• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты басталды (ВИДЕО)

    Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты басталды. Премьер-лиганың (бұрынғыша – Жоғары лига, — ред.) бірінші матчы Шымкен қаласында болды. Онда Қажымұқан атындағы стадионда маусымашар матчта жергілікті «Ордабасы» мен Ақтаудың «Каспий» командалары кездесті.

    Ойында 3:1 есебімен алаң иелері жеңіске жетті. Биылғы маусымның алғашқы голын Шымкент қаласының командасына жаңадан қосылған Бауыржан Исламхан салды. Ол екі жыл үзілістен кейін голдың авторы атанды. Исламхан матчтың 16-минутында алыстан қарсыластар қақпасына қарай белгіленген айып добынан салды. Осылайша допинг дауына байланысты екі жыл үлкен футболдан шеттетіліп, ортаға енді оралып отырған форвард өзінің жаңа сынақтарға дайын екенін көрсетті.

    Екінші таймның 49-минутында жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген мергендік танытып, есепті 2:0-ге жеткізді. Ол да стандартты жағдайда қақпаны дәл көздеді. Ал 65-минутта есеп 3:0-ге жетті. Бұл жолы жақында құрамға алынған өзбекстандық футболшы Бобир Абдихоликов шеберлігімен көзге түсті.

    Ақтаулықтар 70-минутта бір доптың есесін қайтарып үлгерді. Допты торға Георгий Панцулия түсірді. Сөйтіп, матч 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

    Бір өкініштісі, матчта биылғы футбол маусымының алғашқы қызыл қағазы да көрсетілді. Тараздық арбитр Сәкен Байымбет алаң иелері сапындағы Сергей Малыйға қызыл қағаз көрсетті.

    Бүгін сондай-ақ, Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен «Ақтөбе» күш сынасты. Онда кездесудің 83-минутында қонақтар жалғыз гол салып, жеңісті тартып әкетті. Қостанайда «Тобыл» мен Павлодар облысының «Ақсу» клубын 3:1 есебімен, Астанада «Астана» Қарағандының «Шахтер» командасын 2:1 есебімен ұтты.

    Ертең «Мақтаарал» мен «Оқжетпес», «Қайрат» пен «Атырау» командалары жасыл алаңға шығады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *