• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бауыржан Момышұлы атындағы жарыс жалғасын тапты

    Төл күресімізден қазақтың халық батыры, жазушы  Бауыржан Момышұлының атындағы дәстүрлі жарыс араға біраз жыл салып, биыл қайта жалғасын тапты. Жасөспірімдер арасында жалауын көтерген жекпе-жекке Алматы қаласы мен Алматы облысынан 100-ден аса жас палуан келіп, бақтарын сынады. Дәстүрлі турнир Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінде ұйымдастырылды.

     Бұл турнирден  елімізге танымал көптеген талантты палуандар өсіп шықты. Солардың бірі қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы Бауыржан Тәліп пен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов.

    Міне, осындай жұлдызды спортшылардың шоғырын дайындап шығарған айтулы турнир  31-ші рет жалауын желбіретті. Дүбірлі жарыс батыр  рухын құрметтеген  жанашыр азаматтардың арқасында кезекті рет өтті.  Бір-екі жыл араға үзіліс салып жалғасын тапқан турнир биыл Алматы қаласының спорт басқармасы, «Спартак» стадионының директоры Арыстан Құлжабаев, Абай атындағы Қазақ Ұлттық  Педагогикалық университетінің сауықтыру  дене мәдениеті және спорт кафедрасының меңгерушісі Амантай Қарақов  сынды ұлтық күресімізге жанашыр жандардың   мұрындық болуының арқасында қайта жаңғырып отыр. Негізі Бауыржан атамыздың атындағы айтулы жарысты көп жылдан бері өміршең болуына шаһарымыздағы Халықтық ұлттық спорт түрлері және бұқаралық денешынықтыру-сауықтыру клубының бұрынғы директоры, ардагер ауыр атлет ағамыз Ізбасар Оразбақтың қосқан  үлесі ерекше болғанын айтқанымыз жөн. Міне, енеді толқынды, толқын қуады — демекші, айтулы спорт клубына басшы болып келген Нұрғиса Нұрғалиев те  батыр атамыздың атындағы аламанды абыройлы өткізуге бір кісідей атсалысуға келіпті. Сонымен бірге жас та болса бас болып, осы жарысты өткізуге шарқ ұрып шапқылып жүрген қазақ күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов, алдағы жылы жарысты республика деңгейіне шығаруды мақсат етіп отыр.  Асқаралы мақсат қойған жағдайда ғана іргелі істер көрініс берері бесенеден белгілі. Сонымен бірге, әрине  қолдау болған жерде нәтиже  күттірмейтіні анық десек, Бауыржандай қазақтың хас батырының турниріне демеушілер табылмауы мүмкін емес шығар. Сондықтан да көп жылдан бері талай-талай тарланбоз жастардың томағасын сыпырып келе жатқан айтулы аламанның шабысы кідірмесе екен деген ойдамыз.

    Бір жарысты республикалық деңгейге көтеріп, он жыл үзбей ұйымдастыру оңайға соқпайтыны мәлім. Қаншама бота палуандардың болашағына бағдаршам ретінде маңызы зор болып келді.

    Сонымен жарыстың салтанатты ашылуынан кейін палуандардың белдесулері басталып кетті.  Екі күн бойы боз кілемде тер төккен оқушылар мен студенттер арасында өткен тартысқа толы өткен белдесулерден топ жарып шыққан жеңімпаздардың есімдері  де белгілі болды. 2002-2004 жылы туған жасөспірімдер 9 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасса, студент жастар арасында 8 салмақ бойынша жеңімпаздар анықталды.

    Финалда  студенттер арасында Абай атындағы Қазақ Ұлттық  Педагогикалық университетінің 55 кг салмақтағы студенті  Нұрсұлтан  Нұрсейтов, Нұрман Қайыпберді (66 кг) пен Аманжол Жанбота (82 кг) алтын жүлдемен бірге көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленсе, жасөспірімдердің арасында Ертай Нысанов (38кг), Әкежан Айтолла (55кг) мен  Жандос Ескендір (60кг) тамаша жекпе-жектер көрсетіп, жеңімпаз атанды.

    Жалпы, қазір еліміздің әр аймағында жастарымыздың қазақ күресіне деген құлшынысы күн санап өсіп келеді десек, Бауыржан атамыздың атындағы бота палуандар арасындағы дәстүрлі сынның болашағы зор деп айтуға болады. Жарыстың ұйымдастырушылары алдағы жылы айтулы бәсекені республикалық деңгейде өткізуге бел байлап отыр.

     Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

     АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *