• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Турнир ардақты азаматты еске алуға арналды

    Өткен аптада Щучье қаласындағы «Жақсы» спорт кешенінде төл күресімізден жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Азия федерациясының бұрынғы президенті, еліміздің құрметті спорт қызметкері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Оразбайұлы Шәмшінұровты еске алуға арналған республикалық турнир болып өтті, — деп хабарлады Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.

    Жарысқа Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысының спортшылары қатысты.

    Турнирді Бурабай ауданының әкімі Қанат Қарауылов ашып, палуандарға сәттілік тіледі.

    Қазақ күресінен Азия федерациясының бірінші вице-президенті Виктор Лим турнир қонақтары мен қатысушыларын құттықтап, біршама азаматты «Қазақ күресін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен  біршама азаматтарды марапаттады. Ол Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Нартай Ысқақов, Ақмола облысы қазақ күресі федерациясының президенті Ербол Тоқаев, Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қасымжан Ташметов пен Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Надежда Патюткинаға медальдар тапсырды. Осы шарада Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин де ұлттық күресімізді дамытуға үлес қосып жатқан азаматтарды құттықтады. Осыдан кейін Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының «Қазақ күресіне қосқан үлесі үшін» алғыс хаты Бурабай ауданының әкімі Қанат Қарауыловқа да табыс етілді.

    Марат Оразбайұлының досы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Нартай Жұматайұлы өз лебізін білдірді.

    Ақмола облысы қазақ күресі федерациясының президенті Ербол Қайратұлы да турнир қонақтары мен қатысушыларына өз тілегін білдіріп, «Ақмола облысындағы қазақ күресін дамытуға үлес қосқаны үшін» алғыс хатын «Жақсы» спорт базасының директоры Ержан Жетпісов пен Бурабай мәдениет үйінің директоры Айсұлу Жамантықоваға табыс етті.

    Турнир Марат ағамыздың туған-туыстарының, достарының және әріптестерінің арқасында өтті. Оны ұлттық спорт түріміз – қазақ күресін дамыту және дәріптеу мақсатында ұйымдастырды.

    Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзов жарыстың бас төрешісі болды.

    Жарыста 46 кило салмақ дәрежесінде алтын жүлдені көкшетаулық Әлихан Орынбай жеңіп алды. Екінші орынға оңтүстік өңірі – Тараз қаласының палуаны Бақнұр Майкон ие болды. Ал үшінші орынды Бурабайдың тумасы Елнұр Тілеубергенов пен Павлодар қаласының спортшысы Алдияр Қибаш иеленді. Келесі 51 кг салмақ дәрежесінде павлодарлық Қалым Қуанышбек турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынды Ілияс Бейіскенов алса, қола жүлдені қарағандылық Айбар Бекпердинов пен Павлодар қаласынан келген спортшы Əділ Айдарғазин бөлісті. 57 кг салмақта да Жандос Нұрбек  алтын жүлдені жеңіп алды. Күміс жүлдегер болып Тараз қаласының палуаны Аслан Жармұхамбет атанды. Ал үшінші орындарды Солтүстік өңірлердің палуандары Диас Қожахметов  пен Жандос Тұрғынбек иеленді. Келесі 64 кг салмақтағы спортшылар арасында павлодарлық Шалқар Тілеуғалиев турнирдің бас жүлдесін əкетті.  Қобыланды Зіргелдинов күміс медальді жеңіп алса, үшінші орындар тараздық Бақтияр Есіркеп пен  Бурабайдың палуаны Нұрсайын Жақыпбековке бұйырды. 72 кг салмақ дәрежесінде мына спортшылар жеңімпаз бен жүлдегер атанды: І – Ернат Болысхан (Қарағанды қаласы), ІІ – Нұрлан Қырғызбек  (Тараз қаласы), ІІІ – Наурызбен Мамыт (Қызылорда облысы) және Еламан Сәкенов (СҚО). 81 кило салмақта Қызылордадан келген Айберген Алдабергеннің бағы жанып, алтын жүлдені өз қоржынына нық салды. Ал көкшелік Мағжан Қайрымденовке аз ғана сәттілік жетпей қалып, екінші орынды қанағат тұтты. Қола медальдарға тағы бір Бурабайдың спортшысы Алтаир Үсенов  пен қарағандылық Бектұр Қолауов Бекнұр ие болды. Аса ауыр салмақта, Елуан Оспанов түйе палуан атанып, қуантты. Күміс жүлдені Тараз қаласынан келген палуан Ердəулет Ауданбек олжалады. Қола медальдарды Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Даниял Өміртай мен қарағандылық Аңсар Аманбаев қанағат тұтты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз!!!

    Сондай-ақ, әр түрлі номинацияларда да марапаттаулар болды. «Үздік төреші» номинациясына ұлттық спорт түрлерінен спорт мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушысы, осы жарыстың бас хатшысы болған Наиль Ковалев лайық деп танылды. Ал «Үздік техникасы үшін» номинациясында 57 кило салмақ дәрежесінде бірінші орынды жеңіп алған палуан Жандос Нұрбек тағы бір марапатқа ие болды.

    Осы турнир жастар үшін өз өнерін ресми деңгейде көрсетуге, өз күшін таразыға салып, әлі талай рет кілем ортасында кездесетін қарсыластарының нақты күш-жігеріне баға беру үшін үлкен мүмкіндік болды. Ал тәжірибелі палуандарға келер болсақ, олардың мақсаты мүлдем басқа – өз қоржынына тағы бір жаңа медаль салу.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *