• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Райымбек батырдың атындағы жарысқа — 20 жыл

    Қазақ тарихының сахнасында кең байтақ жерімізді жаудан азат етуде көзсіз ерлігімен аттары қалған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Сұраншы, Саурық, төлек Жәуке батыр секілді аттары жер жарар көптеген алыптардың қатарында Райымбек Түкеұлының да шоқтығы биік тұрғанын білеміз.

    Райымбек есімі бүтін бір аймақтың ұраны болды. Ата- тегі Үйсіннің Албан руынан, оның ішінде Алжаннан тараған. Туған әкесі Түке болса, үлкен атасы атақты Хангелді батыр. Өз жұрты да нағашы жұрты да елге құрметті, танымал әулеттерден өрбіген. Райымбек батыр жеті атасынан бері ат құлағында ойнаған, ержүрек батыр, ер қаруы бес қаруды ұршықша иірген білекті де жүректі тұқымнан таралған. Райымбек он жеті жасында Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, ел мойындаған батыр атанады. Әсіресе, батыр бабамыздың Торайғыр мен Сөгеті арасындағы мидай жазықтағы Ойрантөбе шайқасында жау жоңғарды тас талқан еткен жеңісі тарихта ұмытылмастай қалған. Жа сұрпақ елін қорғайтын жүректі де білекті, батыл әрі батыр болып өсуі үшін біз Райымбек бабамыздай қазақтың ұлы тұлғалары арқылы тәрбие берсек нұр үстіне нұр болар еді. Осы тұрғыда Райымбек бабамыздың атындағы қазақ күресінен жыл сайын ұйымдастырылып келген жарыстың алар орны ерекше.

    Өткен аптаның соңында Алматы маңындағы Өтеген кентінде қазақ күресінен қазақтың ұлы батыры, көріпкел әулие, даңқты қолбасшы Райымбек Түкеұлы Хангелді тегі атындағы дәстүрлі республикалық жарыс аяқталды. Айтулы жекпе-жек 20 жыл бойы үзбей өткізіліп келеді. Сондықтан да елімізде төл күресімізді дамытуда бұл байрақтың жарыстың қосқан үлесі шексіз. Ата күресімізден әлем чемпионы атанған Бауыржан Тәліп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов сынды саңлақтар кезінде осы күрес бәйгесіне сынға түсіп талай мәрте жеңімпаз атанған еді. Сол себепті қазақ күресінен дарабоздарды тәрбиелеп шығарып жатқан айтулы жарыстың мәртебе, беделі зор деп айтамыз. Еліміздің әр аймағында спорт кілемдерінде қазақ күресімен шынығып өз өңірінде үздік болып жүрген жас балуандар бұл жарысты асыға күтеді.

    Биыл 20 жылдық мерейтойлы жарыс болғандықтан ұйымдастырушылар қомақты қаржы тіккен екен. Жарыстың өтуіне Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Қапар Рауанов, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Тұңғыш «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл мен Айдос Суанбеков сынды арқалы азаматтар баба рухы үшін өтер жарысқа барынша үлес қосыпты.

    Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев  көп жылдар бойы батырдың жарысына жанашырлық жасап келген Жүсіп Жамбаев, Ардақ Установ Әділбек Айтмұқановтарға дипломдар табыс етті. Бұл да бір азаматтардың еңбегі еш кетпей, еленіп  ескерілгеннің бір белгісі болды. Райымбек батырдың 20 жылдық мерейлі жарысына қазақ күресінің елге аян балуандары Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев, Бауыржан Тәліп пен кикбоксингтен әлем кубогының иегері Елмұрат Қайыпжанов сынды спорт ардагерлері келіп, жас буынға ақжолтай тілектерін айтты.

    Хош, сонымен жарыстың салтанатты ашылуы өткеннен кейін жас балуандар 9 салмақ бойынша жеңіс үшін жан алысқан жекпе-жектерін бастап кетті. Екі күн бойы жеңіс үшін барын салған балуандардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дүбірлі жарыс соңында құрметпен марапатталды. Бұл турнирде қазақ күресінің сан қырлы әдіс-айласын әдемі қолданып көрермендердің ыстық ықыласына бөленген көптген балуандар болды. Солардың арасынан айырықша көзге түскен 60 кг салмақта күрескен Тұрсынәлі Әлішерді бөле-жара айтуға болады. Әлішер қарсыластарын алып та шалып та жығып, бекзат өнеріміздің салтанатын тамаша көрсете білді. Сөйтіп, өз салмағында топ жарып, чемпион атанды. Әлішер осы Өтеген кенті ауылының жергілікті балуаны. Сондықтан да өз ауылының мәртебесін асырып, абыройға ие болған Әлішерге жерлестері топ-тобымен келіп құттықтап жатты.

    Негізі қазақ күресі текті күрес. Бұл күреске өзге күрес түрлерінен тіпті, халықарлық жарыстарды ойқастап олжалы болып жүргендердің өзі  қазақ күресінің қыр-сырын білмесе қарсыласына есе жіберіп жатады. Сол себепті қазақ күресіне айырықша сүйіспеншілікпен, құрметпен қарамаса жеңістен үміттену бекер. Бұл — заңдылық. Төл күресіміздің өзге күрестен ерекшелігі де сонда жатқан шығар.

    Сонымен Райымбек батыр атындағы респуликалық жарыс өз шегіне жетіп, елімздің әр өңірінен келген балуандар көңілді-күймен үйлеріне тарқасты. Иә, жеңіс оңай келмейтінін бұл жарыста жас саңлақтар жақсы түсініп барады. Айтпақшы, бір қуанышпен жария ететін бір жәйді айтуға тура келеді. Мен өзім осы Райымбек бабымыздың атындағы жарыстың тұңғыш рет жалауы көтерілгеннен бастап, қалам, қағазды қолға алып, батырдың жарысын барынша 20 жылға таяу БАҚ құралдары арқылы үзбей насихаттап келдім. Қаншама жылдар бойы осы жарысқа қатысып, қаншама жеңімпаз балуандарды көз алдымнан өткізіп желпіне жазып келген едім. Енді сол жылдар бойы жеке қорымда қатталып жиналған мақаларым мен жазбаларымды жинақтап көлемді журнал етіп бастырып шығардым. Журнал «Ер Райымбек» деп аталады. Алла нәсіп етіп, тұсауы кесіліп жарыққа шығып отырған бұл журнал Райымбек батыр туралы тарихи деректерге сүйеніп үлкен ізденіспен жазылып отыр. Сиясы жаңа кепкен журналды оқырманның патша көңіліне тарту еттім. Алдағы уақытты сұраныс туып жатса батырдың атындағы бұл журналдың кезекті саны да жарық көруі бек мүмкін. Әрине, журнал басып шығару оңай шаруа емес. Мына заманда ең бастысы қаржылай қолдау керек. Алғашқы санына кәсібінің нәсібін көріп, туған ауылына мешіт салып, жағдайы төмен отбасыларға қолдау қамқор болып жүрген Айдос Бақытжанұлы Суанбеков пен Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев секілді ардақты азаматтар қолдау көрсетті. Осындай батыр рухына бас иген спорт жанашыларына рахметтен басқа айтарым жоқ.

    Сонымен көптен күткен байрақты жарыс өз мәресіне келіп, екі күн бойы бозкілемге бауыр басып қалған балуандар үйлеріне қайтар уақытта келіп жетті. Жеңіске бір қадам жете алмай қалған жас жеткіншектер шеберлігін шыңдап алдағы жылы келіп жеңістің бас жүлдесін алуға тырысатыны сөзсіз. Ал, жеңімпаздар жеңіп алған алтын жүлделеріне алтын медаль қоса түсуді мақсат етеді. Ең бастысы қазақ күресіне деген құрмет осындай аламан жекпе-жектер арқылы арта түсері белгілі. Ендеше, келер жылғы бәсекеге басымыз аман бауырымыз бүтін жетейік.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *