• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бекзат болмыс

    Қазақ журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Жақында әріптес ағамыз, белгілі журналист Дүрәлі Дүйсебай фәни дүниеден бақиға аттанып кетті.

    Бұл қазаны қолына қалам мен микрофон ұстаған барлық журналистер ауыр қабылдады. Өйткені, Дүрәлі аға жаны жайсаң, адамгершілігі мол, көркем мінезді, ақжарқын, ақкөңіл, кеңпейілді адам еді. Мен де басқа әріптестерім сияқты әуелі қайғыға біраз уақыт сенбей жүрдім.

    22 наурызда маған жайсыз хабарды әкем мен Дүрәлі ағаның студент кезінен бергі досы болған Болатбек Орманов ағаның ұлы Ернар естіртті. Ол «Ағамыздан айырылып қалдық», дегенде төбеме жай түскендей болды. Оның да қазаға қайғырып жатқанын сездім. Өйткені, біздің әкелеріміз жас кездерінен бері өмірден өткенге дейін жақсы араласып, сыйласып жүрді. Біз Ернар екеуміз Дүрәлі ағаның әкелеріміздің қазаларында қайғырып қоштасқанын көргенбіз. Болатбек аға 2010 жылы қайтса, әкем Жұмабек Омарұлы 2017 жылы мәңгілік сапарға аттанған болатын.

    Ернармен сөйлесіп болған соң, Фейсбук әлеуметтік желісіне кіріп, кімнің нені жазып жатқанын қарасам, қаза туралы ешкім ештеңе жазбапты.

    Жалпы, өз басым жақын адамның дүниеден көшкенін Интернеттен білу дегеннің не екенін бұрыннан білемін. Мұндай хабар жүріп кеткен адамның туған-туыстарына, жақындарына өте ауыр тиеді. Сондықтан Фейсбукке ештеңе жазбай, ағамызбен сыйлас болған әріптестеріме хабарласып, қайғыны естірттім.

    Сол күні Дүрәлі ағаның көп уақыт ауырғанын білдік.

    –Ағаларың көп ауырды ғой. Бірақ қиналып жүргенін ешкімге білдіртпеді, – деді Сайора жеңгеміз.

    Иә, Дүрәлі аға өзінің ауырып жүргенін ешкімге ешқашан айтпайтын. Екеуміз кездескенде: «Аяғым әлі ауырып жүр. Операция жасатамын. Бұл бұрын КазГУ-дің қалашығында футбол ойнап жатқанда алған жарақатым ғой. Сол жарақат ара-тұра төбе көрсетсе емдеймін», деп айтатын. Басқа сырқаты туралы тіс жармайтын. Ештеңе айтпайтын. Бәрін ішінде сақтайтын, жаны жайсаң ағам.

    Өмір деген күрес екен. Осы жарақатпен де міне, Дүрәлі аға күресіп өтті. Өтті деуге де ауыз бармайды. Жақсы адамды кім қияды? Ешкім қимайды.

    Дүрәлі аға Әсия жеңге өмірден өткенде Назерке, Балауса, Іңкәр деген қыздарын тәрбиелеп, аялап өсірді.  «Жалғыздық Жаратқанға ғана жарасады» дегендей тағдыр Әсия тәте қайтқанда 20 жылдан кейін Сайора жеңгені кездестірді. Қазір екеуінен Дияр деген бала бар. Ол бала дегенде перзенттеріне әкелік махаббатын үйіп-төгіп беретін, жұмыс дегенде жанын салып, білек сыбана еңбек ететін кісі еді. Сол себепті, балаларына жақсы әке, ал шәкірттеріне ұлағатты ұстаз, әріптестеріне сыйлы жолдас, құрдастарына, курстастарына сенімді дос, елге қоғамның проблемаларына көз жұма қарамайтын, үнемі үн қосып отыратын азамат бола білді.

    Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннатта болсын, жаны жайсаң аға!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *