• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Мырзағали Айтжановты атақты кубалық жаттықтырушы Сагарраға ұқсатамын – Болат Жұмаділов

    Бокстан Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы Болат Жұмаділов Өзбекстанда аяқталған әлемдік додада ұлттық құраманың жекпе-жектеріне баға берді.

    – Болат Нұретдинұлы, әлем чемпионатында боксшылардың жекпе-жектері көңіліңізден шықты ма?

    – Бәрі жақсы, керемет болды. Қазақ боксшылары техниканы көрсетті. Жекпе-жектерде жігіттер бәрін жақсы істеді. Қарсы шабуыл, қарсыласына жақындап, соққы беру бәрі болды. Шаршы алаңда ойнап жүріп бокстасты. Боксшылардың дайындығы жақсы екен. Мырзағали Құланұлын құттықтаймын! Мен Мырзағали Айтжановты Кубаның атақты боксшысы және жаттықтырушысы Альсидес Сагарраға ұқсатамын. Ол 1964-2000 жылдары Кубаның құрамасын талай биіктерге шығарды.

    Мырзағали Құланұлы да біздің талай жігіттерді биік белеске алып шықты. Сондықтан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Бостандық елінің атақты маманының жолын жалғастырып жатыр деуге болады. Енді алда талай Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттары бар. Ұлттық құрамаға сәттілік тілеймін! Боксшыларды қолдаған елге, халыққа рахмет! Президентімізге рахмет! Ол кісі де бәрін бақылап отырды. Соңынан құттықтау хат жіберді.

    – Финалда Дулат Бекбауов күміс жүлде алып қалды. Оның өзі үлкен жетістік қой. Дегенмен алтын медаль алуға мүмкіндігі бар ма еді?

    – Дулат Бекбауовтың жасы үлкен. Бокста жас ерекшелігі көп рөл ойнайды. Кейбір жігіттер жасына қарап, боксты тастап кетеді. Ал Дулат тастаған жоқ. Сондықтан оның күміс жүлде алғаны – үлкен еңбек. Оның еңбегі сіңді. Осы жерде мен Дулаттың жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековке алғыс айтқым келеді. Ол Дулатты жолынан қалдырмай, оны көтеріп, енді міне, биік шыңға шығарды.

    Жалпы, Қазақстан бокс федерациясы ұлттық құраманы жарысқа дайындауға көп еңбек етті. Федерацияның президенті Кеңес Рақышевке мың алғыс! Азаматтың жақсы істерін айту керек. Ол боксшыларымызға көп қолдау көрсетті.

    – Сәл шегініс жасап, ширек финалға келейікші. Қамшыбек Қоңқабаев туралы сұрайын дегенмін…

    – Иә, Қамшыбек…

    – Баходир Жалоловпен жекпе-жегін қалай бағалайсыз?

    – Баходир Жалолов оңай боксшы емес. Ол бірінші, екінші раундта тың болды. Сол себепті, Қамшыбек оған жақындаған жоқ. Қазір көбісі неге Қамшыбек бірінші, екінші раундта дұрыс бокстаспады, неге, неге деп жатыр ғой. Менің ойымша, Қамшыбек бәрін дұрыс істеді. Оның Жалоловқа жақындамағаны дұрыс болды. Өйткені жаман соққы алар еді. Ал өзбек боксшысының соққысы – өте жаман, өте ауыр. Ол бір соққы жасаса, адамды есінен таңдырып жіберуі мүмкін. Сондықтан Қамшыбек жекпе-жектің басында сақ бокстасты. Бәрін ақылмен істеді. Нокаутқа түскен жоқ.

    Қамшыбектің үшінші раундта ширақ қимылдағаны – Жалоловтың шаршағанынан. Баходир шаршаған соң, соққылары тимей жатты.

    – Дұрыс екен. Әлеуметтік желіде Қоңқабаевқа салмақ ауыстыру керек деген пікірлер айтылып жатыр. Оған не дейсіз?

    – Салмақ ауыстыру деген оңай ма екен?! Мен Қамшыбектің салмағын білмеймін. Ол мүмкін 105, 110 келі шығар. Сонда оған 15 келі түсіру керек пе?! Салмақ қуу деген оңай шаруа емес.

    Тағы бір айтайын дегенім, Қамшыбекке Жалоловпен жекпе-жекте екі қолымен жұмыс істеу керек еді. Ол сол қолымен ұрады да оң қолымен оң жақтан ұрмайды. Оның қателігі сол болды. Ол сол қолымен бір соққы жасап, екінші қолымен жасаған жоқ. Оның бапкерлері де жақсы біледі. Өзіне де айтқан шығар.

    – Жеңіл салмақтағы боксшылар жарады. Махмұд пен Санжар қазақтың стилінде бокстасты ма?

    – Махмұд Сабырхан да, Санжар Тәшкенбай да бір темпте бокстасып, нағыз техникаларын көрсетті. Риза болдым. Иә, біздің қазақтың стилі ғой. Қарсыластары ештеңе істей алған жоқ. Олар қарсыластарын шаршатып, жүндей түтті. Екеуі де бір орында тұрмай, тіпті, ұпайларына қанағаттанбай, шаршы алаңның шаңын қақты. Барлық айла-тәсілдерін көрсетті. Рингте арақашықтық ұстап, керек кезінде шегініп, соққылар жасап отырды және ол соққылары қандай десеңізші! Мұны шеберліктің шыңы дейді.

    – Асыланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай туралы не айтасыз?

    – Асыланбек ерледі. Аллаға шүкір, әлем чемпионы атанды. Жасы үлкен боксшыға әлем чемпионатын жеңіп алу оңай емес. Бір жағынан құраманың капитаны, екінші жағынан капитан болған соң, жауапкершіліктің жүгі ауыр. Мұндай жағдай адамның жүйкесіне кері әсер етеді. Ол соның бәріне шыдады. Мен оның көз жасына ерік бергенін жақсы түсінемін.

    Талғат Сырымбетовті де мақтау керек. Онымен де мақтану керек. Өкінішке қарай, иорданиялық боксшыдан ұтылып қалды. Солай десек те ол жақсы бокстасты. Мен оған ризамын. Еңбекті ақтады.

    Егіздер Нұрбек пен Айбекті де жақсы білемін. Екеуі де талантты боксшы. Екеуі де менің көз алдымда өсті. Оларды бала кездерінен білемін. Нұрбек алтын медальды лайықты алды. Оның жаттықтырушысы Асқар Еркебаевқа ризамын. Асқар да Нұрбекке сенді. Ол сол сенімді ақтап шықты. Нұрбекті осы деңгейге жеткізді.

    Жалпы, әлем чемпионатына бара алмаған спортшылардың ниеті мен тілегіне құрметпен қарау керек. Олардың да еңбегін бағалау қажет. Олар да бір кісідей жарысқа дайындалады.

    – Әңгімеңізге рахмет! Бәрін дұрыс айттыңыз.

    Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *