• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Астанада көркем гимнастикадан Спартакиада аяқталды

    Бүгін Астанада көркем гимнастикадан Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасы аяқталды.

    Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы Спартакиадаға еліміздің әр өңірінен келген 54 гимнасттың қатысқанын хабарлады. Ал топтық жаттуғуда 12 команда бақ сынасты. Олардың ішінде Елжаңа Таниева, Эрика Жайлауова, Милана Парфилова сынды халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрама өкілдері болды.

    Шығыршықпен өнер көрсетуде ұлттық құраманың көшбасшылары ешкімге дес берген жоқ. Бас жүлдені Елжаңа Таниева алса, Милана Парфилова күміс, Айбота Ертайқызы қола медальге ие болды.

    Елжаңа Таниева доппен жаттығуда да чемпион атанса, Айбота Ертайқызы екінші, Эрика Жайлауова үшінші орын алды.

    Ұршық пен лента жаттығуында Елжаңа Таниева үздік атанды. Күміс жүлдені Милана Парфилова, қола медальды Эрика Жайлауова иеленді. Көпсайыста, яғни төрт құралмен өнер көрсетуде әр бағдарламада тұрақты нәтиже көрсеткен Эрика Жайлауова алтын жүлде алса (115,450 балл), шымкенттік Милана Парфилова (111,700 балл) мен Баян Қойбақар (102,950 балл) құрмет тұғырының қалған сатысына көтерілді. Бұл сайыста 15 гимнаст финалға іріктеліп, жолдама алды.

    Ал топтар арасындағы және командалық көпсайыста бірдей нәтиже тіркелді. Екі сында да Шымкент қаласының гимнастшылары бас жүлдеге лайық екенін тағы бір мәрте дәлелдесе, одан кейінгі орынға Астана мен Алматы қаласының ұжымы жайғасты.

    Кеше көркем гимнастар сайысының ашылуына Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары, VI жазғы Спартакиаданың бас төрешісі Азамат Имашев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, федерацияның бас хатшысы қатысып, сөз сөйледі.

    Бұл елдегі барлық көркем гимнаст үшін жауапты жарыс. Жуырда Португалиядағы Әлем кубогы кезеңінде сәтті өнер көрсеткен ұлттық құрама спортшылары да осында сынға түседі. Сосын, Филиппинде өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастайды. Ал күзде жылдың басты бәсекесі — Азия ойындары бар. Сол сында гимнастарға зор сенім артамыз, — деді Азамат Имашев.

    Жалпы есепте Шымкент қаласының гимнастары 7 алтын, 5 күміс пен 1 қола медаль жеңіп алып, бірінші орынға шықты. Астана қаласы (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) күміс, Алматы қаласы (1 алтын, 1 күміс, 2 қола) қола жүлдегер атанды.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *