• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Өлмейді Марадона!!!  (фото)

    Өзі өлгенмен оның ғаламат футболы өлмейді! Мен үшін МАРАДОНА әлемдік футболдың ең жарық жұлдызы боп қала береді! Өйткені мен оның ҰЛЫ ФУТБОЛЫНА  куә болған жанмын! Міне,оқыңыздар! Мұндай жанның ӨЗІ ӨЛГЕНМЕН  ӨНЕРІ ӨЛМЕЙДІ!!!

    Мен көрген Марадона

    О, тоба, ол маған тіпті таяу келді. Жиналғандарға жанарын жарқ еткізіп бір қарады да, үн-түнсіз орындыққа отыра кетті. Жонылған ағаштың бұрғыша бұралған қабығындай боп ұйысқан бұйра шашының иығына дейін түскен салаларынан тер тамшылайды. Ентігі әлі басылмапты. Маңдайы мен бет-жүзінде де әлгідей жүздеген тамшылар жылт-жылт етіп, жарқыраған шамдарға шағылысқанда, зертастай сан құбылады. Мойнына алтыннан бау тағып алыпты. Бұршақ-бұршақ тер соны қуалап, домалап түсіп жатыр. Мен осының бәрін көріп тұрмын…

    Ол дегенім – Марадона. Мексиканың Пуэбла қаласындағы стадионының аумақты баспасөз орталығы демде тарылғандай болды. Жиналған журналистерде есеп жоқ. Кинооператорлар мен фототілшілер жарқ-жарқ еткізіп суретке, бейнетаспаға басып, оның жан-жағынан қаумалап алған. ХІІІ әлемдік доп додасының кезекті ойынынан соңғы баспасөз мәжілісіне Аргентина құрама командасының бапкері Карлос Билардо әйгілі Марадонаны ерте келген еді.

    Конференцияға үздік ойыншыны ерте келу дәстүрі бұрыннан бар. Киевтік журналист Юра Гайдар екеуіміз мұнда бұрынырақ келіп, алдыңғы қатарға отырып алғанбыз. Алдыңғы қатар мен футболшылар отырған үстелдің арасы есік пен төрдей жер, Марадонаны тым жақыннан көріп отырған себебім сол. Сонау қиырдан мұхит кешіп іздеп келгеніміз футбол мен футболдың дәл Марадонадай жарық жұлдызы ғой. Сондықтан оның жүзіне құмарта қараймын. Естеріңізде ме, Марадона жасыл алаңда сом білегін, әдейі ел көрсін дегендей, денесінен сәл бөлекшелеу ұстап жүреді. Сол білекті Юрик Варданянның білегімен ойша салыстырушы едім. Бүгін байқадым, алып бара жатқан білек жоқ. Қолы қысқа, бірақ етті, кең жауырынды, ұзаққа шабатын жүйріктей төсі шалқақтау екен. Елге білдірмей еппен аяғына қараймын. Ол да қысқа, бірақ тегеурінді екені білінеді. Сан етінің дірілі әлі басылмапты. Қос сандағы бұрқ-сарқ қайнаған ғаламат күшті сездіргендей, әлсін-әлсін бүлкілдеп қояды. Бұл еттер тізеге жете бергенде қақ айырылып, тура ұршық сүйектің ішкі жағына жұдырықтай түйіліпті. Екі аяғындағы сондай бұлшық еттер кісіні өзіне еріксіз қаратады. Бұл допқа сілтегенде аяқтың басына күш беретін бұлшық еттер ғой. Тізесі… ортасынан опырған қосауыздай тізенің ұршық сүйегі болар-болмас қана білініп тұр. Керісінше, тізеден төменгі қол жіліктерді тартып босатып тұратын қос жіптің екеуі де бас бармақтай жуан екен. Бұл – допты қанша тепсе де, ебіл-себіл боп қанша жүгірсе де шаршамайды деген сөз. Бүкіл ойын бойы тізеден төмен бунап тұратын тоқыма футбол шұлығын Марадона төмен түсіріп жіберіпті. Бұл жіліктің терісі дем алсын дегені болар. Сирақтағы бұлшық еттері дәп бір күш беретін аккумулятор секілді ме, қалай?..

    Тобықтан жарты қарыс жоғары ала басталатын бұл бұлшық еттер сирақтың қос жотасы секілді, төңкеріліп жатыр.

    …Баспасөз конференциясы өтетін бөлме тар. Ал жиналған журналистерде есеп жоқ. Бәлен қалада бірдеңе сатып жатыр деп еліктірсе де бармайтындар түгел осында жүр. Киношылар, фототілшілер зу-зу еткізіп киноға, жарқ-жұрқ еткізіп суретке түсіріп жатыр. Марадона әлі терлеп отыр. Алайда сүртінейін деген ол жоқ. «Әр кездесудегі жеңіс бізге осылай келеді. Журналистер соны көрсін» дегендей тым тәкаппар отыр ол.

    Алғашқы сұрақ тосыннан қойылды:

    – Сізді Платинимен салыстырады. Соған қалай қарайсыз?

    Марадона сәл жымиды. Аз-кем үнсіздіктен соң:

    – Салыстыратын себебі – екеуміз де Италияда ойнаймыз ғой. Сіз бұл мәселе жайлы Платинидің өзі не айтқанын білесіз бе? – деді.

    …Осыдан төрт жыл бұрын Испания чемпионатына жарқ етуге тиіс жұлдыз боп барған Марадона тентек баладай алаңнан қуылып, еліне абыройсыз қайтты. Бірақ араға жыл салмай оның аты қайта аспандады. Әлемдік футбол командалары Марадонаны арман қылды. Ақыры Испанияның «Барселона» клубы сегіз миллион долларға сатып алды. Бірақ Марадона онда көп тұрақтай алмады. Өздерінің жиып-тергенін бір-ақ күнде сіміріп салған керемет қымбат ойыншы «Барселонадағы» қалған 21 футболшыға ұнаған жоқ. Алаңда доп тастамай босқа салпақтатты, сөйлеспейтінді шығарды, жандарына ертпей, көңіліне қаяу салды. Қысқасы, сегіз миллион долларды олар айналасы сегіз-ақ айда сығып алды. Ойыншылар бірін-бірі іштен шалған соң команда қарсыласын қайдан жеңсін?.. Шақшадай басы шарадай болған олар тезірек, құны түспей тұрғанда Марадонадан құтылуды ойлады. Осы кезде Италияның «Наполи» командасы «сөз салды». Сәл бәлденген болды да, соңында: «Жарайды», – деді. Қуаныштарын жасырып қалды. Кем алған екі миллионды садақа деді, алты миллионды тағы да кассаға тоғытты. Сөйтіп, Марадона дәм-тұз айдап, Италияға кетті.

    Міне, осы кезде оның атына ғайбат сөз келді. Бұл кезде Платинидің жұлдызы жарық жанып тұрған еді. Европа чемпионы болды. Италияның «Ювентус» командасының құрамында европалық кубоктардың бірінен соң бірін алды. Бірақ Платини жел сөзге ермей, көргенділік танытты. «Саған жетер ешкім жоқ», – дегендерге: «Менде Марадонаға табиғат берген көз арбар техникалық шеберлік жоқ, менің атымның ауыздан түспеуінің себебі – мен ойнайтын команда керемет күшті. Сондықтан да Марадонадан гөрі менің жарқ етіп көзге түсуім оңайырақ. «Барселона» оны алуын алса да түртпектеп, маза бермеді. Ал «Наполи» (Марадона сонда ойнайтын) сырттан келген ойыншыны ұзақ уақыт құшағына тарта қоймады. Оның көлеңкеде қалып тұрғаны осыдан. Бірақ Марадона, ол – Марадона ғой», – деген еді. Менің ойымша, доп алаңы сайыпқыранының Марадонаға берген бағасы орынды!

    Расында «Наполиге» еті үйренген соң-ақ Марадонаның басына бақ қайта қонды. Батыс баспасөзі Марадона жайлы шулап қоя берді.

    «Наполи» командасындағылар Марадонаға алты миллионды жалмаған деп емес, қосымша алты миллион әкелетін алтын бұлақ деген үмітпен қарады.

    Мексика чемпионатының дүбірі құлаққа талып жететін күндері Италияға Аргентина құрама командасының аға жаттықтырушысы Карлос Билардо ұшып келді. Марадона екеуі есікті тарс жауып алып, ұзақ сөйлесті. Еретеңіне Билардо көңілді аттанды. Тіпті кетерінде бүкіл «Наполи» командасына тегін түстік ас берді. Бұл түстікте отырған «Наполи» командасы басшыларының ойы сан саққа жүгіріп еді. Отандастардың оларды орағытып кеткені белгілі болды. Көп ұзамай әңгіменің шеті де шықты. Билардо Марадонадан Аргентина құрама командасында ойнайтыны жайлы ризашылығын алуға келгенін мәлім етті. Бірде: «Аргентина құрама командасы даярлық ойынын өткізеді, Марадона тез жетсін», – деген бір ауыз сөз ғана жазылған алғашқы хабар келді.

    Марадона іркілген жоқ, қожаларына ескертті де еліне тартты. Араға апта салмай Италияға қайта оралды.

    Билардо оны тағы шақыртты. Клуб басшылары салқын қабақ танытты. Қанша айтқанмен нан жеп отырған жері ғой, Марадона да сасып қалды. Еліне телефон шалып еді, ертеңіне Билардоның өзі ұшып келді. Әуелі команда иелерімен келіссөз жүргізіп көрді. Олар беттетпеген соң Марадона екеуі тағы оңаша қалды. «Мен өз елімнің құрамасы үшін ойнамасам сол елдің ұлы екендігім қайсы? Шіріген бір жұмыртқамын да», – деп жыларман болды Марадона. «Бәсе, саған сенген едім, Диего. Саспа, шақырсақ батыл келе бер. Ары-бері жол қаражатын да, алда-жалда ат құйрығын үзісіп жатсаң, алты миллионды да құраманың қалтасынан төлеп жіберемін. Сен бізге керексің!» – деді Билардо. Өзі ертеңіне ұшып кетті.

    Көп ұзамай-ақ: «Тез жет, ойын бар!» – деген телеграмма алды да, Марадона Аргентина қайдасың деп қайта тартты. Қайтып келгенде теріс қабаққа жолықты. Араға ай салмай Билардо тағы шақырды. Бірден самолетке билет алды. Команда басшыларымен келіскен де жоқ. Бәрібір бара ғой демесін білді. Бұл жолы тура ұшқалы тұрғанда, аэропортта полицейлер етегіне жармасты. Оларға бұл ештеңе дей алмады. Мұны естіген Билардо тағы ұшып келді. Қолтығында қапшығы, қапшығында алты миллион доллар бар. Қапшықты «Наполидің» қожаларының алдына тастады да, Марадонаны жетектей жөнелді. Итальяндықтардың жүзінде қан-сөл қалған жоқ. Марадонаның арқасында айына алты миллион доллар тауып отырғанда оны өлмей берсін бе?! Билардоны қуып жетті, аяғына жығылды, ақыры райынан қайырды.

    Билардо еліне ұшып кетті. «Наполидің» қожалары оның бейбітшілікпен кету құрметіне салтанатты түрде ертеңгілік ас берді.

    …Әлем чемпионаты таяған сайын Марадона Аргентинаға тіпті барғыштап кетті. Бұл әдеті «Наполидің» басшыларын тіптен титықтатты. Аптасына Атлант мұхитын екі рет кесіп өтіп жүретін күндері де болды. Клуб оны есебін тауып ақшалай айыпқа жықты.

    …Кеше ғана суға ұн салып, быламық ішкен Марадонаның ақшасы бүгін қалай шашса да жеткілікті. Байлығы бәріне жетіп жатыр. Сондықтан Марадона ештеңеден тартынған жоқ. «Мен үшін өз елімнің құрамасының сапында ойнау бәрінен де қымбат, – деді ол сұрағандарға, – сондықтан мені ақшамен қорқытамын деу ақымақтық. Менен футболды тартып алу арқылы ғана бақытсыз етуге болады. Бірақ бүгінде бұл әрекет Құдайдан басқаның қолынан келмейді!»

    …Залдағылар шу ете қалды. Марадона әлі сөйлеп тұр екен.

    – Аргентина чемпион бола ала ма дейсіз бе? Әрине. Егер біз чемпион атанбасақ мұнда неге жүрміз? Қате айтсам, қатарымда аға жаттықтырушы Билардо отыр ғой, сол түзетер. Себебі, әзірге Мексикада бізден жақсы ойнайтын команданы көріп отырған жоқпын. Біздің жігіттер сайдың тасындай, жеке-жеке жіберсең де, коллективтік футболда да олар ешкімді тең келтірмейді.

    – Аргентина футболындағы бүгінгі басты кемшілік не?

    – Аргентина – талантты футболшыға бай ел. Бүкіл Аргентина футболшы! Біздің кез келген жанкүйер ортақол командаға бапкер бола алар еді. Бұл артық айту емес, соған дәлел – бізде талантты жастар жауыннан кейінгі көктей боп шығады. Біздегі кемшілік – осындай талантты көре сала жер-көкке тигізбей мақтаймыз. Әлгі талант бұдан тез бұзылады.

    – 1982 жылғы өзің секілді ғой…

    – Дәні бар сөз. Мен қазір едәуір есейдім… жауапкершілікпен қарайтын болдым бәріне. Бірақ басты өзгерген мен емеспін, Аргентина құрама командасы. 1982 жылғы құрама өңшең допты жусатып-өргізетін шеберлерден тұрушы еді. Бірақ оларда бірлік болмады. «Бірлік болмай – тірлік болмайды» деп әр елде-ақ айтатын болар…

    – Сонда Карлос Билардо Луис Меноттиден мықты болғаны ғой?

    Бәріміз артымызға жалт-жалт қарадық. Залдың ең шетінде Луис Менотти тұрған. Ұзын бойлы, шашы иығына түскен Меноттидің жүзінен сәл толқу білінді. Кезінде «болаттай адам» деп аталып кеткен Менотти бұл сынға шыдамады. Билардо да жүзін төмен салды. Марадона ғана сасқан жоқ:

    – Мүлдем олай емес! Бұл жердегі мәселе әр маманның ұстанған тактикасында. Менотти 90 минут бойы тізгінді бір тартпайтын шабуылдың адамы еді. Ал Билардо болса шабуыл мен қорғанысты қатар ойлайды. Өтірік десе өздері айтсын. Егер назар сала қарасаңыздар, осы чемпионаттағы үздік командалар – Бразилия мен Франция осы әдіспен ойнап жүр.

    – Ең қатты қуанған және өкінген кезіңіз қашан?

    – 1978 жылы өз елімде өткен әлем чемпионатына сонша дайындалып, тура басталады деген күні бапкерлер мені тізімнен сызып тастағанын әлі ұмытпаймын. Мұнан үлкен өкініш бола ма? Футболы құрысын деп, допты бір-ақ теуіп, басқа спортқа кете жаздадым. Бірақ бәрі түсінікті ғой. Ол кезде 18-ге де толған жоқпын… Ал ең қатты қуанатын күнім алда деп ойлаймын. Ә-ә, бала кезімде бір ағайым нағыз былғары доп әкеп сыйлағанда сол допты тозғанша теуіп қуанғаным есімде…

    – Бүгінгі ойын жайлы ойыңыз қалай, Диего? Аргентина құрама командасының осы қарқыны чемпиондыққа дейін жете ме?

    – Бүгінгі ойынды өздеріңіз көрдіңіздер. Ал чемпиондыққа жетеміз демесек, бүгін-ақ ұтылып, ертерек елімізге қайта бергеніміз жөн деп ойлаймын өз басым.

    …Пуэблоның көшесіне кірген кезде бірден байқағанымыз – король пальмалардың сапқа қойған солдаттардай қаз-қатар бой түзеп тұрғандары. Әрі өздері бір жылы туған балалардай бірінен-бірі биік емес, біртегіс. Сол пальмалардың салтанатына таңданып отырып, стадионға да тез жеттік. Пуэбло – Испанияның Толедо деген қаласы секілді сұлу әрі тарихи орын екен. Футболға да сабырлылау ма дедім. Әр көшеден санап алғандай ғана жанкүйер кетіп жатты стадионға.

    Біз стадионның алдына автобусымызды қаңтарған кезде көрген сурет бүгінгідей есімде: тас төселген алаңға ұзындығы 25-30 метр, ені 4-5 метрлік матаны жайып тастапты. Мата болғанда жай мата емес, Аргентина құрама командасының ұлттық футбол жейдесінің түсіндей ақшыл-көгілдір жолақ мата. Соның бетіне арбаның дөңгелегіндей әріптермен «Аргентина! Сен жеңіске шөлдедің! Алға! Сені бұл жеңіске Марадона жеткізеді! Рас қой, Диего!» деген сөзді кестелеп жазып жатыр екен. Марадона болса бүкіл матч бойы тұтас бір трибунаға кілемдей жабылған бұл матадағы сұраққа мүлтіксіз ойынымен жауап берді.

    Стадионды Аргентина мен Уругвайдың жанкүйерлері тең бөліп алыпты. Пуэблолықтардың стадионға аз шұбырғанына да себеп осы екен-ау. Стадионды мыналар көтере сатып алған ғой. Аргентиналықтар өз жақтарынан дүрсілдетіп салют атып жатыр. Тура өздерімен бірге зеңбірек ала келген секілді.

    Ысқырық берілер алдында Марадона жасыл шөпке тізерлей отырып, аяқкиімнің бауын қайта тартты. Көкпарға түсерде атының тартпасын қатты тартқаны болар. Он минут өтер-өтпестен Марадона Уругвайдың айып алаңына жақын жерден екі ойыншыны қапы қалдырып, алға сытылып шыққан Вальданоның алдына допты салды да берді. Вальдано асығып сыртқа соқты. Ақыры, бірінші тайм таусыла бере Марадона тереңнен бастаған шабуылды тағы сол Вальдано сәтті аяқтады – 1:0.

    Алғашқы үш ойыннан кейін сынға ұшыраған Батистаның ойынына сенген Марадона енді үздік-үздік алға кете берді. Бірінші таймда ол қорғаныстың да кірпішін қаласып жүрген. Екінші минут өте бере Хиусти оң қапталға қарғып шығып кеткен Марадонаға берді допты. Үш қорғаушы бірінің соңынан бірі тұра қалып, Марадонаның жолын кес-кестеді. Біреуін оңай алдады да, екіншісінің аяғының арасынан итере салды допты. Өзі қаптал сызыққа тым жақын жүрген. Үшінші қорғаушы енді оң жағын, алаң жағын баға берді. Бірақ Марадона қолсозым таяп келді де солға, қаптал сызық жағына алдады. Ені небәрі 5-10 сантиметр ғана алаңқайдан ол допты да өткізді, өзі де өтті, қорғаушыны да соңында қалдырды. …Алдына енді қараған Марадона аяғына оралғалы келе жатқан қақпашыны көрді. Қорғаушылармен болып жүргенде қақпашы бұқпантайлап келіп қалыпты. Оны да етпетінен түсіріп кетті. Бірақ өзі қақпаға жете алатын емес – қақпа қапталында қалды. Оған ұмтылар болса әлгі үш қорғаушы, тағы әнебір екеуі алдан кес-кестері анық. Айып алаңына қарап еді, Хиустидің өзі ең ұрымтал тұста тұр екен. Допты қолмен лақтырғандай Хиустиге тастады. Мұндай дәл пас сирек болады. Хиусти апандай қақпа алдында жалғыз тұрып-ақ жер соғып қалды. Өзі оңбай құлады. Марадона оны тұрғызуға барған да жоқ.

    Пуэблодан аттанған кезде біз бұл кездесуде дара көзге түскен Марадонаның осы чемпионаттың жарқыраған жұлдызы болатынын білген жоқ едік. Өйткені, бұл атаққа ең кем дегенде алты-жеті футболшы лайық болатын. Ең алдында атақты Платини келе жатыр еді… 1982 жылы да оның ойынына куә болғам: Марадона өзінің құрық бойламас шыңырау шеберлігімен бар түйінді шеше жүріп, сол командадағы 11 ойыншының бірі екенін естен шығармайды. Шығармау бір басқа да, сол қалған ондықты ойынға қоса білу, солар мойынға ілген қамытты бірге кие алу бар емес пе? Бұл жерде де ол биіктен көрінді. Әрине, Платиниде бұл қасиеттер молынан табылатын. Ол да нағыз «команданың жүрегі» деуге лайық жігіт. Содан болар, бүкіл Мексика тек Платини мен Марадонаны салыстырумен болды.

    …Марадона Англия құрама командасының қақпасына екі доп соқты. Әсіресе екінші добы жанкүйердің аузынан су ағызған.

    Алғашқы допты соққан кездегі қуанышы әлі суымаған болатын. Өзге біреу болса сол қуаныштың шоғына жылынып, біраз жүріп қалар еді. Ол, Марадона, тағы да жасыл алаңдағы алапат айқастың арасына еніп кетті.

    …Ол доп алған жерден қақпаға дейінгі аралық кем дегенде елу метр болатын. Ең әуелі есін жиған Батчер болды. Марадона Батчерді бір-ақ қимылмен жолда қалдырды. Өзі қақпаға қарай тарта берді. Батчердің жолда қалғанын көріп, Стевенс, Фенвик, Сэнсом және Хаддл қопарыла алдынан шықты. Бұл жерде біз болсақ, допты тезірек жолдасымызға тастап, пәледен тез құтылар едік… Марадона – нағыз қас батыр. Сол жылдамдығын үзбей, төртеуіне тіке тартып барады. Сэнсом көзге түсер кездің келгенін кезді. Ол зу етіп алға шықты да Марадонаның шылауына оралды. Бір секунд өтпей, Сэнсом жібектей сусып қала берді… Фенвик – Марадонаны білетін ойыншы. Бапкері Робсон бұған оны қалай бағуды үйреткен. Марадона Сэнсомды да мұны да қапы қалдырды. Фенвик сол жағын баққан боп қисая берді. Сөйтті де тура аяққа жетеді-ау деген кезде көз ілеспес жылдамдықпен оң жағын тарпыды. Көзін қатты ашып допты іздеді. Әлі Марадонаның аяғында бара жатыр. Оның алдында Стевенс пен Шильтон ғана қалыпты. Жанұшыра соңынан жүгірді. Жете алар емес. Бұл босқа жүгіріп келеді. Марадона допты қақпақылдап барады. Қарап тұрсаң, керемет! Аяғы допқа тигені білінбейді. Бейне бір теңбіл допты жетектеп бара жатқандай. Доп жүгіріп бара жатқан Марадонамен қатар домалап барады. Міне, доп алып жүрудің классикалық үлгісі бұл. Марадона допқа, доп Марадонаға еш кедергі келтірмейді. Қарадай допқа сүрініп кетіп, етпетінен түсетіндер немесе допты бағындыру үшін бір жүгіріп, бір тоқтап жататындар аз ба?!

    …Стевенс өзінің соңғы қорған екенін сезді. Сезді де бар қуатын жинады. Марадона болса бұдан қашқақтамай, қақпаға қақ маңдайдан тура тартып келеді. Бұл әрекеті Стевенсті сиқырлап тастапты. Ол орнында қатты да қалды. Марадона әлі келе жатыр, аяғында добы бар. Бұл мүлдем бос, сол допты сыртқа қағып жіберуі ғана керек. «Міне, келді… ал, теп!..» Теуіп қалды. Жерді теуіпті. Марадона Шильтонмен бетпе-бет шықты. Шильтон мұнан әрі шыдамады. Бағанадан бәрін көріп тұрған. Бес жігіттің бесеуін бірдей қурайдай құлатып кеткен мына Марадонаға тосқауыл болар енді өзі ғана. Қақпадан атылып шықты. Сескеніп, тез ұрып жіберсін дегені. Марадона сасқан жоқ. Қасқайып тарта берді. Шильтонға қол жетер жерге келді. Міне, міне… Допты ұстаймын деп ұмтылған қос қолына алаңдағы шөп қана ілікті. Дереу аунап түсіп, Марадонаның аяғына қол созды… Ол да жоқ. Қақпаға барып қалыпты. Марадонамен иық тірескен Фэнвикті көрді. Үміт оты қайта жанды.

    Фэнвиктің көзі қып-қызыл еді. Ол допты да, Марадонаны да көрген жоқ, әйтеуір осы адамды етпетінен түсіруі керек екенін ғана еміс-еміс сезеді. Ол келіп иығынан ұра бергенде Марадона да, «менің спектаклім осымен бітті» дегендей, сол аяғының алқымымен допты торға атты да жіберді. Өзі бұлт етіп оңға ойыса қойды. Фэнвик соғысатын қабырға таба алмай, өз-өзінен гүрс етіп жерге құлады. Марадона атылып аспанға шығып кетті.

    Топтық турнир аяқталған кезде бүкіл шолушылар мен бар мамандар бірауыздан: «Марадона өз командалас жолдастарына гол соғатын жағдай жасаудан шаршаған шығар, енді оларға пас бермей, қақпаға қасқайып өзі тартатын болар», – деген қорытындыға келген. Бұл пікірдің жаны бар еді. Марадона мұнан бұрынғы үш кездесуде-ақ талассыз гол соғуға тиіс пас беруден елдің бәрін басып озып кетті. Егер хоккейдегі секілді соғылған гол ғана емес, берілген пас та саналатын болса, Марадона бас мерген атанар еді.

    Марадона өмірінің бір құбылысы соңғы ақтық ойында толық ашылды. Арада біраз уақыт өтсе де сол күн, сол матч көз алдымнан әлі кетпейді.

    …Чемпионаттың бас стадионы «Ацтека» теңселіп тұр. Енді ше, өзі әлемдік доп додасының финалы болса, финалға бойындағы қаны басына шапшыған 120 мыңға таяу адам жиналса, «Ацтека» теңселмегенде қайтсін?

    «Ацтека» теңселіп тұрған жоқ, билеп тұр. Мексикадағы футбол тойының соңғы биі бұл. Сондықтан да «Ацтека» әлем жұртшылығының көз алдында, стадиондағы ғана емес, телеэкрандағы миллиард жанарлар да оның биіне жасаурай қарайтыны да сол.

    Жасыл алаңға 22 футболшы жүгіріп шыққан кезде 120 мың жанкүйер орнынан дүр етіп көтеріліп, стадион қақ айырылардай көрінеді. Әне, 15 минуттық бой қыздыру жаттығулары басталды. Араға бес минут салды ма, жоқ па, стадион тағы бір сілкінді – алаң жиегінде Франц Беккенбауэр мен оның серіктері көрінді. Тағы төрт минуттей өтті. Енді бір сәт стадион шын мәнінде жер сілкінгендей, орнынан секіріп-секіріп түсті. Ойыншыларын және көмекшілерін ертіп, Карлос Билардо шықты алаң жиегіне. Стадионның солтүстік-батыс трибунасынан күн көзін көлегейлердей үлкен плакат көрінеді: «Кешір, Билардо, рақмет саған!» деп оқыды ел. Кез келген аргентиналық жанкүйер дәл осы сәт отырған орнынан секіріп түсіп, Карлос Билардоны беттен сүюге әзір еді. Мұны көрген жанның денесі дірілдейді…

    Сол Билардоның бүгінге дейін айтқан бір-екі ауыз пікірлері қызықты-ақ. «Марадона – бүгінгі футболдың ең биік тұлғасы. Ол бар жағынан үздік. Оның ағылшындарға соққан екінші добы не деген керемет?! Мен мұндай голды өз өмірімде көрген емеспін. Ол допты ортадан алып кеткен де-ақ біз кірпік қағуға да қорқып отырып қалдық», – деген еді ол ағылшындармен кездесуден соң. «Марадонаның бұл жолы көрсеткені футбол төресінің қолынан ғана келеді. – Белгия құрамасымен кездесуден соң бұл сөздерді көзіне жас ала отырып айтты. – Мен әлем кубогының Марадонаның қолында жарқылдайтынына сенемін!» «Біз ФРГ командасын техникалық жағынан да, психологиялық жағынан да жеңуге сақадай саймыз…» Бұл – Билардоның финалдық матч басталарда айтқан сөзі.

    «Ацтека» аунай көшіп жатыр. Финалдың басталуына әлі бақандай бір минут бар. Санада чемпионаттың бар бояуы сапырылысады.

    …Командалар алаң ортасына келіп тұрды. Финалдық кездесудің бас төрешісі, бразилиялық Р. Фельонның ысқырық беруіне әлі жарты минут бар. 120 мың жанкүйер бұл жарты минутты жеке-жеке сағыздай созып, ойынның басталуына жете алмай отыр. Олардың бәрі Марадона мен Румменигенің, Беккенбауэр мен Билардоның, Вальдано мен Шумахердің жекпе-жегін тамсана күтіп отыр. Міне, ысқырық берілді, ФРГ командасының орталық шабуылшысы Карл-Хайнц Румменниге допты аяғының алқымымен теуіп, ойынға қосты.

    Бірден бас салып шабуылға шығар деген Аргентина футболшылары өз қақпаларына баратын жолдарды жауып, «бейбіт» мінез танытты. Тіпті Марадонаның өзі қорғаушылармен қанаттасып жүр. Неміс футболшылары да баса-көктеп, алға ұмтылған жоқ. Доп алаңның ортасында басы айналғандай ары-бері домалады да жүрді. Ұзамай орталық алаңда аргентиналық Вальдано мен Бурручаганың басымдығы біліне бастады. Ал Магат пен Бертольдтер өз қорғаныстарына жалтақтады ма, батыл шабуылдар ұйымдастыра алмады.

    …Жұрттың бәрі Марадонаға қарайтындай. Марадона да өзінің ақтық әнді шырқап салар сәті келгенін сезе ме, сәйгүлік шабыспен алаңның әр тұсынан бұрқ-бұрқ шаң беріп жүр. Доп аяғына тисе болды, Марадона түлеп шыға келеді. «Қай жағымда кім бар екен?» деп қарау атымен жоқ, желдей есіп жүре береді. Бір кез өзіне көлеңке боп байланған Маттеусті жер соқтырып, қақпаға ұмтылды. Маттеус қуып жетіп, тобықтан тепті. Ысқырық! Айып добы! Бұл допқа Бурручага барды. Оң қапталдан қақпаның алдына доғаша иіп тастаған допқа Шумахер ұмтылды. Секірді, бірақ жете алмады. Доп одан өтіп, артында тұрған Марадонаға дәл келді. Тұра ұмтылған қорғаушыдан сасқан жоқ, Марадона допты баспен ұрып торға түсірді. Стадионның тең жартысын жаулап алған аргентиналық жанкүйерлер аспанға секірді. Стадион төрінде «Марадона – әлем чемпионы!» деген ұран желмен желбіреді. Бұл ойынның 22-минуты еді.

    ФРГ футболшылары сонда да баса-көктеп алға ұмтыла қоймады. Орталық алаңда олар аргентиналықтардан ұтыла берді. Әдетте Маттеус жартылай қорғаныстың шебері болатын. Ол шеп енді онсыз ойлы шабуыл ұйымдастыра алар емес. Ал аргентиналықтар бірте-бірте қыспақты күшейтіп келе жатыр. 29-минутта Бурручага Марадонаға тамаша пас берді. Марадона допқа қанатты құстай-ақ атылды. Бірақ Маттеус көз алмай тұр екен, допты сыртқа теуіп жіберді. Беккенбауэр мұнан әрі шыдамады да, отырған жерінен атып шығып, алаң жиегіне ұмтылды. Екі қапталдан ФИФА-ның өкілдері қуып жетіп, орнына әкеп отырғызды. Осы кезде Беккенбауэрге «шешініп тастап, алаңға өзің шық» десе тайсалмас еді. Бірақ Беккенбауэр секілді теңбіл доптың теңдессіз шеберінің бірі алаң сыртында арыстанша аласұрғанында ешкімнің шаруасы жоқ, ойын жалғаса берді.

    Үзілісте жасыл алаңның жиегі әншілер мен бишілерге толып кетті. Мексика халқы ертең-ақ сағынатын бұл футбол мерекесінің соңғы күнінің салтанатын тіптен асырды. Бір кезде электронды табло: «Мексика – қонақжайлықтан чемпион!» деген сөздерді жарқ еткізді. Бүкіл стадион дүр етіп, бір аунап түсті. Бұл сөзді растағандай бүкіл 120 мың адам орындарынан тұрып, құрмет жасады.

    Футболшылар қайта шыққанда байқадық, Аллофстың орнына алаңға Феллер шығыпты. Беккенбауэрдің шабуыл шебін күшейтуді ойлағаны құпия емес.

    Екінші таймның он минуты өтті. Аргентиналықтар қақпаға төрт рет қауіпті шабуыл жасады. Бесінші рет тағы да Марадона бастады. Ол Магаттан тартып алған допты Энрикеге берді. Энрике алға ұмтылған Вальданоға тамаша пас тастады. Вальданоның алдынан Шумахер ұмтылды. Вальдано сасқан жоқ, Шумахер қақпаның көзінен шықты-ау деген кезде асқан шеберлікпен допты қақпаға домалата салды – 2:0!

    Мұндай есеп кімнің болса да сағын сындырар еді. Бірақ ФРГ командасы тізе бүге қоймады. Меттеус Марадонаны Ферстерге тапсырып, өзі алға кетті. Оған Магаттың орнына шыққан Хеннес, қорғаушы Бреме, Бертольд, әрине, Руммениге тізе қосты. 73-минутта Бертольд тастаған допты ұзын бойлы Хеннес баспен соқты. Пумпидо әрең дегенде сыртқа қағып үлгерді. Допты бұрыштан Бреме берді. Феллер бәрінен биік секіріп, допты баспен ұрып, қақпаның оң бұрышына жеткізді. Бұл жерде де допқа бес адам бірдей ұмтылды. Құлшыныс қанат болды ма, бәрінен Руммениге бұрын жетті. Пумпидо алғаш Феллер секірген кезде сонда ұмтылған еді. Руммениге ұрған доптың жолына тұрып үлгермеді. Гол! Есеп – 2:1! Руммениге бұл голға қуанып, қол шапалақтаған жоқ, қақпа торында әлі де тулап жатқан допты іліп алып, ортаға жүгірді. Уақыттың тығыз екені есінде, ойынның тезірек басталуын тіледі.

    Арада бес-алты минут өтті. Аргентина футболшылары сол сырбаз қалпы. Немістер шабуылда. Шабуыл өтінде Руммениге. Ол допты Феллерге тастады. Феллер Хеннеске беріп еді, оның ұрған добы тағы да сыртқа кетті. Тағы да бұрыштан доп беруге Бреме келді. Тағы да доп қақпаға көлбей тасталды. Тағы да допқа бірінші боп Бертольд жетіп, баспен әрірек асырып тастады. Пумпидо тағы да жолда қалды. Допқа Феллер бұрын жетіп, тағы да баспен ұрып торға түсірді – 2:2. Осыған дейін стадионды түп-тамырымен қопарып кетердей боп тұрған 120 мың адам бір ғана сәтке тына қалды. Әлем чемпионатының финалдық кездесу енді ең басынан қайта басталды.

    Дәл осы сәтте жүйкесі жұқарып, білгенінен жаңылса, Аргентина командасы жаңылуы керек еді. Соңғы екі доп сұмдық соққы болғаны өз алдына, жаңа қолдарына ұстап тұрғандай болған әлем кубогы да аспанға ұшқандай жоқ болыпты… Алаңдағы 11 адамы да сең соққандай күйде. Тек Марадона ғана есін елден бұрын жинады. Алаң ортасына ойқастап шыға берді. Неміс футболшылары қуаныштарын қойындарына сыйғыза алмай, бейберекет жүгіріп жүрген. Доп Марадонаға бағытталып еді, оған төрт-бесеуі бірдей жүгірді. Қалған бес минутты допты тоқтатпай қуып жүріп-ақ өткіземіз деген сыңайлары бар. Марадона допқа бір, жан-жағына бір қарайтын қасиеттен ада. Ол әуелде-ақ алаңды қыран жанарымен шолып өтіп, кімнің қайда жүргенін, енді бір сәттен соң не болатынын санасында салмақтап үлгерген. Доп та аяғына келіп тиді. Жаңағы төрт ойыншы да жан-жағынан қоршай берді. Допты бір секундқа да тоқтатпай екі ойыншыны артқа тастап, жартылай қорғаушы Бурручаганың аяғына кесе тастады. Бурручага допты іліп кетіп, қақпа қайдасың деді. Оның ойқастап барып-ақ қалғанын ең әуелі Ханс-Петер Бигель байқайды. Жаңа ғана өз ойыншыларын ортаға қарай шақырып, қарсыластардың бірі шабуылдай қалса, ойыннан тыс қалсын деп жүрген Бригельдің өзі Бурручаганы көргенде Құдайдың тас төбеден ұрғанын білді. Бұрыла салып, соңынан қуды.

    Бурручага екінші тайм бойы бір тынбай жүгіріп, әбден болдырған еді. «Енді-енді ентігімді бассам, ысқырық болса, жасыл шөпке құлай кетіп, аяқ-қолды созатын күн туар ма екен?..» дегеннен басқа түк ойламай, бірақ бар жауапкершілікті сезініп жүгіруін тоқтатпай жүрген бір сәтте доптың Марадонаға бағытталғанын көрді. ФРГ командасының бар ойыншысының көзі допта болатын. Марадонаның сыры өзіне белгілі, оң қанаттан зу етіп алға жүгірді. Қайран Марадона, допты қолмен қойғандай етіп аяғына салды да берді.

    …Бурручагаға доп алдына түскен бетте бар күшін сала жүгірді. Қақпаға дейін әлі қашық. Сол бүйірден біреу заулап келеді. Шумахер шықса, мынау қуып жетсе, екеулеп тартып алып қояры анық.

    Айып алаңына таяп қалды. Сол қапталынан қаусырып келіп қалған Ханс-Петер Бригельді көрді. Қарқыны сұмдық. Жетсе-ақ иықпен соғатыны белгілі. Әйтеуір қақпаға доп ұрғызбауы керек.

    Қақпаға жұлқынып бір шығып, қайта орнына келіп тұрған Шумахер мұның ішкі ойына арбалғандай, алдынан тұра жүгірді. Ол да айып алаңына ене берді, Бригель де кеп иығына сүйкенді. Шумахер де қақпа көзінен алыстап, қол жетер жерге келді. Бурручагаға да керегі осы екен, өзін итеріп тастамау үшін Бригельді сол қолымен тірей тұрды да, таяп қалған Шумахердің жолдан тосып қалуға шамасы жетпейтіндей етіп, сол аяғының алқымымен ала допты қақпаға атты да жіберді. Шумахер доптың жолына құлады. Бірақ соншама құштарлықпен соғылған доп оған жалын ғана сипатты. Осы кезде Бригель де кеп соқты оны. Құлай бергенде бүкіл стадионның қақ айырылған үні оны жерге жеткізбей орнынан тік көтеріп әкетті. Гол! Го-о-о-о-о-л-л! Аргентина футболшылары 3:2 есебімен алға түсті.

    Марадонада арман көп. Әсіресе бүгінде теңбіл доптың бар тылсымын өзіне жетеқабыл меңгерген 17 жасар бауыры Угомен көп сырласады. Уго да батыр. Марадонаға Билардоның өзі батып айта алмайтын кемшіліктерін бетіне шыжғырып талай айтты. «Жарайды, Уго, – дейді мұндайда Марадона, – өзің құрама командаға кіргенде кінәратсыз болудың қандай қиын екенін түсінерсің». Шынында ол бұл күнді асыға күтуде. Журналистердің: «Құрама командада кіммен бірге ойнағыңыз келер еді?» – деген сұрағына: «Егер екі-үш футболшыны бөліп айтсам, өзгелер ренжір. Менің басты арманым – бауырым Угомен бір құрамада ойнау!» – деді.

    Мен көрген Марадона, міне, осындай. Көз алдымда шеберлігімен кесте тіккен жігітті мен қанша мақтасам да жай тамсану ғана болып көрінер. Енді сөз соңында мына бір үш пікірді түйін ретінде ұсынайын.

    Карлос Билардо: «Марадонаны әлемдегі ең үздік футболшы деп жар салғаныма, міне, үш жыл болды. Сендіңдер ме? Мексикада ол менің үш жылғы сөзімді үш-ақ ойында дәлелдеді!»

    Бобби Робсон: «Марадонаның біздің қақпаға соққан екінші добы мені бақытты етті. Голдың құрметтілігі сонша, менің тамағыма тас тығылып, қуаныштан жылағым келді!»

    Луис Менотти: «Мексикада Марадона көрсеткен футбол кімді де ес-ақылынан адастырардай. Білмеймін, ол екінші Пеле бола ма, жоқ па, бірақ ұлы бразилиялық жасыл алаңнан кеткен соң әлемдік футболда пайда болған олқылықтың орнын сол ғана толтыра алады».

    (1986 жыл)

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    журналист-жазушы, спорт қайраткері,

    Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

     

    3 пікір

    1. Виктория

      Хорхе Вальдано, партнёр Марадоны по сборной, говорил: «А знаете, почему мы победили в Мексике? Потому что у нас в команде было 20 нормальных игроков и один — ненормальный. Этот ненормальный и выиграл нам чемпионат»

    2. vavada бездепозитный

      Напомним, несколько дней назад Марадона оказался в больнице. Личный врач легенды аргентинского футбола говорил, что госпитализация носит профилактический характер, Диего чувствует себя отлично и скоро отправится домой . 30 октября Марадона отпраздновал 60-летний юбилей. В этот день «Химнасия», которую он тренирует, провела матч 1-го тура чемпионата Аргентины против «Патронато» (3:0), но сам Марадона покинул стадион сразу после торжественной церемонии в свою честь.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *