• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Мағжанның аттасы, Сәкеннің сарқыты

    1953 жылдың мамыр айының басы. Жазиралы Жаңаарқа жерінде Жеңіс мерекесі атап өтілген күннің ертеңінде партия қызметкері Садыханның шаңырағында шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Сол жылы Алаштың айбоз ақыны Мағжан Жұмабайұлының туғанына 60 жыл толды. «Халық жауы» атанып, қанды 1938 жылы атылған, ардақты есімі айтылмай, мұрасы жабулы қазан жабулы күйінде жатқан Мағжанның мерейтойы аталмады. Алайда ақынның шығармашылығынан хабардар әке ұлына Мағжан есімін қойды. Ақын атын иеленіп, Сәкен Сейфуллиннің елінде туған сол бала өсе келе сөз дертіне шалдығып, журналистік жолды таңдады. Мағжан мен Сәкендей өлең өріп, кеудесі сырлы әнге толған азамат – бұл күндері жетпіс жастың жотасына шығып отырған белгілі журналист Мағжан Садыханұлы.

    Әке перзентіне бұл есімді бекерден-бекер қоймады. Көзі ашық, көкірегі ояу Садыхан сол замандағы әдебиет, мәдениет, өнердегі белгілі адамдармен жақын араласты. Ән салатын өнері де болды. Бір жылы қазақ әндерін жинақтаушы Борис Ерзаковичтің шаңырағына бас сұғып, іздеп келгені де бар. Алайда үй иесі үйінде болмай, музыкатанушымен кездесе алмады. Ал қобызшы Дәулет Мықтыбаев, әнші Жамал Омарова, қырғыз манасшысы Сафихан Қонтуров, сиқыршы Ибрагим Өкпенов үйлерінде қонақ болып, дәм татты. Әсіресе өткен ғасырдың отызыншы жылдары атылған арыстардың көзіндей болған, өзі де қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгер Жайық Бектұров Садыханның жан досы еді. Садыхан Мағжан ақын мұрасымен де жазушы досының дәнекерлігімен танысқан болар. Ұлына Мағжан атын қойғаны үшін партиядан шығарылды. Перзентінің қызығын да көре алмай, небәрі қырық жасында өмірден озып кетті. Ұлының әкеге деген сағынышы кейіннен «Әке туралы элегия» өлеңінде өрілді.

    Мағжан Садыханұлының журналистік жолы аудандық «Жаңаарқа» газетінен басталды. Әдеби қызметкер болып орналасып, алғашқы редакторы, ақын, журналист Қалиақпар Әбілдиннің, жазушы Асан Жұмаділдиннің, басқа да журналист ағаларының тәлім-тәрбиесін көріп, шыңдалды. Жаңаарқаның 50 жылдығы атап өтілгенде аудандық деңгейде тұңғыш айтыс ұйымдастырылды. Оған көкірегі өлеңге толы Мағжан да қатысты. Ақын, кейіннен аудандық газеттің бас редакторы болған Дүйсенбай Жұмасейітовпен сөз қағыстырып, айды аспанға шығарды. Озық өнер көрсеткен жас Мағжанға аудандық атқару комитетінің төрағасы Станин бір бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Арада көп уақыт өтпей Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетіне (қазіргі «Арқа ажары») журналистер керек екенін естиді. «Болашағы зор журналиссің. Қалаға барғаның жөн» деген қаламгер ағаларының кеңесімен ежелгі Қараөткел өңіріне аттанады.

    Бұл 1979 жыл еді. Тепсе, темір үзетін жастағы Мағжанның «Коммунизм нұрында» қаламы қатайып, жазу шеберлігі шыңдалады. 1981 жылы, ұзақ жылғы үзілістен соң қаламы жүйрік қаламгер Нұрғожа Ораздың мұрындық болуымен Целиноградта ақындар айтысы өтті. Содан соң жыл сайын болмаса да, екі-үш жылда бір айтыс өтіп тұрды. Сол кезде тың өлкесі атанған өңірде қазақы рух сілкінетін. Ауыздығымен алысқан тұлпардай Мағжан сол айтыстардың тұрақты қатысушысы еді. Республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінде өлеңдері жарқ ете қалғаны да бар.

    1992 жылы Алматыда республикалық ІІІ ақындар айтысы өтті. Сол сөз барымтасында Ақмола облысының намысын қорғаған Мағжан Садыханұлы халық ақыны Әсия Беркеновамен сөз қағыс­тырды. Өлең жазумен қатар домбыраны шебер шертеді, жанынан ән шығарып, «әу» дегенде маңайындағы тыңдаушыларды тамсантады. Жәнібек Кәрменовтің шәкірті, белгілі дәстүрлі әнші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Мейірхан Адамбеков бірде өнеріне жоғарғы бағасын берді. Бұл тұрғыдан Сәкеннің сарқыты дерсіз. Сәкеннің «Тау ішінде», «Біздің жақта» сынды елге белгілі әндері болса, Мағжанның да бірнеше әні бар. Соның бірі саз бен назға толы «Өзіңмен бірге» аталады. Жиырмасыншы ғасырдың басында Сәкен жүрген Ақмолаға сол ғасырдың соңғы ширегінде келіп, мықтап орнықты. Жалындаған жиырма бес жасынан сәл асқанда келген оның міне, қырық бес жылға жуық ғұмыры кешегі Ақмоламен бүгінгі Астанамен тығыз байланысты өріліп келе жатыр. Биыл Астанаға 25 жыл толса, елорданың өркендеуіне Мағжан Садыханұлының қосқан үлесі аз емес.

    «Коммунизм нұры» («Арқа ажары»), «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қолтаңбасын қалдырып, қатардағы тілшіден бөлім меңгерушісіне дейін өсті. Қаламының қарымы, ұйымдастырушылық қабілеті, ескерілген болуы керек, 2001 жылы «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Астананың айнасына айналған басылымды бес жыл басқарды. 2002 жылдың қорытындысы бойынша газет ұжымы Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» ұлттық сыйлығын иеленді. Газеттің бірнеше қызметкері баспаналы болды. Мағжан Садыханұлы біз танығанда «Дала мен қала» газетінде еңбектенді. Журналист бола жүріп, ғылыммен айналысуға да уақыт тапты. Филология ғылымдарының кандидаты деген атағы да бар. Қазақстан Журналистер одағының Сапар Байжанов атындағы сыйлықты иеленді.

    Журналистикада талай мәселені көтерді. Кейбір мәселелер күні бүгінге дейін өзекті. Соның ішінде қазір көп айтылатын су тапшылығы мәселесін баяғыда көтерді. «Есілдің арнасы неге төмендеп барады?», «Балқаштың бағы тайды ма?..» атты мақалалары арқылы дабыл қақты. Ауыл тұрғындарының проблемасын қозғап, жайылымдық, егістік жерлер жайында «Қу тақырда ауылым» мақаласын жазды. Өндіріс мәселесі туралы «Жәйрем қалай жекешелендірілді?» сауалы төңірегінде толғанды. Экология, жануарлар әлемі тақырыбында «Ерейментау тағылықтан тозып барады», Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киік» өлеңінің бір жолын арқау етіп, «Жәндіктің киік деген баласы бар…» атты мақалалары жарық көрді.

    Жақында ғана «Астана ақшамы» газетінде «Жатаған үйлер тұрғындарының жағдайын кім ойлайды?» мақаласы арқылы Байқоңыр ауданына қарайтын «Жасыбай» қонақ үйінің артындағы Ломоносов көшесіндегі ескі, апатты үйлердің тұрғындары жағдайын егжей-тегжейлі жазды. Дені қазақтар тұратын сол көше мәселесін жаза келіп, денсаулық, әлеуметтік мәселелерге дейін қозғады. Кезінде қалалық мәслихат депутаты болғанда сол проблемамен айналысқанын, алайда «баяғы жартас бір жартас» болып отырғанын көрсете отырып, елорда басшыларының осы мәселелерге назар аударатынына үміт артты. Бұл – халыққа шын жанашырлықтан туған мақала.

    1917 жылы Сәкен Сейфуллин Ақмолада «Жас қазақ» саяси және әлеуметтік-мәдени қоғамын құрды. Ал Мағжан Садыханұлы біршама уақыт Астананың басылымын ғана емес, бас қаланың журналистер қауымын басқарды. Журналистер одағының Астана қалалық филиалының төрағасы ретінде маңызды істерге араласты. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі кеңестің мүшесі болды. Қызмет бабымен шетелдерге сапарлап, жаһандандыру тақырыбында өткен дүниежүзілік форум барысында Анкара төріндегі мінберден сөз сөйледі.

    Жары Рашида екеуі – өнерлі отбасы. Бірі домбыраны, екіншісі гитараны қолға алғанда ортасын думанға бөлейді. Шаңырақ ұстар ұлдары Әл-Фердауси да ержетіп қалды. Өзі туғанда әкесі Мағжан ақынның атын берсе, өз перзентіне шығыс шайырының есімін қойды. Садыхан Мағжанының үлкен азамат болғанын көре алмай кетті. Мағжан Садыханұлына Әл-Фердаусидің қызығын көруіне тілектеспіз. Бір жылдары өзі басқарған газет ұжымы атынан мерейтойымен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілейміз!

     

    Аманғали ҚАЛЖАНОВ,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *