• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ұпай алып, жанкүйерлерді қуантамыз! – Абат Айымбетов

    Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Белфаст қаласында Солтүстік Ирландиямен матчтың алдында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді: 

    — Солтүстік Ирландия құрамасының бас жаттықтырушысы Майкл О’Нил Қазақстан ойыншыларының аса танымал емес, сол себепті олар туралы бірдеңе айту қиын екенін айтыпты. Оның сөзіне не айтасыз? Бұл біздің командаға басымдық бере ме?

    — Мен ол туралы ештеңе айта алмаймын. Не десе о десін. Солай ойласа солай болсын!  Біздің матчқа өзі ойын жоспарымыз бар. Оны ойынды көрсетеміз.

    — Солтүстік Ирландия құрамасы туралы не білесіз?

    — Өте жақсы команда. «Манчестер юнайтед» командасында ойнаған тәжірибелі Джонни Эванс бар. Солтүстік Ирландия — жақсы қарсылас.  Ағылшын чемпионаттарында әуелеті зор жас футболшылар ойнайды.

    — Дания сияқты мықты құраманы жеңдіңіздер. Енді топтан шығатын мүмкіндік бар ма?

    — Әрине, біріншіден Алланың қалауымен, екінші барлығы өзіміздің ойынымызға және күш-жігерімізге байланысты. Бізде үлкен жоспар бар. Жақсы ойнасақ, әрине жақсы нәтиже болады.

    — Солтүстік Ирландиямен ойын сен үшін де, Қазақстан құрамасы үшін де маңызды ойын болайын деп тұр. Тағдыршешті матч болатын сияқты. Сан-Маринмен ойынға қатыспадың. Енді осы ойынға бар күшіңді салатын шығарсың? Матчқа дайындығың қалай? Команданың дайындығы қалай?

    — Команданың дайындығы өте керемет деп айта аламын. Жігіттердің күші тасып тұр. Жігер де бар. Біздің жаттықтырушы айтқандай, осы екі ойында көп нәрсе шешіледі. Жоспарымыздың қалай болатынын осы ойынның нәтижесі көрсетеді. Сол үшін жігіттер жақсы дайындықпен жасыл алаңға шығуға дайын. Өзіме келетін болсақ, осы ойынды көп күттім. Сан-Маринонмен ойынға қатыспадым. Бірақ, әр нәрсенің қайыры бар. Бұйырса, осы матчта бар күшімізді саламыз. Ұпай алып, жанкүйерлерді қуантамыз!

    — Абат, қарсылас команданы зерттеп қарадың ба?

    — Ойындарын қарадым. Қарсылас осал емес. Тәжірибелі ойыншылар да бар. Шабуылшы болғаннан кейін әр ойынға гол саламын деп шығамын. Осы ойынға бар күшімді саламын.

    — Даниямен ойында жейдеңді шешіп, сары қағаз алдың. Мұндай жағдай қайталанбайтын шығар

    — Ол ойында эмоцияға берілдім. Соңғы минутта гол салу сирек нәрсе. Сол үшін осындай қателік болды. Жеңіс голдары болса, енді жейдемді шешпеймін.

    — Ұлттық құрамада көп гол салған футболшылардың тізімінде Зайнутдинов те бар. Балтиевтің рекордын жаңартуға шамаң жетеді.  Бұл туралы ойламадың ба? 

    — Әрине, әр ойыншының арманы — ұлттық құраманың тарихында қалу. Ең бастысы, Қазақстанға нәтиже әкелу. Екіншіден, Баха үшін өте қуаныштымын. Бахамен бірге рекордсмендер қатарында болсам керемет болар еді. Алла денсаулық берсе, әлі де голдар салуға болады.

    — Словения және Даниямен ойнағанда «Астана Арена» стадионы лық толды. Бұл жолы керісінше болатын сияқты. Солтүстік Ирландиямен матч қаншалықты қиын болады? 

    — Үйде және сырт алаңдағы ойындардың айырмашылығы бар. Бірақ қаншалықты қиын болғанымен, өзіміздің ойынға деген жоспарымыз бар. Солтүстік Ирландия алаң иесі болған соң,  басымдығы болады. Бірақ біз бұдан да үлкен стадионда ойнадық. Бар күшімізді салсақ, қиын болмайды деп ойлаймын.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *