• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тұмарлы тұлпар

    Күн ұясынан көтерілгенде атқорада тұрған ақбозат иесінің келуін елеңдей күтеді. Қолына жүгенін сүйретіп иесі қораға кіре бастағанда ақбоз кісінеп жіберді. Онысы «жеттің бе әйтеуір», дегенді білдіргендей. Құйрық-жалын сипай келіп, жүгенді мойынына сала бастағанда ақбоз ат  иесіне еміренеп жеңінен тартып еркелеп  қоятын. Бүгін де сол әдетін қайталады. Ергеш те  кезінде дүйім жұрттың дүлділді тұлпарына айналып, көкпардың айлалы арғымағы атанған ақбозын қайыра сипалап, қалтасынан бармақтай қантты алып езуіне салып жіберді. Содан кейін ақбозды жетекке алып қала маңындағы ойпаң жотаға алып келді. Жаздың арайланып атқан, шуақты күнімен бірге табиғатта нұрлана түскендей. Кеше ғана жауып өткен ақ жауыннан кейін, жердің көгі де әжептеуір көтеріліп қалыпты. Тау бөктерінде тұрып, таңның  таза-жұпарын  көкірек кере жұтқан Ергеш біразға дейін рахаттанып тұрып қалды. Содан кейін, ақбозына бұрылып жүгенін сыпырып босатып жіберді. Ал, ақбоз ат болса  біраз жерге дейін құйрығын көкке тік көтеріп  алып шауып барып, кілт тоқтай қалды. Содан кейін иесіне бұрылып, басын бір шұлғыды да, жердің құнарлы көгіне басын салды.

    Ақшам уақыты болатын. Алыстан аттардың дүбірі естіліп, айқай-шу жақындай түсті. «Дүбір шықса тұлпар тұрмас, қиқу шықса сұңқар тұрмас», дегендей, ақбоз бір орнында тықыршып тұра алмай ентелей алға шауып шықты.

    Көкпар тартқан бір топ аттылы жандар қасынан шауып өткенде, ақбоз құлағын қайшылап кісінеп жібергенін сезбей қалды. Осы сәтте баяғы думанды көкпар додалары көз алдынан жүгіріп өткендей болды.

    Иә, сол бір тартысқа толы шақтарда ақбоздың дәуірі жүріп тұр еді. Үймелі доданы тілгілей кіріп, иесінің қолына көкпар тигенде мұзжарғыш кемедей бұзып жарып шығатын жарықтық. Сол сәтте үстіндегі иесінің қас-қабағын бірден  түсінетін жануар, қамшы салдырмай топтан ұзап кете баратын-ды.

    Артында қуып жеткен шабондоздарды бірін алға өткізіп, бірін кейін қалдырып кететін айлакерлік әрекетіне ел сүйсіне қараушы еді. Ал, иесі жерден көкпарды іле бастағанда ыңайлы  жаққа  икемденіп, бетегеден биік, жусаннан аласа болып, жербауырлай жүріп өтетін.

    Сонда ақылды жануардың адам айтса сенгісіз әрекетін көрген халық «Опырмай, пах, шіркін  жануар, неткен ақылды едің», деп таңғалатын.

    Осындай бір дүбірлі додада, ақбоздың  мінсіз шеберлігіне  сұқтана қарағандарды көзі шалған белгілі шабондоз, иесі Ергеш жалына тұмар тағып қояды. Атамыз қазақ ырымшыл халық қой. Сұқ көзден сақтау үшін ырымдап салған тұмар ақбоздың жалында желбіреп күні бүгінге дейін жүр. «Тұлпар дүбірін аңсайды», демекші, міне арада біраз жыл өткенімен тұмарлы  тұлпар қасынан шауып өткен көкпаршылардың  айғай-шуына делебесі қозып, еріксіз көзімен шығарып салды.

    Ол кездері қала маңында көкпар тартушы жастар көп болатын.

    Ата-бабамыздан бері келе жатқан ұлттық спортымыздың ішіндегі төбелі бір саласы көкпардан ел біріншіліктері өте бастаған жылдар болатын. Республикамыздың  халық көп шоғырланған жері, әсем қала Алматыда бір команда құрып, ел біріншілігіне қатысуды мақсат еткен атқұмар азамат Дербіс Байділдаев 2001 жылы белсене іске араласады.

    Сол жылы Алматыда «Нұртау» командасы құрылып, белгілі шабандоздар команда құрамынан орын ала бастайды. Команда үздіксіз оқу-жаттығуын жасап, ел біріншілігінде табысқа жете бастайды. Құрамында Қуанышбек Құрмаев, Мұстафа Ертаев, Айыпхан Талдаев, Сәрсембай Көлбаев, Ермек Көбей, Ұлан Байтөреев, Руслан Құлымбетов, Дәулет Онбаев секілді жалынды жастардан жасақталған «Нұртау» командасы Қазақстан біріншіктерінің үш дүркін жеңімпазы  атанады. Дербіс Байділдаевтың жаттықтырумен шеберліктері шыңдала түскен алматылық команда қай жерге барса да жүлделі орыннан құр қалмай ел аузында іліге бастайды. Сол жылдары ұлттық құрамада өнер көрсеткен шабондоздардың басым бөлігін «Нұртау» командасы құраған екен.

    Ұлттық команда  сапына енген «Нұртау» командасының  шабондоздары 2002 жылы Қырғызстанда өткен  Президент кубогына арналған халықаралық додағы  қатысады. Сол дүбірлі көкпарда Қазақстан жүлделі орыннан шет қалады. Қырғыздармен додаға түскен жерлестеріміз 8:2 есебімен жеңіледі. Сонда Қырғызстанның Президенті Асқар Ақаевтың «Көкпар Қырғызстанда, хоккей Канадада дамыған. Қазақ бауырлар жеңіле бермей үйге қайтсаңдаршы», деп халық алдында мысқылдаған екен. Міне,  сол жылдары қырғыздар «Көкбөрі» деген халықаралық көкпар федерациясын құрып, оған Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Жапония және Қырғызстан мемлекеттері мүше болып кіреді.

    Қырғыздардан жеңіліп, Президенттерінің  сөзінен рухани соққы алып қайтқан Қазақстан құрамасының тізгінін тартқан Дербіс бауырымыз сол жылы еліміздегі Көкпар федерациясына бір жаңа бетбұрыс жасамаса ұлттық спортымыз тоқырауға кететінін ұғады.

    Сөйтіп, сол кездегі Турзим және спорт министрі Дәулет Болатұлы Тұрылхановтың алдына барып, болған жайды баз қалпында баян етеді.

    Сондай-ақ, елімізде көкпардың халықаралық  деңгейде дамуына тұсау болып тұрған мәселердің бәрін тізіп беріп, ата спортымызды жаңғыртудың жаңа жолдарын айтып береді.

    Міне, сол уақыттан бастап, даңқты балуан, білікті басшы Дәулет Тұрлыхановтың көмегімен ұлттық спортымызға қаржы көзі құйылып, көкпар спортында сілкініс пайда болады. Көкпардан ұлттық құрамының бас жаттықтырушы болып белгілі шабондоз Қуанышбек Құрымбаев тағайындалады. Еліміздің әр аймағына ат жүгіртіліп, ұлттық құрамаға таңдаулы шабондоздар алына бастайды. Білікті бапкерлер сараланып, оқу-жаттығу жиындары өткізіле бастайды. Міне, осындай қарқынды  қозғалыстың нәтижесінде ұлттық құрама жасақталынып, 2004 жылы Қырғызстанда өткен Президент кубогына арналған кезекті халықаралық додаға қатысуға еліміздің командасы атқа қонады. Сол дүбірлі көкпарға Азия өңірінен көптеген командалар келіп қатысады. Қазақстан өз тобындағы бәсекелестерінің бәрін оңай ұтып, финалда қырғыздармен кездеседі.

    Тартысқа тола өткен додалы ойында жерлестеріміз қарсыластарының қазандығына бес рет көкпарды аунатса, айырқалпақты ағайындар біздің қазандықты төрт рет көздейді. Қазақстан командасының қатарында соңғы салымды салып, еліне жеңіс сыйлаған белгілі шабондоз Ақылбай Манкеев болатын. Осылайша 5:4 есебімен отандастарымыз  өз тарихында тұңғыш рет халықарылық сайыстың жеңімпазы атанады.

    Сол 2004 жылы Тараз қаласында «Еуразия кубогы» үшін  өткен халықарылық жарыста да Қазақстанның қос құрамасы финалда кездеседі. Қазақстаннан екі команданың финалға шығуын елімізде көкпардың едәуір дами түскенін айшықтай түскен еді.

    Сол жылдары ұлттық құраманың бас бапкері Қуанышбек Құрымбаев пен команда бастығы Дербіс Байділдаевтердің мұрындық болуымен Таразда ойын-жаттығу өткізетін орын салынып, бірталай іргелі істер жасалынады.

    Қырғыздар кейінірек Асқар Ақаев атындағы халықаралық турнирді клубтық деңгейде өткізе бастайды. Клубтық сайыстардың бәрінде Қазақстан құрамасы  алда болып, көкпардан Азияда  қара үзіп дара  шығады. Міне, қазақтың намысына тисе қандай болатынын қырғыз ағайындардың көздері анық жетеді.

    Сол жылдары ел құрамасының сапында халықаралық, клубтық жарыстарда ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсеткен, сол кездегі алматылық «Нұртау» командасының апайтөс шабондоздарының бірі спортпен қоштасса, бірі еліміздің іргелі көкпар командаларының құрамында өнер көрсетіп тарап кетті. Алматы қаласы әкімшілігі өз көмектерін беруден бас тартқан күннен бастап, команданың берекесі де бірге  кетеді. Осылайша,  бір кездері ұлттық құрамаға сайдың тасындай саңлақтары мен ауыздығымен алысқан тұлпарларын беріп келген «Нұртау» командасы амалдың жоғынан тарап кетуге мәжбүр болады.

    Осы команданың бақ тұлпары болған, жоғарыда әңгіме етілген тұмарлы тұлпар ақбоздың өмірі де елеусіз болып, қайран  жүйрік қорада қамалып қалады. Анда-санда ат дүбірін естісе кісінеп, жер тарпығаннан басқа шара қалмаған.

    Міне, енді сол тұмарлы тұлпарға ер салар кез келіп отыр. Алматыда қайтадан көкпар командасын құрсам деген мақсатпен сол  баяғы ұлттық спортымыздың жанашыры Дербіс Байділдаев пен бұрынғы шабондоздар  Сәрсембай Құлбаев пен Серік Алыбаевтар  тізгінді қолға қайта алады. Әрине, қазақта аузын  ашса, жүрегі көрінетін, ақжүректі, ұлтжанды бауырларымызда  жоқ емес. Мысалы, Болат Өмірәлиев деген азамат Алматы мен Алматы облысының көкпаршыларына арнап атшабар алаңын салып беріп отыр. Дегенмен де ол аздық ететіне анық. Арнайы көкпардан мектептер ашылып, арнайы көкпар алаңдарының санын өсіру маңызды мәселе болып отырғаны анық.

    Алатаудың бөктерінде орын тепкен  ірі мегополисте ел біріншілігіне қатыса алатын бір көкпар командасының болмауы әрине, өкінішті. Сондықтан да білекті де жүректі шабондоз жігіттерді жиып алып, Алматы көкпар құрамасын құруды мақсат етіп, шауып жүрген қос азамат Дербес пен Сәрсембай сынды ат спортының жанашырларына  сол жылдары жолығып мән-жайды сұрағаным есімде.

    –Қала әкімшілігі бізге көкпаршылар жаттығатын база салып бермей-ақ қойсын, оның бір шешімін өзіміз  табармыз, бізге керегі команданың шабондоздарына  30 000 теңгенің көлемінде айлық ақысын беріп отырса болғаны, – деп жүрегінен жарылған еді  көкпарға жанашыр қос азамат.

    Содан бері көп жылдардың жүзі болды. Алматылық көкпаршылардың дүбірлі додаларда алдына салмай  топжарып жүргендерін құлағымыз әлі шалған жоқ.

    Өзге облыстардың бәрінде ұлттық спортымыздың бірі көкпарға көңіл ерекше бөлініп, федерациялар құрыла бастағанда Алматы қаласы әкімшілігіндегі спорт басқармасының өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды бір көкпарға неге көңіл бөлмей жүргені белгісіз. Ұлттық спорттты көршілес елдер ең бірінші алдыға қояды. Әлде Алматы қаласындағы спортты басқарып отырғандарға көкпар спорты таңсық болар.

    Алда көкпардан кезекті Қазақстан біріншілігі келе жатыр. Сол еліміздің әр өңірінен тұлпаларын үкіліп келіп қосатын додалы көкпарда, Алматы қаласының командасын көру оңтүстік шаһардағы  спорт сүйер әрбір азаматтың арманы.

    Сондықтан да қала әкімшілігі  көкпарымызға  көмек қолын тартып, шабондоздарға жағдай туғызатын шығар деген үміттен айырылмай келеміз. «Ат ер қанаты», деген бабаларымыз. Ал, жоғарыда айтқан тұмарлы тұлпарымыздың тағдыры қалай аяқталғаны бізге беймәлім. Мүмкін, сойылып соғымға кетті не болмаса ажалы жетіп өлген болар. Қалай десек те, көкпардың хас шебері атанған жүзден жүйрік текті  жануар  көзі жұмылғанша, дүбірлі де додалы көкпарға бір түсуді аңсап өткенінде еш күмән жоқ.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

     АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *