Бүгін Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында бес бірдей былғары қолғап шеберіміз жартылай финалға шықты.
Ертең – боксшыларда демалыс күні. Арғы күні, яғни 12 мамырда ұлттық құрамалардан ½ финалға шыққан боксшылар қайта шаршы алаңға көтеріледі. Ал бүгін Қазақстан ұлттық құрамасынан Асыланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (71 кг), Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Дулат Бекбауов (67 кг) жартылай финалға жолдама алды.
Боксшылардың барлығы лайықты өнер көрсетті. Ал аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев Өзбекстанның лидері Баходир Жалоловтан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.
Бүгін біз белгілі бокс маманы, жаттықтырушы Тұрсынғали Еділовпен сөйлескенімізде, ол Қамшыбектің Жалоловты ұтуға мүмкіндігі бар екенін, жекпе-жекте көп нәрсені психологиялық дайындықтың шешетінін айтқан еді. Сол кісінің айтқаны айна-қатесіз дәл келді. Осы жекпе-жекте Қоңқабаев намысқа тырысып, барын салып айқасқанда жеңіске жетер еді. Бұл сөзімізге миллиондаған қазақ жанкүйері келіседі деп ойлаймыз. Бокс аяқталысымен Тұрсынғали Нұржақыпұлымен тағы сөйлесіп, пікірін сұрағанымызда, ол кісі де осыны айтты.
-Бірінші раундтан бастап жекпе-жекті қолға алу керек еді. Бұл қатардағы жарыс емес, әлем чемпионаты ғой, әлем чемпионаты. Шаршы алаңға шықтың ба, сол жерде жеңіс үшін бәрін істеу керек еді. Баходир рингке күйіп шықты. Ол көрер көзге көрініп тұрды. Яғни, психологиялық жағынан дайын болмай шықты. Оны мен сіздердің Halyq uni сайтына берген сұхбатымда да айттым.
-Біздің жаттықтырушыларға Қамшыбекті бірінші раундтан бастап қайрау керек еді дейсіз ғой.
-Әрине, намысы болса, намысты ояту керек еді. Қайрау керек еді. Мен бәрін сезіп тұрдым ғой. Қамшыбек үшінші раундта ғана оянды. Екі раундта ештеңе істеген жоқ. Ешқандай әрекет еткен жоқ. Ұмтылыс болған жоқ. Ұмтылған жоқ. Айқасты кеш бастады. Ал кеш бастағының кімге керек?!
-Жалоловтың шаршағаны да көрініп тұрды. Бірақ, дегеніне жетті…
-Қамшыбекте намыс жоқ па, білмеймін. Рингке шыққанда маған бүкіл қазақ елі қарап отыр, бәрі менің тілеуімді тілеп отыр деп ойлау керек қой. Әлде олай ойлай алмай ма?! Сол жерде Ташкенттің төрінде Жалоловты шалқасынан түсіріп, ұтқанда ол қазақтың нағыз қаһарманы, батыры болатын еді.
Екеуі де солақай боксшылар. Иә, Жалоловтың соққылары тиіп жатты. Қамшыбекке соған қарамау керек еді. Ол да сол қолмен ұру керек еді. Ал ол Жалоловтың қойнына барып, тығыла береді, тығыла береді. Үшінші раундта өзбектің кілтін тапты. Бірақ, бәрі кеш болды. Қылышпен кеш сермеді. Мүмкіндікті жіберіп қойды.
Жалоловтың ұра алмай қалған кездері болды. Сондай кезде Қамшыбекке жақын және орта қашықтықта айқасқа түсу керек еді.
Боксшымызда намыс жоқ екен. Намысы болса өзбек боксшысын мүмкіндік болып тұрғанда бір ұрып құлатуға болатын еді. Сонда бүкіл ел алақанына салып, көтеретін еді.
Бізде отансүйгіштік сезім деген жоқ. Намысқа тиетін сөздер айтылмайды. Рингке боксшыны алып шығатын жаттықтырушылар неге намысқа тиетін сөздер айтпайды?! Кезінде Кубаның боксшылары жарыстан жеңіліп қалса немесе аз жүлде алып келсе, Фидель Кастроның алдына барып «Біз қолымыздан келгенше бәрін істедік. Еліміз үшін аянбай айқастық. Енді тағы не істей аламыз?», деп айтатын көрінеді. Ал бізде мұндай сөздерді ешкім айтпайды. Жұмған ауыздарын жұмып жүреді.
-Сонда айтайын дегеніңіз, Қамшыбек соңына дейін айқасса да батыр болып қалатын еді дейсіз ғой.
-Иә, мейлі сол жерде құлап жеңілсе де батыр болып қалатын еді. Ең бастысы, оның соңына дейін, яғни, қарсыласын құлатқанға дейін бокстасқаны бағаланатын еді.
Жоқ, бірінші, екінші раундта жүрді де үшінші раундта есін жиып, ояна бастады. Ұят болды. 2000 жылы Олимпиадада Мұхтархан Ділдәбеков кубалық Алексис Рубалкабаны ұрғанын көрдің ғой. Мұхтархан бала құсап, ұрады да қашып жүрді, ұрады да қашып жүрді. Қамшыбекке солай істеу керек еді. Айла-тәсіл жетпеді. Әттең, намыс болғанда Жалоловты бір ұрып құлатуға болатын еді. Жалоловтың өзі күйіп шығып, шаршап жүрді. Осы жекпе-жекте психологиялық роль көп нәрсені шешті. Жалолов шаршы алаңнан әрең кетті. Ұялғаннан Қамышыбектің қолын көтерді. Әттең, біздің бала соны пайдалана алмады. Жалоловтың қолтығына кіреді де кетеді, кіреді де кетеді. Сөз жоқ!
Бәрін кішкене ашу үстінде айтқаныма ренжіме.
-Оқасы жоқ, аға!
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА