• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Білім мен спорт — егіз ұғым

    Жаңа ғасыр асуында Жаңа Қазақстанды құру үшін ең алдымен білімде саналы ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Өз ұлтына құрметпен қарап, ұлттық салт-дәстүрімізге асқан сүйіспеншілікпен қарайтын өскелең ұрпақ — қазақ халқының кемел келешегі. Өйткені, жастар біздің болашағымыз, қазақ елінің келер күнгі үміті, сенімі. Ал, сол қазақ елін әлемге танытар ақылды, парасатты, мәдениетті жас ұрпақтың тәрбиесі ең алдымен мектеп қабырғасынан басталады.

    Хакім Абайдың 32 қара сөзінде: «Білім — ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім — ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі», дейді. Ендеше, жас ұрпақтың мектеп қабырғасын аттаған сәттен бастап, біліммен сусындап, айналасына сыйлы, қоғамға пайдалы, білімді адам болып өсіп шығуы үшін хакім Абай айтқандай, білімге — ғылымға үлкен махаббатпен қарап, мейірленіп қараса, білімнің берері шексіз. Сондықтанда еліміздің барлық орта мектептеріндегі білім беру сапасын арттыру арқылы білікті де білімді ұрпақты  өсіріп шығару қазақ қоғамы үшін ең маңызды мәселе деп білеміз. Ал, білім мен спортты егіз ұғым деп қарастыруға болады. Өйткені, білімсіз спорттың жолы тұйық. «Қыран түлегіне қайспас қанат сыйлайды. Ұстаз — шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды», демекші, енді тілге, білімге, өнерге, ұлттық құндылықтарымызға және спортқа  ерекше мән беріп,  оқушылармен  үлкен  жетістіктерге  жетіп келе жатқан бір қазақ мектебі туралы әңгіме ретін қозғасақ.

    Алматы облысы білім басқармасының Іле ауданына қарасты Өтеген кентінде орналасқан  М.Мақатаев атындағы № 13 орта мектептің тынысы мен тіршілігі туралы сөз еткенде балалардың оқуға, білімге, өнерге, спортқа деген құштарлығын көріп ерекше сүйсініп  қарайсың.  Аты айтып тұрғандай қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың есімі де тегін берілмесе керек. Бұл мектепте екі баланың бірін тоқтатып ақтаңгер ақын туралы сұрасаң Мұқаңның лирикалық жан тебірентер өлеңдерін төгілте айтып жөнеледі. Содан-ақ, мектепте рухани тәрбие жұмысы дұрыс жолға қойылғандығының куәсі боламыз.

    Мектептің алғашқы тасы 1960 жылы қаланған екен. Қазіргі таңда мектептегі оқушылар саны 2 500-ге жеткен. Ортасынан озық шыққан оқушылар аудандық, облыстық тіпті, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып жүр екен.

    Айталық, IX «Ақберен» республикалық өнер байқауында Зәуре Төлепбергенқызы Аққасова мен Лиза Тілеубердіқызы Қосаеваның  шәкірттері Анар Тұрсынәлі мен Айым Санат  екінші орындарды жеңіп алса, республикалық «Әбіш оқулары» көркем сөз сайысында  С. Жұмамұратованың шәкірті Айзере Ибраим бірінші орынды иеленіп, мектептің абыройын арттырған. Сондай-ақ, оқушылар арасында облыстық «Мибатл» турнирінде Думан Мизамбек бірінші орынды иеленсе, ұстаздар арасында республикалық «Менің Отаным» байқауының құрмет грамотасы Бағлан Тоқтарқұлқызы Мұстафяроваға берілген. Республикалық «Дарын» орталығының Құрмет грамтотасы, «Үздік автор-2022» байқауының 1 дәрежелі дипломымен  Гүлнар Құлжабайқызы Қазербаева марапататталған. Ұстаздар демекші, облыста өткен жарыстардың барлығына М.Мақатаев атындағы мектептің мұғалімдері қалыс қалмай қатысып келеді. Мысалы, футболдан мұғалімдер арасында өткен облыстық спартакиадада Н.Б. Базарбаев бірінші орынды жеңіп алса, волейболдан өткен жарыста А. Рысболова мен З. Рахметова Бас кубокты жеңіп алуға зор үлестерін қосыпты.

