Бүгін Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында бокстан жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир мәресіне жетті.
Кикбоксингтен әлем кубогының иегері, екі дүркін Еуропа чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы, қазақ спортына еңбек сіңірген қайраткер Елмұрат Қайыпжановтың жүлдесіне арналған додаға еліміздің әр аймағынан 100-ден аса жасөспірім боксшы қатысты. Тартысқа толы өткен турнирдің
чемпиондары «спорт шеберлігіне үміткер» атағын алды. Одан бөлек жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Алматы облыстық денешынықтыру басқармасының дипломы мен демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Ел спортының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығының президенті Сабыржан Махметов «Алаш прайд» клубының президенті Данияр Қасқарауов, білікті бапкер Тұрсынғали Еділов сынды азаматтар құрметті қонақ болып, жас боксшылардың өнерін тамашалады. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы тізгін ұстар азаматтары аудан әкімдігі атынан Елмұрат Мұқашұлына оқалы шапан жауып құрмет-қошеметтерін көрсетті.
«Былтыр да өтуі тиіс еді, пандемияның кесірінен жүзеге аспай қалды. Міне, енді Алматы облысы карантиндік шектеудің сары аймағына өтіп, талаптар жеңілдеген соң жарыстар ұйымдастырыла бастады. Турнирге қатысқан жасөспірімдердің арасында талантты боксшылар өсіп келеді екен. Солардың айқасын көріп, көңіліміз марқайды. Жастарды жанып, қайрайтын нәрсе – жарыс. Мұндай турнирлердің ауылдық жерде жиі өтуі таланттардың тұма бұлағын ашуға орасан септігін тигізеді», дейді турнирдің ұйымдастырушысы Ержан Нұрхалықов.
Қуаныш РАЗАҚ,
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы,
Шелек ауылы