26 маусым – Халықаралық нашақорлық және есірткі саудасына қарсы күрес күні. Атаулы күнге орай қалалық Алматы қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Кеңес одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr» спорт клубы, Алматы қалалық грэпплинг федерациясы (AIGA), «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы бірлесіп ауқымды чемпионат өткізді. Балалар мен жасөспірімдер арасында грэпплингтің AIGA күресі бойынша өткізілген ашық чемпионатта Алматы қаласының жеткіншектері ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, Алматы облысынан да жас спортшылар қатысып, шеберліктерін сынап көрді.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл бұндай жарыстардың жиі ұйымдастырылуы жас спортшылардың шыңдалуына серпін беретінін айтып, бүгінгі белдесуге түсетін спортшылардың ішінен ертеңгі Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпиондарының өсіп шығатынына сенім білдірді. Алматы қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Төлеу Мархамедов Халықаралық нашақорлық және есірткі саудасына қарсы күрес күніне орай 2019 жылы да осындай турнир ұйымдастырылғанын, қалалық басқарма мен «Sagadat Batyr» спорт клубының тізе қосып ұйымдастырған сайысқа қатысушылардың саны көп болғанын айтты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді деп жоспарланған шара былтырғы пандемия кезінде тоқтап қалғанын, келесі жылы да жүлгесі үзілмей жалғасын табатынын жеткізді. Алматы қалалық грэпплинг федерациясының президенті (AIGA) Ақмарал Қанатбаева спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатын балалардың шымыр болатыны осы турнирде тағы да айқындалғанын айтты.
Чемпионаттын ұйымдастырушысы «Sagadat Batyr» спорт клубының жетекшісі, білікті бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров жарыстың жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келе жатқаны қуантады дейді. «Жасөспірімдердің арасында жарыстың жиі өткені олардың күш-қуатының қаншалықты толысқанын көрсетеді. 2019 жылы да есірткіге қарсы күрес күніне орай осындай чемпионатты жоғары деңгейде өткіздік. Бұл жолы да Алматы қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан ұсыныс түсіп, біз қуана-қуана осы турнирді өткіздік. Алматы қаласы грэпплинг федерациясы (AIGA), «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы мен Алматы қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы біздің ұсынысымызды қуаттап, жарыстың жоғары дәрежеде өтуіне орасан қолдау көрсетті. Жылдан-жылға жарысқа қатысушылардың қатары молайып келеді. Бұл салауатты өмір салтын ұстану жолында жастардың белсенділігі жоғары екенін байқатса керек. Адам өміріне өте қауіпті есірткі мен нашақорлықтан аулақ болып, тура жолдан таймауды насихаттайтын мұндай шаралардың жиі өткені дұрыс. Өйткені бүгінгі жеткіншектерді жасыратыны жоқ, ғаламтордағы түрлі әлеуметтік желілер мен түрлі ойындар тәрбиелейді. Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығы осындай игілікті іс-шараларды өткізіп, ұрпақ сабақтастығының тәрбиесіне көңіл бөліп, назар аударғаны қуантады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Алмағанбетов Ерлан Дәулетұлы өзі бастама көтеріп, айқымды іске ұйытқы бола білді. Осындай жарыстардың жиі өтуіне қолдау көрсеткен барлық ағаларымызға алғыс айтамын», деді.
Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар мен демеушілердің тарапынан диплом, медаль және сыйлықтарға кенелді.
Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қанат Таймерденовтің чемпионаттың ұйымдастырушылары мен бапкерлерге берген Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды. Алматы қалалық грэпплинг федерациясының президенті (AIGA) Қанатбаева Ақмаралға, чемпионатта әділ төрешілік еткен төрешілердің ішінен Досжанов Олжас пен Садыров Дамирге берілді. 220-дан астам жасөспірім спортшы қатысқан чемпионатта шәкірттері оза шауып, мерейін үстем еткен бапкерлер Курилев Дмитрий, Балабаев Рустам, Қанайбеков Диас, Кариев Дамир, Муратов Антонға да генерал-майор Қ.Таймерденовтің Алғыс хаты табыс етілді.
Қуан НҰРДАНБЕК,
АЛМАТЫ