    Мектеп оқушыларының спорт саласындағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Респбуликалық «Спорт жұлдыздары» журналының Күштік гимнастика және жеңіл атлетика жарыстарында С. Сайлаубай, Ж. Қыдырбаев, А. Айдаболов, А. Сайранғазы топ жарып жеңіске жетсе, қазақ күресінен Аман Мекебаевтың шәкірті Арнұр Ахметбай облыстық жарыста күміс жүлдегер атанған. Сонымен қатар, Қ. Азантай  мен А. Ғалымов  қанжығалары майланып, екінші және үшінші орындарға қол жеткізген.  Сол сияқты шахматтан, үстел теннисінен, футболдан өткен аудандық жарыстарда айтулы мектептің талантты  жасөпірімдерінің алмаған жүлдесі жоқ.

    Жеңімпаз оқушылардың жеңіп алған бар жүлделері мектеп қабырғасындағы мұражайда қойылған. «Ұстасыз шәкірт – тұл» дегендей, баланың жақсы жетістіктерге жетуіне ұстазының еңбегі зор екенін жақсы білеміз. «Атпаз көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр», деген екен дана халқымыз. Жақсы ұстаздың білімін бойына сіңіріп өскен бала қалайда жетістікке жетері сөзсіз. Әрине, бойында таланттың титтей ұшқыны болса, оған талапты әкеліп қосса жалын болып шыға келері анық. Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп оқушыларының үлкен жетістіктерге жетіп отыруына әрине, жаңашыл, білікті де білгір басшылықтың еңбегі зор деуге болады.  Мектеп директоры Аяулым Жақашбайқызы Керімқұлова жас та болса бас болып, ұжымды ұйытып, жақсы білім беруге жасаған өрелі жұмыстарын көріп тәнті болдық. Мектептің тағы бір алға тартар тың жаңалығы ол — кадет сыныбы.

    Кадет сыныбында спортқа үлкен ден қойылған. Түрлі спорттық жаттығуылар арқылы жасөспірімдер ертең ел қорғайтын әскери азамат болып өсуіне зор мүмкіндіктер қарастырылған. Әскери спорттық жаттығулар арқылы балалар ер мінезді болып шыңдалып төселеді. Бұл кадет сыныбы жас қазақ балаларын отансүйгіштікке, патриотизмге, жүректілікке, білектілікке тәрбиелеуде бағасы зор деп білеміз. Иә, қазір Отан қорғайтын жастарымыздың әлсіз, сылбыр болып өсуіне жол бермеуіміз керек. Осы бағытта мектеп қабырғасыннан-ақ әскери-патриоттық сабағының үзбей беріліп отыруына мән берген жөн. Мектеп директоры Аяулым Жақашбайқызы Керімқұлованың негізігі алға қойған мақсаты ол — тұрақтылық пен біліктітілікті қалыптастырып, ұлағатты ұстаздарды жанына ұйыстыра білу екен. Ендеше, қазақы салт-дәстүрге жақын білім шаңырағының алар асу әлі алды деп ойлаймыз. Өйткені, үлкенге құрмет кішіге ізет зор қазақы тәрбиедегі жас ұрпақты бұл мектептен көріп қуанышты күйде қалдық.

    Өзгеге үлгі болар бір жәй, бұл мектеп тіпті қайырымдылықпен де айналысады екен. Айталық, осы Өтеген кенті ауылында тұрып жатқан жағдайы нашар отбасыларларға мектеп ұжымы мал сойып құрбан шалып, азық-түлігін таратып, баталарын алып тұруды дәстүрге айналдырыпты. Бұл да бір көпке үлгі-өнеге боларлық сауапты шара деп білеміз.

    «Білімді бесіктен тесікке дейін ізден», деген дана халқымыз. Сондықтанда білімді ұрпақты тәрбиелеу мектептің қабырғасында ғана емес, үйдегі ата-анаға, қоршаған ортаға тікелей бапйналысты. Әрине, жоғарыда айтып өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың атындағы мектептегі білім мен спортты қоса алып жүріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан бұл мектеп көпке үлгі десе болғандай. Қазақ баласына қазақы тәрбиенің озық үлгісі ол әрине мектеп. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың», демекші, баланың балғын шағында алған білімі тасқа жазылған жазудай сақталып қалары сөзсіз. Ендеше, жаңа Қазақстанды құрсақ –деген араманымыздың түп тамыры саналы ұрпаққа сапалы білім бере отырып, ұлттық бағыттағы құндылықтарымызды бойларына құя білу арқылы асқаралы мақсаттарға жетеміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *