• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Дені саудың … медалі көп!!!

    Бұл төмендегі әңгімеге ұйып отырып, өзім шығарған мәтел ғана

    …Қытайдың Ханжоу қаласында өтетін XIX Азия ойындарына қос ат жегіп, яғни, қос самолет тізгіндеп аттанған Қазақстан ұлттық құрама командасының екінші ұшағына аяқ артқан кезде бір қатар алдымда отырған жүзі жылы жігіт: «Аға, менің орныма отырыңыз, Сізге ыңғайлы болады. Мында аяқ созып отыруға болады екен…» дегені. Өзім де ол қатардың алдында қатар жоқ болғаннан кейін, іштей «шіркін, бір қатар алдыға тіркемегені-ай» деп өкініп үлгергенім сол еді. Алғысымды жаудырып,айтулы қатарға ауысып алдым да ол азаматтың кішіпейілдігіне риза болып, жөн сұрадым.

    — Атым Азамат, аға. Азия ойындарына аттанған ұлттық құрама команданың дәрігерлер тобының жетекшісімін, — деді.

    — Ештеме етпейді, ағасы. Біле-білсе, үлкенге қамқорлық бұл кез-келген жас адамның парызы ғой…

    — Е,Азамат айналайын, оны түсінетін бала қайда дегендей, қазақы салт-дәстүрдің көбісі мына тау суындай тасқындаған жаhандануға жұтылып бара жатқан жоқ па… Сенің тегің Нұрматов қой? Естуім бар, балам. Сендей сергек балаларымыздың бар екеніне тәуба!

    — Рахмет, аға! Сіздей 11 Олимпиада көрген, 10-15 Азия ойындарына куә болған, 5 бірдей әлемдік футбол чемпионатына куә болған 25-30 әлем, Азия, Еуропа чемпионаттары мен әлем кубогына барған ағаны алақанға салмасақ қай жеріміз қазақ баласы?!- деп күлімдеді Азамат.

    — Мә, сағ-ған, сен менің тарихымды менен де артық біліп отырсың ғой, Азамат. Оларды қайдан оқыдың?

    — Аға, кеше Сіз еліміздің спорт министрімен бірге ұлттық құраманы Ханчжоуға шығарып салу рәсіміне қатысып, сөз сөйледіңіз емес пе…

    — Иә, ондай болды… Ал, сендер де осы үлкен топтың маңызды бір бөлігі екенсіңдер, әңгіме айта отырыңдар.

    — Несіп аға, мына сол жағыңыз бен оң жағыңызда отырғандар да дәрігерлер, солар Ханжоуға жеткенше ішіңізді пыстырмайды. Сол жағыңыздағы жігіт Берік. Ол біздің Спорт медицинасы мен оңалту ұлттық орталығының бөлім бастығы. Беріктен бәрін біліп аласыз. Менің ту сыртыңызда отырып айқайлағаным жөн болмас…

    — А, оның да жөн. Ал, Берік айналайын, құлағым сенде, соқ әңгімені. Мен жаңа ғана Азамат айтқан жарыстарға барған кездерде де спорт медицинасын назардан тыс қалдырған емеспін. Біле білгенге спорттық медицина ол ұлттық команданың мүшелері мен бапкерлерінен бірде бір кем емес сала… Сен де тегіңді айта отыр.

    — Дұрыс айтасыз, ағасы. Азамат бастаған Орталық дәрігерлері бұл Азия ойындарына үлкен топ болып, үлкен дайындықпен келе жатырмыз. Біз тек спортшыларға ғана емес, Қазақстан делегациясының бар мүшесіне көмек беруге дайынбыз! Қазір, мысалы, Ханчжоуға дейінгі ұзақ ұшу кезінде Сіздің денсаулығыңызға да қараймыз. Менің тегім Қыңырбеков Берік болады, аға.

    — Рахмет, айналайындар, егде тартсақ та өзімізді спортшылардай дайындап шықтық бұл сапарға. Маған көмектерің қажет бола қоймас. Бірақ беталыстарыңды құптайтындай екен. Бүкіл делегацияға қанша дәрігерсіңдер?

    — Бізде былай, аға: әр спорт түрінің өз дәрігерлері, оңалтушылары бар. Оған қоса Орталықтың топ дәрігерлері көмекке келуге дайын. Осылардың бәрін қосқанда елуге тарта маман бармыз.

    — Қараларың мол екен. Әлі есімде, біз алғаш Олимпиадаларға барып жүргенде бүкіл делегацияға 3-4-ақ дәрігер еріп жүретін. Бұларың құптарлық қозғалыс. Спорт секілді жарақат дегенің чемпиондықпен қатар жүретін жерде спортшыларымызды үнемі бақылауда ұстаған жөн. Ал, Азия ойындарына аттанардағы жағдай қалай болды, бәрі атар оқтай дайын ба қыз-жігіттердің?

    — Тәуба, ағасы, команда мүшелерінің бәрі оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, сол жерлерде жан-жақты медициналық тексеруден өтті. Барлығы қатарда, жарақат алып, жарысқа шыға алмайды-ау дейтін атлеттер жоқ. Бәрі сапта!

    — О, оларың тамаша, Берікжан! Ал, дәрі-дәрмекті мол қылып алдыңдар ма, қанша дегенмен 524 спортшы бар, делегация тобының саны 800-ге жетеді дейді. Бірер команда Ханчжоуға ерте келіп алды. Бәріне сұрағаны табыла ма?

    — Әрине, Несіп аға, бәрін ойладық, қажет болады-ау деген дәрі-дәрмекті жеткілікті етіп алып келеміз. Аса қажет боп жатса, Қытайыңыздың медицинасы орасан алға кеткен ел ғой, іздегеніміз бұл жерден де табылып қалар…

    — Бәрекелді! Дайындықтарың жан-жақты екен. Алла, қытайларға күнімізді қаратпасын. Жарақат аз болсын, медаль көп болсын!

    — Аузыңыз дуалы ғой, айтқаныңыз келе берсін!

    Азамат та, Берік те бет сипады. Жаратқанға сыйынып, бәрін өзі атқаратын адам баласымыз ғой. Бір сәт адам жанының арашашысы спорттық дәрігерлік салаға да осындай тәрбиелі жігіттердің келгеніне тәуба етіп, Азамат босатып берген орынға жайғасып отырып, ұзақ жолдың шетіне шығуды ойлап кеттім. Ойдан жүйрік не бар, ойым Ханчжоуға жетіп, Қазақстан ұлттық құрама командасы мүшелерінің сап-сау күйінде кескілескен шайқастарға түсіп жатқанын сараптап жатты, ал ұшағымыз әлі ұлан-байтақ Қазақстан шекарасынан әлі кесіп өтпеген де еді…

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    спорт журналисі,  жазушы, спорт қайраткері

    АЛМАТЫ-ХАНЧЖОУ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *