5-8 қазан күндері қазақ күресінен Минск қаласында өткен жетінші əлем чемпионатының өзгешелігі, тарихта тұңғыш рет ерлермен қатар əйелдер арасында белдесулер өткені болды. Тұңғыш рет қазақ күресінен əйелдер арасынан əлем чемпионы атану үшін боз кілемде белдескен арулардың өнеріне куə болу бақыты бізге бұйырды.
Чемпионатта ерлер 6 салмақта белдессе, қыздар 2 салмақта бақтарын сынап, ел намысын Қалжан Тайжан (Атырау) мен Алтынай Хаби (Астана) секілді аруларымыз қорғады.
Самбо күресінен əлем чемпионатының жүлдегері, 4 дүркін Азия чемпионы, белбеу күресі мен кураштан əлем чемпионы Қалжан Тайжан +70 килода сынға түсіп, моңғолиялық Отгон Мухцецегтен ұтылып қалды. Біріншіден Қалжанның бұрыңғы жарақаты сыр беріп күресе алмаса, екіншіден моңғол қызы шынымен де мықтылығын дәлелдеді. Қазақ күресінен əлем чемпионы атанып кетті. Қалжан үшін тұңғыш рет қазақ күресінен əлем чемпионатының күміс жүлдегері деген атақ та жаман емес. Дегенмен…
Қалжан жіберген есені 70 килода Алтынай қызымыз қайтарды. Бір қарағанда нəзік болып көрінетін Алтынай боз кілемге шыға салысымен өзгеріп сала береді екен. Ел үмітін арқалаған Алтынайжан қарсылас шақ келтірмеді. Алып та жықты, шалып та жықты. Финалда бельгиялық палуаннан айласын асырып, қазақ күресінен əйелдер арасында тұңғыш əлем чемпионы атанды!
Енді сіздерге қазақтың алтын қызын таныстырып өтейік. Тарихта алтын əріппен жазылып қалған Алтынай туралы сіздер де біліп жүріңіздер.
Жамбыл облысының Түріксіб ауданында дүниеге келген Алтынай күрес əліппесін 2009 жылы Айгүл Болатбекова деген бапкерден бастапты. Бір жылдың ішінде 12 жасында дзюдо күресінен өткен 14-15 жастағы қыздар арасында Қазақстан чемпонатының қола жүлдегері, көп кешікпей 12-13 жас арасында Қазақстан чемпионы болады да, 2010 жылы Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған спорт интернатының 8 сыныбына қабылданады.
Бұл жерде Болат Данияров деген білікті бапкердің қол астында жаттыққан Алтынайдың жеңісті жолы жалғасып жүре берді. Жастар арасында ҚР спартакиадасында топ жарса, əйелдер арасындағы спартакиадада күміспен күптелді. 1997-1998 жылдары туған қыздар арасында Қазақстан чемпионы, 1996-1997 жылғылар арасында екі дүркін күміс жүлдегер болды.
Сонымен қатар, Алтынай көптеген халықаралық жəне спорт шебері атағын беретін турнирлерді ұтып спорт шебері атанды.
2015 жылы қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан чемпионатында екінші орын алған Алтынай, міңе Минскде қазақ күресінен əйелдер арасында тұңғыш рет қазақ қыздарынан шыққан əлем чемпионы атағына қол жеткізді!
Жүлдең құтты болсын қазақтың алтын қызы — Алтынай! Біз сені мақтан етеміз!
Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,
Ақтөбе-Мәскеу-Минск
Алтынай жулден кутты болсн.Уйстып казакстаннын атын шыгарабер.Биык шындардан корынебер . Ойга алган максатына арманына жете бер.Быз куаныштымыз.Осы казакстандык басшыларымыз кандаи сый тартты басшыларымызга.
Батыр кызымызга кандай сый тартты екен.Осындаи батыр кыздарымызды теледидардан корсетып жастарга улгы кылмады ма¿