• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Әке көрген оқ жонар

    Осы бір сөздің астында үлкен мән жатыр. Әкенің ақылы, қамқоры, мейірімі, қолдауы жетіспесе баланың толыққанды азамат болып өсуі қиындау. Иә, кейбір әкелер балаларына тіпті уақыт бөліп қарамақ тұрмақ құшағына алып әкелік парызын өтеуден жырақ жүреді. Содан барып әке мейірімін көрмеген бала өз ортасында өзгеден саяқ, жабырқау, суықтау болып өсері анық. Ал, кейбір әкелердің баласының жанында айналып, толғанып шапқылап жүргенін көргенді міне, әке деген осындай болса керек деп ойланып қаласың.

    Менің әке туралы сөз қозғағандағы айтпағым бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған әкеге сай бар қасиеттері бойында, жұмысына да балаларына да қамқор, қолдау болып шауып жүрген ардақты досым Басбатыр Сүндетпайұлы Әміржанов туралы болмақ. Бабаларымыздың бір қасиеті ат қою сияқты. Адам баласы туғанда азан шақырып ат қоюдың үлкен мағынасы бар екен. Адам сол қойған атқа сай болса деген үмітпен беріледі. Сондықтан да ат қоюда бекер емес-ау. Басбатыр десе батыр-ақ.

    Батыр 1965 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Дегерес ауылында дүниеге келген. Әкесі Сүндетбай қой бағып еселеп, қозы төлдетіп, елге белгілі шопан болған. Анасы Несіпжан 12 құрсақ көтерген батыр ана. Тағы бір дерек: Кезінде Дінмұхамед Қонаев атамыз Сүндетпай ақсақалдың үйіне арнайы ат басын бұрып, апамыздың қолынан дәм татқан екен. Бұл әңгіме ел ішінде әлі айтылатынын білдік. Атақты әкесі тіпті, Социалистік Еңбек Ері атанған жан.

    Міне, осындай халыққа танымал әйгілі қойшының отбасында өскен жасөспірім малға жақын болып өседі. Қаршадайынан құлын, тайды жүгендеп алып қарғып мініп шауып ала жөнелетін шабандоз болды. Негізі атқұмарлық қазақтың тегінде бар қасиет екені белгілі. «Тау баласы тауға қарап өседі», демекші, Дегерес секілді биік таудың басында тұрған ауыл, бұлтқа жақын арманы асқақ болғандықтан ба бұл ауылдың жастары да ерекше.

    Кезінде Дегерес ауылында елге белгілі асыл тұқымды жылқылар бағып өсірілетін. Сондықтан да ауылдың әрбір қара баласының атқұмар болып өсуі заңдылық еді. Батыр Сүндетбайұлы да сол замандастары секілді жүйрік ұстап, бәйгеге шапқан тақымы мықты әрі балуан болып ортасына таныла бастайды. Бірде наурыз мерекесіне орай, ауыл төрінде кілем төселіп, дүбірлі бір жарыс өтеді.

    Бір айта кетер жәй Дегерес ауылында шешен халқының өкілдері көптеп тұрған екен. Ол халықты кезінде Сталиннің бұйрығымен жер аудартып қаңғытып жібергенде, бауырына басқан қазақтар барын алдына салып төріне шығарғанын тарихтан білеміз. Міне, сол қилы кезеңнен қазақ жерінде тұрақтап қалған шешендер Дегерес ауылында да көптеп болған екен.Сол наурыз мерекесінде өткен белдесуде мінезі асқақ тәкаппар шешен өкілдері: «Біздің жігіттермен кім күресед?і», деп қазақтарға менсінбей қарап тұрып алыпты. Сонда Сұраншы, Саурық, Қарасай, Наурызбайдай қазақтың өр тұлғалы батырларының ұрпағы жолбарыс жүректі, құрыш білекті Басбатыр атып тұрып «Мен күресемін», деп ортаға атып шығады. Намысы оттай қайнаған жас бала атан түйедей қарсылас шешен жігітін қазақтың кең танымал белгілі әдісі оң жабасқа салып атып ұрады. Ел іші, тым-тырыс үнсіздік жайлаған. Бәрі аң-таң. Содан кейін барып ауыл халқы шулап кетіп, Батырды бастарына көтеріп алады. Сол кезде шешеннің бір ақсақалы айғайды салып қайта күрестірмек болады. Батыр қайтадан білегін сыбанып ортаға шығып, әлгі шешеннің қара дәуін екінші рет жерге алып ұрады.Содан барып шешендердің барлығы місі түсіп, шын мықтыны амалсыз мойындап, Басбатырдың қолын алады. Содан бастап Батырдың ел ішінде беделі артып, қандай күрес болса Батырдың қатысуы жекпе-жектің шырайын келтіріп елдің алғысына бөленіп отырады.

    Батыр 8 сыныпты бітіргеннен кейін, Алматыға спорт мектебіне келіп, оқуын спортпен үйлестіріп жалғастырады. Кейін, Алматыдағы Политехниакалық иниститутқа жоғары оқуға түсіп жақсы бағамен аяқтап бітіреді. Сөйтіп, ауыл дүбірінен қала дүбіріне жол салады. Жоғары оқу орнында оқи жүріп, ауыл-аймақта өткен көптеген байрақты күрес бәсекелеріне қатысып, топ жарады.

    Басбатыр 1986 жылы орталық алаңда өткен қанды көтеріліске қатысқан Желтоқсан қаhарманы. Ел тәуелсіздігі үшін болған сол қанды Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін де биліктен қуғын көрген ұлтжанды азамат. Басбатыр жоғары оқуды сәтті аяқтаған соң отбасын құрып, үш ұл екі қыз сүйеді. Өмірде алдынан талай соқпақ, сүрлеу жолдардан сүрінбей өткен Батыр өз кәсібінің нәсібін көріп бүгінде ұл қызын тәрбиелеген ұлағатты әке, ардақты азамат болып отыр.

    Менің бір қызыға қарайтыным ұл, қызының дүниеге келген кезінен бастап спортқа баулап ерекше тәрбиелеп өсірді. Қанатын жаңа қаққан бала қыранды ата бүркіт құздың басынан қағып жерге жібереді екен. Сонда шыңдалған қыран жерге құламай қанатын қағып ұшып кететін көрінеді. Сол секілді мұзбалақ бала қырандарын шыңдаған ата қырандай Батыр балаларының қызығын рахаттана көре бастады.

    Қашан көрсең балаларын жетектеп алып, жарыстарға алып бара жатады. «Қасқа биеден қасқа тумаса да төбел туады», демекші, ұл-қыздары әкесіндей спорт десе ішкен асын жерге қоятын, алғыр, адымды дарынды болып өсті. «Әке көрген оқ жонар» деген осы болар. Балаларының жеткен жетістіктері де толағай. Айталық қызы Айдана Сүндетбай қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет таеквандо спортынан әлем, Азия чемпионаттарында жүлде алып отыр. Ал ұлы Бексұлтан да қара жаяу емес сол таеквандодан өткен аламан жарыстардан олжалы оралып, ата-анасын қуантып жүр. Халықаралық, республикалық жекпе-жектерде топ жарып әке-шешесінің үкілі үміттерін ақтады. Әкесі Басбатырдың қысы-жазы балаларын спорт сарайларына жетектеп алып барып, жаттығуларынан бір қалдырмай шапқылап жүрген әкелік парызы мінсіз ақталды. Осындай тәрбиелі отбасы көпке үлгі болса деп тілеймін. Есіктің алдында отырғызған алма бағыңа үзбей су құйып мұқият, сүйіспеншілікпен қарап тұрсаң ғана жемісін көресің. Сол секілді барынша тәрбие, тәлімін балаларының бойына құя білген Басбатырдай азаматтар көп болса қазақ қоғамының іргесі берік, жастарымыз бақытты болады деген сенімдемін

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Бір пікір

    1. Пусть будет так. Если оформлять займ по IBAN на карту , то процент успешно одобренных кредитов до 95%

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *