымовтың қолына тапсырады.
Нұрбақыт тұңғыш күрес әліппесін үйреткен, өзі қалаған күреске баурай білген бапкері Жұмақанның еңбегін ешқашан естен шығарған емес. Жылдар өтіп, ер жете келе Нұрбақыт «Дәулет Жаркент» кәсіпқой спорт клубында жаттыға жүріп, үлкен спорттағы ұлы дүбірге қосылып, бағын сынап үлкен жетістіктерге жетеді.
Мен өзім кезінде «Ауыл спорты» телехабарын жүргізіп жүргенде жолым түсіп, Жаркентке барған едім. Сонда «Дәулет Жаркент» кәсіпқой спорт клубына ат басын тіреп, Нұрбақыттың күрес залында шүмектеп тер төгіп, шаршамай жаттығып жатқан жаттығуына куә болған едім. Негізі айтулы «Дәулет Жаркент» кәсіпқой спорт клубының ашылуына қазақтың біртуар даңқты балуаны Дәулет Тұрлықанов себепші болған. Дәулет Болатұлының грек-рим күресінен жеткен жетістігі барша қазақ еліне жақсы белгілі. Өз ауылдан туып өскен азамат болғандықтан Дәулет Болатұлы еліміздің шалғай ауылдарындағы жасөспірмдер спорт мектебін көптеп ашуға мұрындық болған ел құрметтеген тұлға. Міне, Жаркенттен де дарынды балуандар шықса екен деген үмітпен Дәулет ағамыз үлкен бір спорт клубын ашып, ауыл балаларын күреске тартқан еді. Аты аңыз балуанның ол арманы да орындалғанын Нұрбақыттың жеңісті жолы арқылы көре білдік.
Хош, сонымен Нұрбақыт айтулы спорт клубында бапкері Құдайберген Ағымовтың қол астынды нағыз балуандар өтетін үлкен мектептен сүрінбей өтіп, тамаша жетістіктерге жете бастаған еді. Нұрбақыттың үлкен спортқа қанат қағып шығуына баулаған, жанашыр ағаларының бірі, жатықтырушысы Сейфуллин Дәуренбековтың де еңбегі ерен екендігін Нұрбақыт бүгінде жиі айтады. Иә, «Ұстазсыз шәкірт тұл», демекші адамның жақсы болып өсуі, ұстазының берген тәлім-тәрбиесінен екендігі жақсы мәлім. Балуан алғашқы сүйіншілеп айтар жеңісіне 2003 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жетеді. Осы бір дүрмекті әлем сайысында апайтөс жас балуан әлем чемпионы атанады. Содан кейін 2005 жылы Иранда өткен әлем кубогы үшін өткен бәсекеде күміс жүлдеге ие болады. Ересектер арасында да құрама сапында бозкілемге ел намысын қорғай бастаған шағында да Нұрбақыт жанкүйерлерін жерге қаратқан емес. Қытайдың Ухань қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлдені иеленеді. Әрбір спортшының арманы ол Олимпиада жарысында топжару екені белгілі. Ал, Нұрбақыттың спорт жолындағы ең бір жеткен биігі 2008 жылы Бейжің Олимпиадасы еді. «Өмірдің нәрі – білімде» екенін жақсы білген дарынды балуан алдымен Қажымұқан атындағы республикалық спорт мектеп-интернатында шеберлігін жалғастыра жүріп, сосын Мұхаметжан Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникациялар академиясына жоғары оқудан білім нәрімен сусындауды көздеп оқуға түседі. Бұл оқу орнынан екі бірдей мамандықты меңгеріп шыққан Нұрбақыттың төрт жағы түгелдей күйде еді.
Төрт жылда бір келетін Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарына Нұрбақыт нағыз бабында барды. Әлемнің кіллі мықтыларымен тайласып, тіпті, Олимпида чемпионы кәріс балуанын тізе бүктіріп келе жатқанда Әзербайжан балуаны Виталий Рагимовке жеңіліп, қатты қапыланған еді. Дегенмен 60 кг салмақта дарынды отандасымыз қытайлық балуан Шең Жиаңды тік тұрып жерден көтеріп, алып лақтырған әдісі қола жүлдені жеңіп алуына сеп болып, еліміздің абыройын көтеріп тастайды. Бұл қола медаль алтын жүлдеге бергісіз еді. Араға 9 жыл салып Нұрбақыттың жолын кескен балуанның әзербайжан Виталий Рагимовтың бойынан допинг табылып, ХОК шешімімен Олимпиаданың күміс жүлдесі кеш болса да өз иесін тауып табыс етіледі. Ол әрине, өзіміздің Нұрбақыт еді.
Еңбек жолын Нұрбақыт Қазақстан грек-рим күресі федерациясының нұсқаушысы болып қызметін бастайды. Нұрбақыт Молдахметұлы үлкен спортпен қоштасқаннан кейін, «туған жерге туыңды тік», демекші, өзі туып өскен Алматы облысының спортын соның ішінде грек-рим күресін дамытуға бар күш-жігерін салады. Талдықорған қаласындағы «Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі» мекемесінің директоры болып жүргенде көптеген талантты жастардың томағасын сыпырып үлкен спорт әлемінің есігін ашуына қолдау жасап отырады. Осылайша, грек-рим күресінен халықаралық санаттағы спорт шебері, елім, жерім деген дарынды балуанның ел спортындағы еңбегі еленіп, 2008 жылы «Құрмет» орденімен марпатталады.
Алматы облысы Деншынықтыру және спорт басқарамасының бастығы болып облыс әкім Амандық Ғаббасұлы Баталовтың шешімімен тағайындалған уақыттан бастап, облыс спортын дамытуға аянбай күш салды. «Жас келсе іске», демекші, үлкен спорттың қазанынында біте қайнасып өскен Нұрбақыт үшін өзі туып өскен өңірдің спортын көтеру көптен бергі көңіліндегі асқаралы арманның бірі еді. Нұрбақыт облыс спортының тізгінін ұстағалы бері ауыл-аймақтағы спорттың бойына қан жүгіріп, нәтижелер көріне бастады десек жаңылыс айтпаған болар едік. Жас та болса бас болып өңір спортының дамуына, жаңа серпін әкеліп зор үлесін қосып жатқан Нұрбақыт Теңізбаев үшін бұқаралық спортпен бірге олимпиадалық спорт түрлерін елді-мекендерде көтеру уақыт күттірмейтін жоталы мәселе екенін жақсы білетін білікті басшы білек түре белсене іске кірісті.
«Бұлақ көрсең көзін аш», демекші, ел ішінде талантты жастар жетерлік. Тек сол көзінде оты бар, сүйікті спортына деген сүйспеншілігі жоғары, талантты ұл-қыздарды тани білу бапкерге үлкен сын. Ол үшін ауданаралық, облыстық жарыстарды жиі өткізу арқылы үздіктерді анықтауға болады. Қазіргі кезде облыстағы әрбір спорт саласына бойында жалыны бар, өз ісінің жас мамандарын тарту мәселесін қолға алған Нұрбақыт Теңізбаевтың іргелі істері өз жемісін беріп келеді. «Жығылып жыламай, бала өспейді, қарап сыламай тал өспейді», деген дана халқымыз. Әсіресе, жастардың спортқа деген құмарлықтары өсіп, талантты жастардың тасада қалмауына бар жағдай жасалынуда. Соның барлығы Нұрбақыттың назарында. Өңірдегі барлық спорт мектептері мен спорт кешендерінің күнделікті тынысы мен тірлігінің тамыршысы да Нұрбақыт. «Мен облыс спортының басшысымын» деп, кабинеттен шықпайтын оқалы шекпенді кейбір басшылар секілді жаман әдеттен Нұрбақын бойын аулақ ұстайды. Ол өзі ауылда туып өскендіктен ауылдағы жастардың жағдайын жақсы біледі. Іссапармен ауыл-аймаққа жиі шығып отырады. Өңірлерде жұмыс істеп жатқан спорт мектептеріне барып, қызметтік киімін спорт киіміне ауыстырып алып, жасөпірімдерге бай тәжірбиесімен бөлісіп күресіп жататыны да бар. Бұл нағыз жүрегі ауылым деп соғатын жанның бойынан ғана табылатын азаматтық қадам. Балалармен балаша сөйлесіп, аралас-құралас болып жатқанын көргенде «бар бол бауырым» деп, ерекше риза боласың.
Нұрбақыт бүгінде алтын асықтай Нүрәділ мен Кәусәр есімді екі баланың әкесі. Ал, аяулы жары Нұрила әрқашанда жанына сүйеу, отбасының беркесі. Нұрбақыттай халық арасынан шыққан дара тұлға ел спортының тізгінін ұстаса да артық болмайды.
«Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, халқыңа орман салғаның өзіңе қорған салғаның», деген қанатты сөз Нұрбақыттай қазақтың елім деген асыл азаматына арналса керек.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