• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Өмірден кім өткенін білесіз бе?

    29 желтоқсан. Бразилия. Сан-Паулу қаласы. Футболдан әлемнің үш дүркін чемпионы, Бразилия құрама командасының бұрынғы даңқты шабуылшысы Пеле ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды.

    Адамзаттың теңдессіз футболшысы Пеле он жылға жуық уақыттан бері тоқ ішектің обыр ауруымен ауырды. Бірнеше рет отаға да түсті. Ол биылғы қазан айының 23-і күні 82 жасқа толып еді.

    Пеле (шын аты-жөні – Эдсон Арантес ду Насименту) 1940 жылы Бразилияның Минам-Жерайс штатындағы Трес-Корасойнс қаласында туған. Ол өзінің футболдағы карьерасын Сан-Паулу штатындағы Сантос қаласының «Сантос» клубында өткізді. Одан кейін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының «Космос» клубында ойнады.

    Пеле Бразилия құрамасы сапында 92 матч өткізіп, 77 гол салды. Ол – футболдан әлемнің үш дүркін чемпионы (1958, 1962, 1970) атанған жалғыз ойыншы. Жалпы, Пеле төрт әлем чемпионатына қатысты (төртіншісі – 1966). Бірінші рет алтын жүлдегер атанған кезде, 1958 жылы оның жасы 17-де еді. Мұндай жаста әлем чемпионатына қатысқан футболшы мұнан кейін де болған жоқ. Кешіріңіздер, болған екен. 1994 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында Бразилия құрамасының жейдесін 17 жастағы Роналдо киіп жүрді. Ол алаңға шықпағанымен, қосалқы құрамда отырды. Кейін Роналдо 1998 жылы Францияда жалауы желбіреген мундиальға қатысып, күміс жүлдегер атанды. Одан кейін 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапонияда ұйымдастырылған әлемдік доданы жеңіп алды. Енді кейін шегініп, 17 жастағы Пелеге келер болсақ, ол 1958 жылы финалдық матчта алаң иелері – Швеция құрамасының қақпасына екі гол салып, қорытынды есептің 5:2 болып аяқталуына үлес қосқаны үшін командалас ағалары оны иықтарына мінгізіп, алаңнан алып шықты.

    Пеле ФИФА комиссиясының шешімі бойынша XX ғасырдың ең үздік футболшысы атанды. Оны жұрт «Футбол королі» деп те атаушы еді. Халықаралық Олимпиялық комитеттің версиясы бойынша XX ғасырдың ең үздік спортшысы болып та танылды. Сонымен қатар адамзат баласының ең танымал жүздігі құрамына кірді.

    Бүгін Пеле отбасының мүшелері халыққа арнап үндеу жариялады.

    «Бүгін өмірден тыныш өткен король Пеленің жолы шабыт пен сүйіспеншілікке толы болды. Эдсон өзінің өмір жолында әлемді спорттағы данышпандығымен қайран қалдырды. Соғыстарды тоқтатты. Бүкіл жер жүзінде әлеуметтік жұмыстар жүргізді. Біздің бәрімізді аурудан жазатын дәрі – махаббат екенін ұғындырып өтті. Оның бүгінгі жолдауы болашақ ұрпаққа өсиет болып қалады. Махаббат, махаббат және махаббат», – делінген онда.

    «Сантос» футбол клубы Пеленің денесі дүйсенбі, 2 қаңтар күні ауруханадан шығарылып, «Вила Белмиро» стадионына апарылатынын хабарлады. Оның денесі салынған табыт алаңның ортасына қойылады. Іс-шара жергілікті уақытпен сағат 10.00-де басталады. Соңынан қаралы шеру табытты Сантос көшелерімен алып жүреді. Сосын Кеңістік мазаратына апарып жерленеді. Оған тек отбасы мүшелері ғана қатысады.

    Пелені көзі тірісінде атақты футболшылардың бәрі мойындады. Адамзаттың футболдағы теңдессізі туралы әйгілі спортшылар жылы лебіздерін айтып отыратын. Мысалы, аргентиналық футболшы, Испанияның «Реал» клубында ойнаған Альфредо Ди Стефано Пелені мықтының мықтысы деп айтқан.  Оған «Футбол тарихындағы ең мықты ойыншы деп кімді айтар едіңіз? Месси ме, Роналду ма, әлде Пеле ме?», деген сұраққа ол бірден «Әрине, Пеле. Месси мен Криштиану Роналду өздерінің жеке дара қабілеттерімен ерекшеленіп жүрген мықты ойыншылар. Бірақ, Пеленің аты Пеле», деп жауап берген. Сол сияқты бүгін Бразилия құрама командасының шабуылшысы Неймар да атақты отандасы туралы бір ауыз сөзге сыйдырған пікір білдірді. Ол «Пелеге дейін футбол қатардағы спорт түрінің бірі болатын. Ал Пеле келгенде футбол мүлдем өзгерді», — деді.

    Неймардан басқа Лионель Месси мен Криштиану Роналду да Пеленің қазасына қайғырып, оның отбасына көңіл айтты. Пеленің қазасы миллиардтаған футбол жанкүйерлеріне ауыр тиді. Осыдан екі жыл бұрын аргентиналық атақты футболшы Диего Армандо Марадона қайтыс болғанда Пеле жазба қалдырған еді. Онда: «Мен жақсы досымнан, ал жер жүзі аңыз адамнан айырылды. Әрине, көп нәрсені айтуға болады. Мен Құдайға оның отбасына күш-қуат берші деп сұраймын. Күндердің бір күні екеуміз көкте футбол ойнаймыз», деген болатын.

    Енді міне, бүгін Пеленің өзі де дүниеден озды. Қазір әлем жұртының бәрі «Аңыз адамнан айырылдық», деп Пеленің қазасына қайғырып, оның отбасына көңіл айтып жатыр. Иә, аңыз адам, адамзаттың футболдағы теңдессізі, футбол королі Пелені жер жүзінің халқы ешқашан ұмытпай, оны әлі сағына еске алады. Солай болған, солай бола береді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *